Алаш Орданың 100 жылдығы атап өтілді

Жуырда Алматыда Алаш Орданың 100 жылдығын мерекелеу аясында «Алаш Орда және ұлт-азаттық идеясы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Дәл осы күні Алаш қозғалысына арналған салтанатты кеш болып, оған мәдениет пен өнер өкілдері, қоғам қайраткерлері, жастар және басқалары қатысты.
Айтулы шараны ашқан Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек ХХ ғасырдың басында «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің тәуелсіздік үшін күрескенін атап өтті.
«Сол кездегі қазақ интеллигенциясы тәуелсіздікке жетудің стратегиясы мен тактикасын жасауға ұйытқы болды. Алаштықтар өз армандарының орындалатынына сенді және халықты бірлік пен тәуелсіздікке шақырды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында: «18-19 ғасырларда Қазақ хандығы құлағаннан кейін қазақтардың арынды рухы бұрқ етіп сыртқа шығудың әртүрлі жолдарын қарастырды. Сол кезде қазақтарда өз мемлекетін құру үміті тағы да ояна бастады. Алашорданың көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және басқалар болды деп атап өткен еді», — деді Б.Байбек.
«Бүгінгі күні біз ұлттың тағдырына, оның көшбасшылары мен жалпы халыққа әр дәуірдің жүктер міндеті мен талабы әрқилы болып келетінін айқын сезініп жүрміз. Алаш арыстарының асқақ армандарының жүзеге асқанын, Қазақстанның тәуелсіз ел болғанын көру бақыты мына отырған сіздер мен біздің маңдайымызға жазылыпты. Замана көшін айқын сезініп, тарихи мүмкіндікті мейлінше тиімді пайдалануға бағытталған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы сол Алаш қайраткерлерінің көксеген армандарының іске асуының көрінісі, олардың өшкенінің жанғаны», — деп қорытындылады сөзін әкім.

Алматы қаласы
әкімінің баспасөз қызметі

(50)