СҚМУ 80 жылдығын тойлады

Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың 80 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Жиынға ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.

Салтанатты жиналыс барысында СҚМУ ректоры Серік Өмірбаев пен Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев сөз сөйлеп, жоғары оқу орнының ұжымын, студенттерді және түлектерді мерейтоймен құттықтады. Ерлан Сағадиев 3 солтүстікқазақстандыққа «Еңбек ардагері» медалін табыс етті. 2 профессор Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгісімен, 2 қызметкер «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, 6 оқытушы «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.
Университет ұжымын мерейтоймен облыс әкімі Құмар Ақсақалов та құттықтады.
«Жоғары оқу орны құрылған күннен бастап еліміздің тарихи дамуымен бірге қайнасып, алдына қойған міндеттерді абыроймен атқарып келе жатыр. Әсіресе, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта университет дамуында жаңа өзгерістер орын алып, Болон процесіне, Университеттердің ұлы хартиясына қосылу арқылы әлемдік білім кеңістігінің интеграциялану процесіне бет түзеді», — деп атап өтті өңір басшысы.
Ұзақ жылғы адал еңбегі, ғылым мен білім саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлауға қосқан зор үлесі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен 6 университет қызметкері марапатталды.
Салтанатты шарада Құмар Ақсақалов Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, осы ЖОО-ның бұрынғы басшысы, өңір университетінің дамуына зор үлес қосқан Ғалымқайыр Мұтановқа «Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағын берді.
Жиында СҚМУ «Ахмет Байтұрсынов атындағы орденімен» марапатталды. Ахмет Байтұрсынов атындағы «Алтын медалі», «Күміс медалі» және «Қола медаліне» бірсыпыра университет оқытушылары ие болды.
Білім және ғылым саласына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Жоғары мектебінің Ұлттық ғылым академиясының медалі де өз иелерін тапты.
Салтанатты жиында Манаш Қозыбаевтың жұбайы Сара Қозыбаева да сөз сөйлеп, студенттерге атаулы стипендиялар табыс етті.
Университеттің 60 шақты студенті мерейтойға арнап флешмоб ұйымдастырды.

(23)