Базардағы бірыңғай баға немесе жергілікті өнімдер неге қымбат?

Елімізде қымбатшылық белең алып тұр. Басқасын былай қойғанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары да уақыт өткен сайын қымбаттап барады. Мысалы, бұдан бірнеше жыл бұрын астықтың келісін 70-80 теңгеден алдық, соған сәйкес ең басты тағамымыз — нан да 50-60 теңгеден болды. Қазіргі уақытта ұнның келісін 130-150 теңгеден, ал нанды 95-100 теңгеден сатып алып жүрміз.

Бір қараған кісіге тамыз айынан бастап, базардағы көкөніс түрлері арзандаған сияқты көрінеді. Бірақ бұл өткен қыс, көктем айларындағы бағамен салыстырғанда ғана. Енді 2-3 айдан кейін көкөніс бағасы қайта қымбаттай бастайды. Биыл жазда базардағы көкөністер бағасы өткен жылғымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болды. Мысалы, қиярдың бір келісі биыл жазда 150-250 теңге арасында сатылды. Былтыр біз қиярдың келісін шілде-тамыз айларында 60-80 теңгеден алғанбыз. Жұрттың ең көп қолданатын жемісі — алма биыл тіпті жоқ. Пісетін мезгілдің өзінде алманың келісі базар сөрелерінде 300-350 теңгеден, ал дүкендерде 450-500 теңгеден сатылды. Қазір де алма бағасы осы шамада. Мұның өзі көршілес облыстардан және Ресей, Өзбекстан, Молдавия секілді алыс-жақын шетелдерден жеткізілген алмалар. Ал картоптың келісі тамыз айында 90-100 теңге болды, былтыр осындай уақытта көкөністің бұл түрін 50-60 теңгеден сатып алғанымыз есімде. Былтыр пияз да шамамен осындай бағамен сатылды. Биыл жиын-терім аяқталмай жатып, қазан айының өзінде картоп бағасы 120-130 болып тұр. Қыс айында тағамға ең жиі қолданылатын картоп пен пияздың бағасы былтырғыдай тағы шарықтап кетпесіне кім кепіл? Еттің келісін өткен жылы, оның алдыңғы жылдары базарға ертелетіп барып, 750-800 теңгеден сатып алушы едік. Биыл еттің бағасы да шарықтап кетті. Таза сиыр еті 1700 теңге болса, сүйек араласқан қабырға, омыртқа, төс еттері 1500 теңгеден. Қой еті қыс айында 800-850 теңгеден болып еді, дәл қазіргі уақытта 1 100-1200 теңгеден бір-ақ шықты. Былтырдан бері шәй да қымбаттады. Өткен жылдары бір қорап шәйді (200 грамдық) 250-300 теңгеге сатып алсақ, былтыр оның құны 400-500 теңге, биыл 600-700 теңгеге жетті. Өңірімізде астық өнімдерін өндірумен айналысатын «Желаев» астық өндіру комбинаты бағаны әзірге шектеп ұстап отырғанын атап көрсеткеніміз жөн. Осы себепті өңірімізден шығатын ұн мен рожки, вермишель және басқа да астық өнімдерінің бағасы әзірге аса қымбат емес. Бір келі астық құны 150-170 теңге шамасында, рожки, вермишель де осы шамада. Халық жергілікті кәсіпкерлердің астық өнімдерінің бағасын тұрақты ұстап тұрғандарына дән разы. Сондай-ақ, бұл жағдай өңірімізде азық-түлік бағасы тұрақты деуге негіз болып отыр.

Өз өнімдеріміз
неге қымбат?

Биыл жаңа жылдан кейін көкөніс бағасы еліміз бойынша қатты қымбаттағаны естеріңізде шығар. Басқасы басқа, екінші нан саналатын картоптың келісі 300 теңге болды. Мұны сала мамандары елімізде көкөніс сақтайтын салқындатқышы бар заманауи қоймалардың жетіспеушілігімен байланыстырды. Олардың сөзінше, шаруалар нақ осы себептен күзде жинаған көкөніс өнімдерін қоймаларында ұзақ уақыт сақтай алмай, көктемге дейін сатып бітіруге тырысады екен. Көктемге салым, яғни жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында көкөніс түрлерінің қатты қымбаттап кететін себебі осы көрінеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін жеткілікті түрде сатып алатын тұрақтандыру қорлары базарларда әрқашан сіресіп тұратын көкөніс түрлеріне биыл онша алаңдамаса керек. Нәтижесінде ақпан айынан бастап картоп, пияз, қырыққабат және тағы басқа да көкөніс түрлерінің бағасы аспандап кетті. Мұның қарапайым халықтың қалтасына ауыр соққаны жасырын емес. Осындай жағдай биыл да қайталанбаса екен дейміз. Қымбатшылықтың тағы бір себебі, шетелдерден тасымалданатын азық-түлік тағамдарына жол шығыны мен оны саудаға шығару шығындары қосылады екен. Сөйтіп, олардың бағасы өзінің нақты бағасынан әжептәуір көп болады. Ал мұның өз кезегінде елімізде, тіпті өз өңірімізде шығатын азық-түлік пен көкөніс түрлерінің бағасына әсері зор. Өйткені жергілікті өнім өндірушілер ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын нарықтық бағаға сәйкес қалыптастырады екен. Мұны біз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері берген (10.08.2017 ж. №9-23-3-Т-F-175) мәліметтен алдық. Бұған қоса, заттардың қымбаттауына доллар бағамының көтерілуі де әжептәуір себепші болып тұр.

Өңірімізге 18,8 мың
тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері келген

Қымбатшылықтың ең негізгі себебі елде азық-түліктің жетіспеуінен болады. Құдай оның бетін әрмен қылсын, біздің өңірімізде әзірге ондай қауіп жоқ. Шаруалардың азық-түлік өнімдері мен көкөніс түрлерін көптеп өндіріп жатқанын сала мамандары беріп жатқан есептерден көріп те, естіп те жүрміз. Мысалы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері берген мәлімет бойынша облыс бойынша биыл 3 900 га алқапқа картоп дақылы отырғызылған. Облыс халқының картопқа деген қажеттілігі 60,5 мың тонна болса, биыл отырғызылған картоптан 55,4 мың тонна мөлшерінде өнім алынады деп күтілуде. Картоптың жетіспейтін қалған мөлшері көршілес шет мемлекеттер мен еліміздің оңтүстік аймақтарынан жеткізіледі. Ағымдағы жылы 3 500 га алқапқа көкөніс дақылдары отырғызылды. Облыс халқының көкөніс дақылдарына қажеттілігі 51,5 мың тоннаны құрайды, соның ішінде 12,8 мың тонна сәбіз, 3,2 мың тонна қияр, 3,2 мың тонна қызанақ, 16 мың тонна қырыққабат қажет. Биыл 56,0 мың тонна көкөніс өнімін алу көзделуде. Қазан айының ортасына жақындап қалса да, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері биыл жиналған көкөніс мөлшері жөнінде айта алмай отыр, өйткені өңірімізде бақшашылар өнімдерін әлі жинап жатқан көрінеді. Егер биыл жоспарланған мөлшердегідей өнім жинап алсақ, өңір халқы көкөніспен толықтай қамтамасыз етіледі деп айтуға болады. Бұдан басқа облыс тұрғындарын маусымаралық жаңа піскен көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін облыста жалпы аумағы 54 079 м2 құрайтын 87 жылыжай бар. Олардан бірінші дақылайналымда 297,1 тонна балғын көкөніс өнімдері алынса, екінші дақылайналымда да осы көлемде көкөніс өнімдері алынады деп күтілуде. Басқарма мамандарының айтуынша, өңірімізден шетелдерге жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері шығарылмайды. Керісінше, облыс көлеміне шеттен әкелінетін көкөніс түрі көп. Мұны біз күнделікті өмірде көріп жүрміз. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, шетелдерден өңірімізге ағымдағы жылдың 10 тамызына дейін 18,8 мың тонна жеміс-жидек және көкөніс өнімдері келген. Бұлардың қожайындары жол және сату шығындарын есептеп, өнімдеріне әжептәуір жоғары баға қояды. Бұған қарап, жергілікті шаруалар да маңдай терімен келген өнімдерін арзанға бергісі келмейді. Сөйтіп, алыстан арбаланбаса да, жергілікті өнімдерді шетелден тасымалданған өнімдермен бірдей хаққа сатып аламыз. Базардағы бірыңғай бағаның басты себебі, міне, осы екен…
Жоғарыдағы мәліметке сенсек, облыс халқының көкөніске деген қажеттілігін өзіміздің жергілікті шаруалар толықтай қамтамасыз ете алады. Бірақ сауда орындарында сырттан әкелінген өнімдердің де жақсы өтетінін көріп жүрміз…

Әлеуметтік дүкендер қайта ашылса…

Сала мамандары, сондай-ақ, жылыжайларда өсірілген дақылдар үшін 2015 жылы 8,2 млн. теңге, 2016 жылы 10,2 млн. теңге субсидия төленгенін мәлімдеді. Олардың сөзінше, қазіргі уақытта аталған бағдарлама аясында жылыжайларда өсірілген дақылдарға субсидия төлеу үшін 12,2 млн. теңге қаржыға облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына бюджеттік өтінім жолданған. Көрдіңіздер ме, мемлекет бақшашыларға қаншама қамқорлық жасап отыр? Олар мемлекеттің қолдауының арқасында шаруаларын кеңейтіп, тұрмыс-жайларын жақсартып алды. Ал олардан мемлекетке қандай көмек бар? Қазақ «Береген қолым алаған» дейді. Мемлекет шаруаларға бар жағдайды жасап отыр. Осыған орай, шаруалар да мемлекетке қолдау жасап, халыққа, ең болмаса, жағдайы төмен отбасыларға өнімдерін арзан бағамен ұсынса дейміз. Ол үшін 2008 жылдары еліміз бойынша қолға алынған әлеуметтік дүкендер желісін қайта жаңғырту керек. Алғашында жап-жақсы жұмыс істеген бұл жоба уақыт өте келе ортаға делдалдардың түсуіне байланысты тоқтап қалды. Делдалдар арзан дүкендерге әкелінетін тауарларға араласып, оларға қымбатынан ұсынды да, әлеуметтік дүкендердің кәдімгі коммерциялық дүкендерден еш айырмашылығы болмай қалды. Сөйтіп, бұл жоба орта жолда тоқтап қалған болатын. Біз осы мақаланы жазар алдында «осы біледі-ау» деген бірқатар мекемелерге әлеуметтік дүкендер жөнінде сұрау салып, қоңырау шалып көргенбіз. Олардың барлығы да бірауыздан мұндай дүкендер жайлы білмейтіндерін жеткізді.

Алыпсатарлар
пайдаланып жүр ме?

Елімізде 2011 жылы құрылып, жұмыс істей бастаған тұрақтандыру қорларын қымбатшылықтың алдын алу немесе әлеуметтік азық-түліктің бағасын реттеудің тағы бір тәсілі десек те болады. Өйткені аталған қорлар жыл сайын Үкімет бекіткен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тізім бойынша шаруалардан сатып алып, азық-түлік жеткіліксіздігі кезінде қолжетімді бағамен сатылымға шығаруда. Сөйтіп, бағаның шектен тыс өсуіне жол бермеуде. Тұрақтандыру қоры біздің өңірімізде де бар. Бұл қор былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерден 100 мың литр күнбағыс майын, 150 тонна пияз, 205 тонна І сұрыпты астық, 272 тонна қант сатып алып, аталған өнімдерді арзан бағамен халыққа ұсынды. Пияздың бағасы қалыпты деп саналып, оған бөлінген қаражат кері қайтарылды. Биыл аталған қор былтырғы жағдайды қаперде ұстап, 1000 тонна картоп және 200 тонна пияз, барлығы 1200 тонна көлемінде көкөніс өнімдерін сатып алмақшы. Қазіргі таңда облыс әкімінің және комиссияның шешіміне сәйкес тауар интервенциясы жүргізілуде. Бұл ретте І сұрыпты бидай ұнының келісі 90 теңгеден, күнбағыс майының литрі 315 теңгеден және қанттың келісі 220 теңгеден белгіленді. Бүгінде аталған өнімдерді халыққа ұсынатын 16 жергілікті кәсіпкер анықталды. Бұдан басқа апта сайын өткізілетін азық-түлік жәрмеңкесі де халыққа тиімді болып тұр. Тұрақтылық қорындағы азық-түлік өнімдері осындай жәрмеңкелерде арзан бағамен халыққа ұсынылып, әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарларының қымбаттап кетпеуіне ықпал етуде.

«Көрпемізге қарап көсілейік…»

Әдетте, қымбатшылық туралы әңгіме қозғалғанда, «Бағаны реттеуге бола ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Мақаланы даярлау барысында осы сұрақты Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті өкілдеріне біз де қойдық. Сөйтсек, аталған мекеменің негізгі міндеті, өзінің аты айтып тұрғандай, табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау екен. Яғни бағаны реттеу бұл мекеменің құзырына кірмейді. Департамент қызметкерлері тек мемлекеттік монополия саласына жатқызылған қызметті бақылау мен реттеуді және өзге де арнайы атқарушылық, рұқсат ету және бақылау функцияларын жүзеге асырады. Бұл бағытта мекеме қызметкерлері 2016 жылы 9 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекетерді, оның ішінде ұн, қарақұмық жармасы және қант бағасын белгілеу және ұстап тұру фактісі бойынша үш тергеп-тексеру жұмысын жүргізген. Тергеу қорытындысы бойынша нарық субъектілері айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың монополиялық кірістері тәркіленген. Департамент өкілдерінің мәлімдеуінше (31.08.2017 ж. №3Т-Ж-129 жауапхат бойынша), ағымдағы жылы ет және көкөніс өнімдері нарығына талдамалық шолу жасалып, қорытындысы бойынша екі базар әкімшілігі әрекетінен бәсекелестікті қорғау саласындағы заңбұзушылық әрекеті табылған. Қазіргі кезде қант сату нарығына талдау жүргізілуде. Департамент бұдан басқа монополияға қарсы заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарығының жағдайы мен бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Департаментке азық-түлік бағасына қатысты заңды және жеке тұлғалардан 2015 жылы 2 өтініш, 2016 жылы 3 өтініш және осы жылдың өткен кезеңінде 3 өтініш келіп түскен. Бұл бағытта департамент қызметкерлері заң аясында жұмыс жүргізген.
Бір сөзбен айтқанда, күн сайын шарықтап бара жатқан бағаны құрықтайтын «құдіретті күш» әзірге жоқ. Сондықтан қолда барды үнемдеп ұстап, «көрпемізге қарап көсілгеніміз» жөн болар. Қаласақ та, қаламасақ та, нарықтың заңы осындай…
Айша Өтебәлі

(40)