Жайық өңірінің бір топ жас ақындарының өлеңдер топтамасы

Ақжайық өңірі дарынды тұлғалардан еш уақытта кенде болмаған. Дәулескер күйші Құрманғазыны, ғажайып әнші Ғарифолланы, қайсар жазушы Хамзаны, ақиық ақын Жұбанды дүниеге әкелген батыс өңірінде өнерлі жандар қазір де қаулап өсіп келеді. Бүгінгі арнайы бет арқылы біз газет оқырмандарын Жайық өңірінің бір топ жас ақындарымен таныстыруды жөн көрдік.  Ақжайықтың ақ қанат ақындарына ақ жол тілейміз.

Исламғали Айбол Саматұлы 1993 жылы 30 қарашада Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы (бұрынғы Тайпақ ауданы) Жұбан Молдағалиев ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін тамамдаған. Қазір Алматы қаласында тұрады.
«Атыңнан айналайын, Қазақ қызы!» атты республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпазы. Халықаралық «Шабыт» фестивалiнiң Ермұрат Зейiпхан атындағы арнайы жүлдеciнiң иегерi. Республикалық Махамбет оқуларының 2 орын жүлдегері, Республикалық «Мен жастарға сенемін» атты ақындар мүшәйрасының 2-орын жүлдегері, Республикалық Қадыр Мырза Әли атындағы мүшәйраның дипломанты, Республикалық «Көктем бүрлері» жыр-мүшәйрасының лауреаты, 3-орын жүлдегері, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы арнайы сыйлықтың иегері, «Көктемгі идиллия» жыр жинағының авторы. Өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Ақжелкен», «Ұлан», «Алаш айнасы», «Тұмар» секілді газет-журналдарда жарияланып, «Жайық жырлайды», «Жезқоңырау» атты жыр-альманахтарына енген.

Мен Ташкентте өлер ем – Алматы бар,
Тек мен ғана түсінем ол қаланы…
Есенғали Раушанов

Олар да Алматыны түсінбей ме,
Түсінбесе, болады қандай ақын?!
Хамит Есаман

 

Сен ғана ма ең түсінер бұл қаланы,
Көктем де өткен,
қашанғы ол мұңданады?!
Достарға айттым…
Сырада басым қалғыр,
Құстарға айттым, — олар да тыңдамады…

Құстар, құстар, адалдық серті ме едің?!
Көктің саған бұйырған көркі керім.
Көктем келе күтіп ем, (кеще басым),
Сары шалдың қасында мен кім едім?!

Көше жатыр адасқан ұлға күліп,
Ақын.
Өлең.
Теректер тұрған ұлып…
Кімдер енді қалады бұл маңайда,
Кімдер енді келеді?
жылдағы үміт…

Бірі көшін таба алмай, (бірің — шешім),
Қарға досқа, қайтейін, ұрынса өшім…
Қай даланың қаламыз жерін құшып,
Қай көктемнің оқимыз жырын сосын…

Ару қалар еске алып бақтарды әлгі,
Қайғысымен қарыған ақпан қарды.
Сосын, сосын сыр айтып масаң түнге,
Отырарсың шығарып жоқтан барды.

Несі қалды өткеннің парқын білмек?!
Алдың — құрмет, көргенің, артың — дүрмек.
…Біз кетерміз өмірдің бұлдап көшін,
Әділетсіз қаланың салтын күндеп…

Із

Кеудемізден жасыл қанат сөз саулап,
сүрмелі көздердің ішінде өртенді.
…Қиялда Версальды тербеткен мың гүлзар.
Даланы жалғыздық көмкерді.

Жалғыздық емексіп, өрекпіп,
Ауада қалқыған өксіктің соңынан еруге асығар.
Кенет.
Күт.
Қорқыныш төгіліп қылқалам ұшынан
Адасқан қиялдың ішінде қан болып жосылар.

Әуейі желдерден ұшындық,
Әулекі бұлттардан ұшындық,
Содан соң…

Үй Елесі жанымызды түске орап,
Бақидың суреттерінен үзілген
Қып-қызыл отқа сіңді.
Экран ішінде Эвтерпа зарығып,
Жанарында әкетті жоқ ғасырды.

Түн күлді тасадан,
Түн күлді тасадан
Құсни xаттарды ұшырып
Жетім Үркердің қолымен.
Іргеден естілген көрбілте шақтардың үнінде
Маңдайымдағы жазуды көшірмек болды өлі дем.

…Жаураған аспанның көзі ісіп,
Мұңды мелодиядан оянған үйдің шатырын
тоқтаусыз қақты.
Есік алдында ақ қанат көгершін,
Бер жағында көлеңке сұлап жатты…

«Қош» дей алмай,
Жетім ойларды құшаққа ап,
Көнерген кітаптай түледім.
Ал кейін
Қабырғада гүлдеген үрейдің
қабағында қатып қалғанымды
білемін.

Үрке қарадық кімге?
Үрке қарадық неге?

…Қара ағаштың қауырсындары шашылып,
Жер ауыр күрсінді,
Мен де ауыр күрсіндім.
Сәби тұрды терезеге асылып,
Жол ауыр күрсінді.
Мен де ауыр күрсіндім…

***
Кешіріммен қараңызшы сіз маған,
Кешіріммен қараңызшы, ізгі адам!
Мен көктеммен жылап тұрып қоштасқам,
Қиын емес шығар бірақ күзге одан.

Қиын емес шығар солай аспанға,
Ол да енді сене алмайды дастанға.
…Ол да енді өзіңіздей өкпелеп,
Көңіл іздеп жүрер ме екен бос қалған?!

Кешегіден жеткен сол бір жұрнақтың,
Құпиясын қара түнге ұрлаттым.
Мүлде бөтен бульварлардың ішінен
Сізді көрдім,
жүзді көрдім жұмбақ тым!

Сізді көрдім,
кенет бәрі үнсіз қап,
Жүрегімнің түкпірінде мұң сыздап,
Түсінгендей болды білем теректер,
Түсінгендей болды білем ымсыз бақ.

Жаңбыр содан тоқтай алмай тұр ма екен,
Өткен күнді жоқтай алмай тұр ма екен?!
Кенет көкке бақ таярдай тұр ма екен,
Қуанышын сақтай алмай тұр ма екен?!

Мен ғажайып қызды көрем түсімде,
Бір әуендер төгіледі ішімнен.
Эx, сол сәтте сізді құшсам дейді екем,
Қиянатшыл сезімдерім үшін де.

Сізді құшып, тазаратын шығармын,
Тәңірімнен жаза алатын шығармын.
Өктемдікке төзе алатын шығармын,
Өкпеңізді сезе алатын шығармын.

Артыңыздан еріп кетсем со шақта,
Кеудемдегі көп күмәнді қосақтап.
Бірақ қалай көнер екем жоққа мен,
Сенер екем түстеріме осы аппақ?!

Қошеметті өз қолыммен көмсем ғой,
Күллі ғалам жылағанын көрсем ғой.
Ең аяулы мезеттерді есіме ап,
Періштеге күліп қарап өлсем ғой!

Кешіріммен қараңызшы, сіз маған,
Кешіріммен қараңызшы, ізгі адам!
Мен көктеммен жылап тұрып қоштасқам,
Қиын емес шығар бірақ күзге одан…

Түн кешу

Жолдан сабыр сұрадым, құстан — қанат,
Жылағанда төбемнен мыстан қарап.
Жанарымнан жұлдыздар төгіледі
Қара түннің кеудесін құшқанда алап…

Еміреніп, егіліп көл толқиды,
Тебіреніп, төгіліп жел толқиды.
Есірік күй еңсемді езгілесе,
Өршіленіп өрлеуіт бел толқиды.

Жалдамшы боп шығардай жаным сонда,
Алдамшы боп тұрардай сағым сонда.
Бір ғажайып сәуленің жоғалды ізі,
Үмітімді, қайтейін, шағылса ол да.

Үзілмеген түстерден таптым медет,
Гүл еркелеп, ішінде бақ гүлдеп ед(і).
Көлеңкеме қолымды созып тұрып,
Обалымның отына баттым кенет.

Бетін жапқым келді ме күнәлі ойдың,
Бетім шаққың келді ме жыланы ойдың?!
Мынау шексіз ғаламның тақсіретін
Таспасына тағдырдың жылап ойдым.

Қайтара алмай аспанның жасын, отын.
Күрсініс боп төгілер қасіретім.
Мінәжатын оқимын сынған айдың
Жалғанбаған жолдардың басып өтін.

Сосын мені көтеріп дүрия аспан,
Табанымнан түрткілер дүлей асқан.
Сорлы ақынның маңдайын күнге таңып,
Қойынына әкетер дүния астам.

Алагөбе шақ келер Арды байлап,
(Алауыз таң тап келер қарғы байлап.)
Арманымды Хақ көрер сонда менің,
«жалғыздығын отырған қалғып-ойлап…»

***
Мен сені күтемін
тыныштық ауғанда қалаға,
тыныштық ауғанда бөлмеме.
Бір үміт өшкенде санада,
Бір үміт жатқанда көлденең.

Жалыққан көздердің ішінде,
Ескірген жазбаның бетінде,
Қалғыған аспанның түсінде,
Қайғырған маусымның өтінде.

Есінен адасқан жолдарда,
Ұзаған сәуленің ұшында.
Гүлдері жылаған қорғанда,
Сәттердің тоқтаған тұсында.

Өртенген жапырақ демінде,
Жыртылған қағаздың қалпында.
Ойларым ораса кебінге,
Өксігім тірелсе алқымға…

Сен бе едің жанымды алатын,
Сен бе едің шақырған төбемде?
Көзімді сипаған қанатың
Айналып кетер ме өлеңге?

Қайғы алып кетер ме кәрі аспан,
Баянсыз көктемді мүсіркеп?
Қартайған ойлармен таласқан
Көңілді жазғырдым құсүркек.

Жазғырдым жүректің зар-мұңың
шамдарын өпкенде көшенің.
Қалыпсыз үндердің барлығын
жауынның астына төседім.

Жауынның тілінде жаздым мен,
Жауынның тілінде жаздым мен…

Ида

Қайғыруды ұмытқан, гүл алуды білмеген,
Ида, сенің көзіңде өмірді ойлап тұрды өлең.
Мына ғалам ертегі оқып тұрса бір қызға,
Сен де аспан, қызғанған айналарсың жұлдызға,
Мен де солай елеусіз естелікпен бірге өлем.

Ида,
Ида,
Қайда еркім?
Ессіз бола алар ма екен мұнша адам?!
Көлеңкемдей жасырып жүр ай көркін,
Аяулым-ау,
Күн жыласа,
жыр саған,
Түн жыласа,
жыр саған…

Не күтейін қадірі жоқ ісімнен?
Тағы қайтып сезімдерді жұтты үміт.
(Тұрар ма едің көк тұманның ішінде
Бұл ғаламға әділдікті ұқтырып?)

О, Ұлығым,
Қайтар енді жанымды,
Ақ гүлдерге орап бер де шашылған…
Соның үшін көктен жеткен әр үнді
Көбелектің жүрегіне жасырғам.

Іңкәрлікті сезіне алар шақ бар ма?
Өмір деген — Ида, сондай күпті ілім.
Жапырақтар жылап жатқан бақтарда,
Уақыттың тоқтағанын күтті кім?..

 

Ғинаят Жанерке Мерекеқызы 1996 жылы 24 ақпанда БҚО, Зеленов ауданы, Факел ауылында дүниеге келген. 2002 жылы Подxоз негізгі мектебінің табалдырығын аттап, 2011 жылы аталмыш мектеп түлегі атанды. Осы жылы М.Өтемісов атындағы БҚМУ колледжіне оқуға түсіп, «Математика мұғалімі» мамандығын алып шықты. Қазіргі таңда аталмыш оқу орнында «Филология: қазақ тілі» мамандығы бойынша білімін жалғастыруда. Облыстық, республикалық жыр сайыстарының жүлдегері.

Эмпатия

Тағдырыңменен таласып іштім бір уды,
Жыртық жанымның жарасы сыздап,
жасы үдеп,
Жанар түбіне жасырын тұнған жылуды
Мойындамауым — лағынет,
Мойындауым да қасірет.
Кеш мені ессіз ерегескенім үшін де,
Жанарым үшін жұтаң қайғыға жаутаңы аз.
Тұманын жұтқан түнек болмысың ішінде
Қалуға тағы шамам жоқ,
Кетуге тағы қауқар аз.
Күйдіріп кетер күйініш қаузап үлгердім,
Сорына батып сорлаған жалғыз
мен — елес.
Өксігін жұтар өкініш тұнған түндердің
Куәгері де сен болма,
Күнәhары да сен емес!
Безілдеуіне бейпілдігіңнің жүгіне,
Дімкәс көңілім табан астына таңылды.
Тұнық қайғыңмен қорғап қал түпсіздігіңе
Байланып қалған жүректі,
Ілініп қалған жанымды.
Сен Аспанның жылағанын көрдің бе,
Кемсеңдетіп иегін,
Қабағынан қайғы жауып Жердің де,
Сәл аяңдап, маңдайынан сүйерін?…
Сен Бақыттың жылағанын көрдің бе,
Болмашыға тым сынып,
Мезеттердің тағдырдан да өр мүлде
Тұманына тұншығып?..
Сен Өлеңнің жылағанын көрдің бе,
Сезімді ішер у қылып,
Ақтарарын біле де алмай шер кімге,
Көкіректе булығып?..
Көздерімнің жылағанын көрдің бе,
Күлге айналып өр демім,
Біле де алмай бағым кімнен, сор кімнен?..
…Ол — жанымды көргенің.
…Бәрі-бәрі жылайды екен, көрдің бе,
Ал мен тым көп жылаймын.
Көздің жасы — жаратылған мөлдірден
Мейірімі Құдайдың.

Меланxолия

Кеудеме қарай құйылған сезінем сеңді,
Сезім бе, дерт пе құрсаған?
Шаhaрдың түні жіберді езіп еңсемді
Кімдерге, не деп мұң шағам?
Өксиді қараң ғұмырым ала таңды аттай,
Сүрмесін білмей сүрерін,
Аласұрғанда жалғаннан алақан таппай
Жанымның сипар жүрегін.
Мен әлде өзімнен осылай жерінемін бе,
Жасымды сүрте алмасам?
Жалғыздығымның сыя алмай
шегіне мүлде
Жалғыздығыңа жармасам.
Гүлден де нәзік сертімнің мазасы шер ме,
Қасіреттерден ем сұрар?
Қаталдығымның бар болса жазасы
Жерде Сен шығар.

Утопия
Жанарымнан түн құлап,
Мөлтек сәттер көз алдымнан көшеді,
Тоқтатуға дәрменім жоқ бес елі,
Көзім алды бұлдырап
Тәңірімнен азабымды дұға
қылдым кешегі…

…Сен өмір ең маған шын,
Ал қазір ше? Жүрегіме ие мұң,
Мен мұңды да өлеңімше сүйемін.
Сен бәріне адалсың,
Маған адал емесіңнен күйемін.

Өзегімде бәрі удың,
Кеуде керген күйінішпен алам дем,
Арқамдағы зіл батпандай наламмен,
Дүниеде зәрумін
Тынысымдай саған мен.

Сағыныш па ең, сағым ба ең?
Мендей сенің шеріңді ұғып, білер кім?
Сендей менің шерімді ұғып, білер кім?…
…Жазмышыңда өлгенше өмір сүрермін.
Ал әзірге…
Жаныңды орап жаныммен,
Жүрегіңді бұлтқа байлап жібердім…

 

Нұртай Текебаев 1988 жылы Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Күйгенкөл ауылында дүниеге келген. 2009 жылы М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін тамамдап, Ақоба ауылындағы Х. Халилуллин атындағы мектепте еңбек жолын бастады. 2013 жылы Жәнібек аудандық газеті редакциясында тілші қызметін атқарды. 2015 жылдан бері облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі. Өлең жазуды бала күнінен бастаған. Ж.Досмұхаммедовтің 100 жылдығына, ақын Қ. Жұмағалиевтің 75 жылдығына байланысты өткен республикалық-аймақтық мүшәйралардың жүлдегері. 2016 жылы журналистер арасында ұйымдастырылған «Тіл мен тілші» облыстық байқауының жеңімпазы.

Анаға сыр

Ана!
Әппақ армандарымның қанатын жалғаған,
Балаларының бақытына бар ғұмырын арнаған.
Жүрек лүпілімен ұйытқан ақ сүтіңнің уызы
Дарымаса тәніме, тірлігімде бар ма мән?

Ақ сүтіңмен қасиет сіңген бойға Ар атты,
Мейірім тұнған жанарың оятқан жігер, талапты.
Азамат мына атанған қарагөз ұлың едім ғой,
Күмбірлетіп жыр төккен күй-көкірек шанақты.

Алақанының аясымен жарты әлемді қаусырған,
Ақ деміңмен алғашқы тірлік тынысы аршылған.
«Құлыным-ау» дегенде жұлдыздар
сау-сау төгіліп,
Жүректің сыры қалайша көңілімде таусылған.

Мөлдір шық кейде домалап кететін еді кірпіктен,
Қамығып көз жасыңды алсам деп ептеп сүртіп мен
Ұмтылғаныммен бара алмай, ойға оңаша бекігем,
«Бақытты етем… түбінде,
азамат болсам ту тіккен!»

Ана тілім ырысым деп, тағдырын ойлап толғанам,
Қазақпын, мақтан тұтамын, кең жайлау анау
Ел маған.
Ұлан-байтақ жер егесі ұлттың асыл мұратын
Жандандырсам деген жүректі сыйлапсың,
ана, сен маған.

Ана десе, асқар тау қалтқысыз мүлгіп сыр тыңдар,
Кіндіктен бүкіл сезімге байланған
жұмбақ бір қыл бар.
Аяғыңызға оралып, қызмет етейін,
қадірлім,
Өзіңмен бірге кіретін табан ізіңде
жұмақ кілті бар.

Пейілің аппақ еміренген, басылар
көкей пернесі,
Өлеңімнің жөргегінен ізгілік сәуле іздеші.
«Жан жарасын тілімдеп өткен
өмір бойына
Анам бақытты болса екен!»
…Тең келер ме өзгесі?
Құбыла

Жаһанда аламыз да жаттан үлгі
Танымай өтеміз біз Хақ Тәңірді.
Ей, Алла, пейілімді ағарт, пендеңді кеш,
Қуыс кеуде ішіндегі сақта нұрды.

Өзімше кейде мен де өзеуреймін,
Көңілімнің үркітіп жез киігін.
Соншалықты күмәнға бой алдырып,
Жақсылықтан қалайша тез тыйылдым.

Өзгеріп өңімнің кетті реңі,
Рақмет самалының жетті лебі.
Күн мен түнді ауыстырып жатасың-ау,
Адамның жұдырықтай ет жүрегі.

Бұлбұлдар сайрайды әркез гүл аңсаумен,
Кеудемді тілгіледі Құран-сәулем.
Құныққан жебірлерге жем болмауға,
Құбыламды түзейін таңсәріден.

Анаға сыр

Ана!
Әппақ армандарымның қанатын жалғаған,
Балаларының бақытына бар ғұмырын арнаған.
Жүрек лүпілімен ұйытқан ақ сүтіңнің уызы
Дарымаса тәніме, тірлігімде бар ма мән?

Ақ сүтіңмен қасиет сіңген бойға Ар атты,
Мейірім тұнған жанарың оятқан жігер, талапты.
Азамат мына атанған қарагөз ұлың едім ғой,
Күмбірлетіп жыр төккен күй-көкірек шанақты.

Алақанының аясымен жарты әлемді қаусырған,
Ақ деміңмен алғашқы тірлік тынысы аршылған.
«Құлыным-ау» дегенде жұлдыздар
сау-сау төгіліп,
Жүректің сыры қалайша көңілімде таусылған.

Мөлдір шық кейде домалап кететін еді кірпіктен,
Қамығып көз жасыңды алсам деп ептеп сүртіп мен
Ұмтылғаныммен бара алмай, ойға оңаша бекігем,
«Бақытты етем… түбінде,
азамат болсам ту тіккен!»

Ана тілім ырысым деп, тағдырын ойлап толғанам,
Қазақпын, мақтан тұтамын, кең жайлау анау
Ел маған.
Ұлан-байтақ жер егесі ұлттың асыл мұратын
Жандандырсам деген жүректі сыйлапсың,
ана, сен маған.

Ана десе, асқар тау қалтқысыз мүлгіп сыр тыңдар,
Кіндіктен бүкіл сезімге байланған
жұмбақ бір қыл бар.
Аяғыңызға оралып, қызмет етейін,
қадірлім,
Өзіңмен бірге кіретін табан ізіңде
жұмақ кілті бар.

Пейілің аппақ еміренген, басылар
көкей пернесі,
Өлеңімнің жөргегінен ізгілік сәуле іздеші.
«Жан жарасын тілімдеп өткен
өмір бойына
Анам бақытты болса екен!»
…Тең келер ме өзгесі?
Құбыла

Жаһанда аламыз да жаттан үлгі
Танымай өтеміз біз Хақ Тәңірді.
Ей, Алла, пейілімді ағарт, пендеңді кеш,
Қуыс кеуде ішіндегі сақта нұрды.

Өзімше кейде мен де өзеуреймін,
Көңілімнің үркітіп жез киігін.
Соншалықты күмәнға бой алдырып,
Жақсылықтан қалайша тез тыйылдым.

Өзгеріп өңімнің кетті реңі,
Рақмет самалының жетті лебі.
Күн мен түнді ауыстырып жатасың-ау,
Адамның жұдырықтай ет жүрегі.

Бұлбұлдар сайрайды әркез гүл аңсаумен,
Кеудемді тілгіледі Құран-сәулем.
Құныққан жебірлерге жем болмауға,
Құбыламды түзейін таңсәріден.

 

Сыйлыхан Жұмасалық Талапұлы 1988 жылы БҚО Жаңақала ауданы Айдархан ауылында дүниеге келген. 2006-2011 жылдары М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің Мәдениет және өнер институтының «Мәдени тынығу жұмысы» мамандығында оқыды. Қазір Жаңақала ауылдық округі əкімі аппаратында жетекші маман болып қызмет атқарады. 2012 жылы Талдықорған қаласында өткен Мұқағали Мұқатаевқа арналған республикалық ақындар байқауында ІІІ орын және сол жылы Жаһанша Досмұхамбетовтің 125 жылдығына арналған «Ардақтысы Алаштың» атты аймақтық-республикалық жазба ақындар мүшәйрасында ІІ орын иеленген.

Аяймын…

Бақытты аяймын,
Ұмытқан негізгі тамырын.
Уақытты аяймын,
Адамдар білмеген қадірін.

Мансапты аяймын,
Бір-бірін көре алмай іріген.
Байлықты аяймын,
Тойымсыз құлқында шіріген

Жастықты аяймын,
Жалындап от болып көрмеген.
Қарттықты аяймын,
Аузында дуа жоқ төрлеген.

Жүректі аяймын,
Тас болып сезімсіз кірлеген.
Сезімді аяймын,
Жауапсыз нәп-нәзік бүрлеген.

Гүлдерді аяймын,
Тамыры талайсыз солатын.
Қыздарды аяймын,
Тағдыры гүлдердей болатын.
Фаризаға ғашықтық
(Ақынның көзімен)

Ғашықпын сұлу қызға ақын бірақ,
Арамыз алыстау һәм жақынырақ.
Фаризаш, кездеспедік біз екеуміз,
Мен мүмкін бола алмадым батылырақ.

Өлеңмен өлмейтұғын бағың басым,
Тереңнен жыр-моншағын тағынғасын.
Шарт сынар шамырқанса болат мінез,
Мен көрдім Махамбеттің қарындасын.

Қыз көрсе, жүрек құрғыр еркелеткір,
Қыз жанын жырым қайда ертегі еткір?
Өр қызға ер болам деу қиын екен,
Aқынын оққа байлар өркениет бұл.

Болмысың болмысындай Тұмар қыздың,
(Тати ма тырнағыңа бұлар сіздің?)
Өлеңнен басқа жанды сүймес жанға,
Білмеймін неге жүрек құмар біздің?

Сезімім аспан таудың құзы дер ем,
Қарай ма аспан ойдың қызы деген.
Қылыштан өткір ақын сұлу қызға
Қылыштың бару керек жүзіменен.

Жайым жоқ ақын қызды төмендетер,
Жүрегін жарақаттап жебем кетер.
Қызғанып өз-өзімнен жүргенімде,
Жайықтың қызғанышы менен бетер.

Алғашқы махаббат

Сезімім мөлдір, шықтанып,
Еріксіз саған құштармын.
Сұлулығыңа сұқтанып,
Ұрлық үстінде ұсталдым.

Ерікті бекер бердім бе?
Өлі жүрегім тірілдің.
Қаһарыңды сенің көрдім де,
Ілтипатың деп ұғындым.

Сұлулығыңның шегіне,
Қараймын деп қырсықтым.
Алғаш қыздың деміне,
Жақындамай тұншықтым.

Нұрыңа сенің жуыну
Сәбидей қайта туылу
Сыр тарту сенен, білемін,
Қамырдан қыл суыру.

Көзіңе көзім түйіссе,
Қызарған қызыл гүлдеймін.
Ерніңе ернім сүйіссе,
Не боларын білмеймін.
Жайықтың жағасында

Қайда күнің арнаңнан тасып толған?
Қайда аққуың жағаңды басып қонған?
Каспийге ақсаң мәңгілік асық болып,
Мен ұлыңмын өзіңе ғашық болған.

Алты әлемді өзіңе қаратайын,
Бар мұңыңды сен үшін таратайын.
Ақ сезімін ұшырып қалықтаған,
Шағаланың ащы үні жанайқайың.

…Жетерміз сен жайраңдап күлген күнге
Бақыт қой қадіріңді білгендерге.
Ақ Жайық, көрсетіп қой мінезіңді,
Қадіріңді түсінбей жүргендерге.

Жайығым , қайраңдаумен барасың ба?
Жағаңа жыр толтырып ағасың ба?
Әлде ащы, әлде тәтті бір сезім бар,
Жыр самалы Жайықтың жағасында.

Ғашықтық

Ғашықтық уын қалайша ішіп қойғанмын!
Сен мен үшін жазылмас дертке айналдың.
Жырыммен донор дерттіге болсам деп едім,
Мен жеткізе алмас сұлулығыңа қайраңмын.

Сен түссең еске сыбырлап шайтан «іш» дейтін.
Әл барма менде қара мен ақты түстейтін.
Қасыңа келсем көтеріледі қызуым,
Ауру ма деймін дәріге ғана түспейтін.

Ғашықтығымнан баз кешіп жүрек сыр шерткен
Айнып барады жүрек әмірі ол серттен.
Иммунитетім әлсіреп менің барады,
Тек қана өзің жазарсың мені сол дерттен.

Бір көрінгеннен ғажап әлемге ендірдің.
Ғашықтық деген дерт барын маған сендірдің.
Махаббатты тек кітап, өлеңде жазбайды,
Дәлелдегім келіп мына жалғанда мен жүрмін.

 

Қазақ ақыны Әзірбайжан тілінде

Жақында бауырлас Әзірбайжан Республикасының астанасы — Баку қаласындағы «Ecoprint» баспасынан орыс тілінде жазатын жас ақын Қазыбек Шаханның тұңғыш өлеңдер жинағы орыс және әзірбайжан тілінде жарық көрді.

Кітаптың алғы сөзінде: «Қазыбек Шахан қазіргі қазақ әдебиетінің талантты ақындарының бірі. Бакуде оның өлеңдері бірнеше әдеби журналдар мен газеттерде жарық көрген. Автордың мына тұңғыш өлеңдер жинағы екі тілде Әзірбайжанда жарық көріп отыр. Біздің оқырман¬дары¬мыз Қазыбек Шаханның өлеңдеріндегі өзіндік ерекшеліктерді тани біледі деген сенімдеміз», — деген ілтипат-лебіз айтылған. Жинақтағы өлеңдерді әзірбайжан тіліне аударған — Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы» атты кітабын,
О.Сүлейменовтен бастап көптеген қазақ ақын-жазушыларының шығар-маларын әзірбайжан тіліне аударып, бастырған, Әзірбайжанның көрнекті ақыны, М.Қашқари атындағы Халықаралық Қордың бас директоры, Әзірбайжан Жазушылар одағының «Шынар» әдеби журналының Бас редакторы, Халықтар достығына дәнекер болып жүрген қаламгер Эльхан Зал Қараханұлы.

(220)