mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Футбол: «Астана» «Маккаби»-ді тас-талқан етті

Футболдан Еуропа лигасы топтық кезеңінің үшінші турында Елорданың «Астана» командасы өз алаңында Израильдің «Маккаби Тель-Авив»-ін қабылдап, қарсыласын 4:0 есебімен ойсырата ұтты. Қос команда ойынды сақтықпен бастап, алғашқы минуттарда ширақ шабуылдар мен қауіпті сәттер көп бола қойған жоқ. 32 минутта «Маккаби» ойыншылары ереже бұзып, бас төреші Сергей Бойко айып соққысын белгіледі. Патрик Твумаси тепкен доп жартылай қорғаушы Дор Перецтің қолына тиіп, төреші дереу қонақтар қақпасына пенальти соққысын белгіледі. 11 метрлік нүктеден Патрик Твумаси мүлт кеткен жоқ. 42 минутта Дмитрий Шомконың әуелете асырған пасына Патрик Твумаси бірінші жетіп, ойындағы екінші голын соқты. Екінші тайм басталған тұста Джуниор Кабананга Придраг Райкович қақпасынан саңлау тауып, үшінші рет допты қақпа торында тулатты. Осыдан кейін тағы да 5 минут уақыт өткеннен кейін Дмитрий Шомко бірнеше ойыншыны алдап өтіп, Кабанангаға сәтті пас берді. Шабуылшының шірене тепкен добына қақпашы тосқауыл қоя алмай, астаналықтар төртінші рет доп соқты. Бұдан кейін астаналықтар инерциямен бірнеше шабуыл ұйымдастырғанмен, соққылар бірде аутқа, бірде қақпашы қолынан табылып, есеп өзгермеді. Десе де, ойынды тамашалауға келген жанкүйерлер осы нәтиженің өзіне қатты қуанды, өйткені, үш ойын қорытындысы бойынша «Астана» 4 ұпаймен көш басына шықты. Дегенмен, осы топта ойнайтын «Вильярреал» (Испания) мен «Славия Прага» (Чехия) командаларында да 4 ұпайдан барын ескерсек, негізгі тартыстар әлі алда деуге болады. Бірақ, осы жолғы жеңіс «Астананың» сенімін арттырып, топтан үздік шығу мүмкіндігін арттырғандай болды. Қазақстандық команданың басты табысы да осы деу абзал.

(2)