Әліпбиге әлі әр керек

Латын әліпбиіне көшу бүгінгі күннің өзекті мәселесі болғандығы мәлім. Соған байланысты жуырда Алматыдағы Республикалық ұлттық кітапхана мен Республикалық мемлекеттік кітап палатасының ұйытқы болуымен зиялы қауым өкілдерінің кезекті басқосуы болып өтті. Бұл жиында латын әліпбиінің соңғы ұсынылған нұсқасы талқыланды. Жарыссөзге шығушылар соңғы нұсқаның жетіліп қалғанын, бірақ тәжірибелік тұрғыдан қырнай-жөндей түсетін тұстарының кезігетінін атап өтті. Дөңгелек үстелге қатысушылардың ішінен пікірсайысқа қатысқандар: Кітап палатасының директоры, жазушы Ә.Асқар (жүргізуші), А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бөлім меңгерушісі, ф.ғ.д, З.Базарбаева, ф.ғ.д. Д.Ысқақұлы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас ғылыми қызметкері, жазушы Н.Ақыш, Ә.Қастеев музей-үйінің директоры, суретші Е.Нұразхан, ақындар Ә.Қайырбеков, Қ.Иса, журналист Ғ.Тәшімбаев және қалалық кітапхана өкілдері болды.
Жарыссөздің қызған шағында сөз алған М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас ғылыми қызметкері, жазушы Н.Ақыш:
— Латын әліпбиін қабылдарда қазақ әріптерін компьютерге бағындырудың қажеті жоқ. Ең алдымен төл дыбыстарымызды сақтап қалуға тырысқанымыз жөн. Көмеймен айтылатын «һ» дыбысының өзі қазіргі криллица заманының өзінде-ақ көпе-көрнеу жоғалып барады. Радио-телевидение дикторлары оны «қ» деп айтатын болыпты. Жиі қолданылатын «қ», «ә», «і» тәрізді төл дыбыстарымызға дәйекше немесе сызықша бермей, жеке қолдану керек. Бір әріпті таңбалау үшін компьютердің пернетақтасын екі рет басу еңбек өнімділігін төмендетеді. Бар мүмкіндікті пайдалануымыз керек, — деді.
Дөңгелек үстелде басқа да зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін білдіріп, ойларын қосып отырды. Жиынның қорытындысы латын әліпбиін енгізумен айналысып жатқан тиісті орындарға жолданатын болды.
Е.Қуатбекұлы

(12)