mm
Халықаралық "Қазақстан-Zaman" қоғамдық-саяси газетінің журналисі. Отбасы, білім, мәдениет-өнер бөлімдеріне жауапты.

«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу»

Оқушыларға сапалы білім беру бүгінде  күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәселеге айналғаны рас. Бұл ретте мектепке  ақ парақтың бетіндей болып келген кішкентайлардың жарқын болашағының іргетасын қалайтын бастауыш сынып ұстаздарының еңбегі  орасан зор.

Өйткені мұғалім мен шәкірт арасында тығыз байланыс болғанда ғана ертеңгі күні білікті де білімді, зерек те зерделі жастарымыздың саны артады. Сөзімізге арқау болған қаламыздағы № 167 жалпы білім беретін мектептің 4-сынып оқушылары.
Сыныпта оқу үлгерімі жақсы оқу озаттары, қалалық, республикалық, тіпті халықаралық байқаулардың жеңімпаздары да жоқ емес. Ал олардың екінші аналарындай болып кеткен Ізбасарова Гүлбақыт ұстаздың осы саладағы 42 жылдық ұстаздық еңбегінің жемісі болар, оқушылардың әрқайсысының мінез-құлқын, жеке қасиеті мен қабілет-қарымын бес саусағындай жақсы біледі.
Сырт көзге әскердегідей тәртіп көргендей көрінген балалардың ұқыптылығы мен тазалығына қарап, еріксіз сүйсінесің. Кішкентай болса да, асқақ арман, алдына биік мақсат қойған оқушылар өте көп.
Солардың қатарында Арай Атымтай, Елдана Сұлтанбек, Айғанша Қуанышбек, Амина Қазыбекова, Ақжол Орынбасар, Қуаныш Сұлтанов, Алишер Акбаров, Баласағұн Бөбей, Алтынай Қалиғажы, Аяжан Марат сынды оқушылар болашақта біздің әріптесіміз болуды армандайды екен. Бірі газет, ал енді бірі тележурналист болуды мақсат етіп отыр. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, біз де кішкентайлардың үлкен арманының орындалуына тілекшіміз.

Жұлдыз Әбіл

(94)