Ауылды кешенді түрде жаңғыртуымыз керек

Әйтпесе ауылдан да, малдан да, егіннен де айырыламыз

Көзбен көріп отырған соң, басқаша айту мүмкін емес. Қаңыраған ауылдар, жабылған мектептер. Қалаға шұбырған жұмыссыз жастар… Қаланың байырғы тұрғындарына жұмыс орны тапшы болып отырғанда, оларға кім жұмыс дайындап отыр? Еңбек өтілі жоқ, баспанасыз бұл жастар ауру-сырқаулы болғанында немесе зейнет жасына жеткенде мемлекеттің болмашы жәрдемақысына қарап қала ма, жоқ әлде алдағы уақыттың болжамдары, жоспарлары бола ма? Үкімет жұмыссыз отырған ауыл халқына «кәсіпкерлікпен шұғылданыңыз» деп айтады. Шұғылданбаған қай кәсіп қалды? Озық технологиямен өндірген шетелдік өнім тұрғанда біздің қанттан жасаған «қораз кәмпитімізді» кім алады? Малдың терісі мен жүнін де ұқсата алмай, сай-сайға, қоқысқа тастап жатырмыз. Сайып келгенде, ауылдың күнкөрісі ет пен сүтке тіреліп тұр. Ал мол мал азығы дайындалмайтын елде мол ет пен сүт қайдан болсын?!
Жуықта «Нұр Отан» партиясы, ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрліктерінің, әртүрлі ақпарат құралдары өкілдерімен бірлесіп «Қазақстан ZAMAN» газеті Президент Н. Ә. Назарбаевтың «Ауылды қайта жаңғыртайық!» деген үндеу-мақсатын насихаттап, ел аралауға шыққан екен. Президент ауылдың тұрмысын көтеру, орнықтыру және дамыту тұрғысында аталған министрліктер ізденістерінің нәтиже бермей отырғанына, әлдебір түйткілдің табылмай тұрғанына алаңдаулы екенін халық біліп отыр.
Қойылған мақсатқа біз де өз пікірлерімізді қосып, күрделі де сан салалы ауыл тіршілігін біртіндеп талдап көрейік.

Болашағы жоқ ауылдарды қалай сақтаймыз?

Республикадағы барлық ауылдар саны — 7232, оның ішінде 3750-і аяғына нық тұрғандар, 2500-і орташа жағдайдағы, 1000-ның болашағы жоқ шағын ауылдар. Статистика солай дейді, «болашағы жоқ ауылдар»… Өз-өзінен құритын, жойылатын ауылдар.
Ол ауылдар әуелде шағын емес еді ғой. Тасада 1 «жойылатын ұлт» деген сөз тұрғандай, бойыңды үрей, ашу билейді. Болашағы жоқ ауыл деген болмайды. Қазақ суын, шабындық-жайылымын есептеп барып сол жерге қоныстанады. Бүгінгі әкім-қаралар, тіпті министрліктер ол ауылдарда мектеп, медпункт, шағын ауруханалар ұстаудан қашады. Қаржы үнемдей ме, ол жағы түсініксіз. Қыста қатынауы қиын дейді. Оның шешімі оп-оңай. Әрбір ауылдық округке бір-бірден техника бекітіп берсе, жеткілікті емес пе? Қыста жол аршиды, жазда соқасын тіркеп алып, далалық өртпен күреседі, ауылды қыс бойы жиналған қоқыстан, малдың қиынан тазартады. Осы бір-ақ трактордың құны үшін ауылды жою керек пе?
Тұрғындары 50 үйге жетпейтін ауылдарды көшіріп, үлкен елді мекендерге орнықтыру керек деген ұран әлі де күшінде тұр. Ал үкімет сойыс малдарының салмағын халықаралық стандартқа жеткізе алмай қатты қиналуда. Шұрайлы, семіз, дәмді, салмақты ет иен жайылымы бар 30-40 үйлі ауылдардан келеді. Көп үйлі орталыққа келген малдарға су көзі тапшылық етіп, таптаурын өрісте ашқұрсақ болып азады. Жем-шөппен қамтамасыз ете алмаған тұрғын малдарын еріксіз азайтып, жатаққа айналады.
Ауыл сөз мәйегі сақталған ұлт тілінің «питомнигі» емес пе? Осыдан 3-4 жыл бұрын ғана қалаға көшкен кемпірдің «ертең суббота ма?» деп сөйлегенін естіп жүрміз ғой.
Ауылдардың жойылуына жол бермеу керек. Жедел де нақты қолдау көрсетіп, олардағы жабылған мектептерді, құрал-жабдықтарымен көздің қарашығындай сақтау керек.
Мәселе мемлекеттік дәрежеде қолға алынғанда қор болған ауылын көтеру үшін жастар намыспен топтасып оралады.
Ауылды сақтау — ұлтты сақтау. Үкімет тарапынан шұғыл да нақты шара көрілмесе, орташа делінген 2500 ауылдың да әлеуметтік жағдайының бұдан әрі төмендейтініне сене беруге болады. Сонда олардың да болашағы жоқ деп жою керек пе? Қалада туып, қала мектебінен сауатын ашқан, даланы көрмеген келер ауылға енді бармайды. Қазақтың иен даласы бос қалады. Мұның әлі алда болатын ұлттық әлеуметтік апат екенін ұмытпағанымыз жөн.

Ауыл неге кедей: гәп неде, кім бөгет?

Ауыл топ-топқа бөлінген. Бір-бірімен бас араздығы жоқ, «әлеуметтік» төрт топқа.
Бірінші топ — ірі шаруа қожалықтары.
Екіншісі — ұсақ шаруа қожалықтары.
Үшіншісі — жерді 49 жылға жалға алғандар мен ескі-құсқы тракторы, шөп шабатын құралдары бар, жері жоқ тұрғындар.
Төртіншсі топ — былайғы жұрт: мұғалімдер, дәрігерлер, зейнеткерлер, жұмыссыздар, мемлекеттік қызметкерлер, тағы басқалар.
Бірінші топ былайғы жұртқа шөп сатпайды. Өзімен өзі.
Екінші топ өздерінен артылса ғана сатады. Қуаңшылық жылдары ағайын-туыс, алыс-беріс жасайтындармен шектеледі.
Үшінші топтың алғашқысы жердің салығын төлейтін болғандықтан, әредікте ғана сатады. Өздері көбірек мал ұстағысы келеді. Соңғысы өз жері болмағандықтан, шаруа қожалықтарының бос жатқан жерін жалға алады. Шөппенен шамалы сыйлас адамдарын ғана қамтиды. Одан әріге мүмкіндігі жоқ.
Сонда да бірі болмаса бірі шөп әкеліп қалар деп, біреулер ауылдың сыртында жол тосып жүреді. Көлігі барлары одан әрі 2-3 шақырым озып барып күтеді. Жалыққандары шөп шауып жатқандарды жағалай аралап, шөп сатуларын өтініп шығады. Бұлар бірер адам емес. Бүгін болмаса ертең шұбап, бәрі де осыны қайталайды. Шөпке кезіккендері жарты қыстан шыққандай көңілдерін бір демдеп қалады.
Шөп шауып жатқандардың қалта телефонында маза болмайды. Өтіне берген соң, бірі болмаса бірі ескі аңыздан орып, жуандығына қарасаңыз, отын боларлықтай қурай әкеліп беруі мүмкін. Бағасын мың теңгеге кемітеді. Аласыз. Қыста жұтап қалсам, мал кеміріп тұрса да деп. Бұған да жете алмауыңыз мүмкін.
Міне осындай, жетерлік мал ұстаудың мүмкіндігі жоқ екенін көріп тұрып, жастар қалаға шұбырмағанда қайтеді? Ал үкімет шаруа қожалықтары бәрін асырайды, ауыл қашан байиды деп күтіп жүр.
Мал азығының тапшылығы халықтың қалаға көшуінің басты себептерінің бірі.
Қазақстанда жер көп болғанымен, бәрі шабындық емес. Біздің шөп дайындап жүрген жерлеріміз көбінесе жайылымдық жерлер. Тұқым шаштырмай жылда қырқып ала берген соң, түсімі де азайған. Кейде гектарынан 70-80 келі түсетін жерлерді де шырпып жүргенін көруге болады.
Сондықтан шөп қымбат. Бір тонна шөптің құны жарты тонна бидайдың құнынан асып түседі. Осы айтылған жағдайлар «ауыл неге кедей» деген сұраққа жауап болар деп ойлаймыз.

Бұл тығырықтан қалай шығамыз?

Жекешелендіру деген ойластырылмаған дақпыртпен ауыл шаруашылығының, өндірістің тамырына балта шабылды. Тұрмыс пен барлық әлеуметтік талаптарға сай тік тұрған шаруашылықтар құрдымға кетті.
Бұл, көріп отырғандай, ауылды ауыр күйзеліске алып келді. Енді соның салдарын түзеу үшін әлеуметтік-өндірістік өзгерістер енгізу қажет. Атап айтқанда, есеппен, жер-жерде мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құру керек. Ол шаруашылықтар көпжылдық шөп өсіріп, дәнді дақылдан жемдік арпа өсіру тиіс. Бұл бірыңғай мамандануға жатады.
«Мемлекеттік» деген сөзден шошуға болмайды. Бұл ауылды ауыр дағдарыстан шығару үшін жасалатын мемлекеттік қолдау болып табылады.
Бұл шаруашылықтардың міндеті — ауылдағы халыққа жем-шөп өндіріп сату, мал өсіруіне жағдай жасау. Ол үшін аталған шаруашылықтарға қажетті техникалар беріп, машина, трактор аулаларын қайта құру керек. Астық қоймаларын, таразыларды қалпына келтіру қажет.
Үкімет ауылды қолдауға арнаған қаржысын шашпай, осылай бір-ақ жерге шоғырландырғаны дұрыс. Шаруашылықтар арпаны халыққа астық қоймасынан бірден жем тартатын жабдықтан өткізіп, дайын күйде сатқаны тиімді. Тұқым мен сатудан артылған арпаны құрама жем өндіретін зауыттарға тапсыруына болады.
Жылма-жылғы сатудан артылған шөп, сабан мемлекеттік мал азығы қорын құрайды. Республикадағы қазіргі қалыптасқан ахуалға байланысты жем-шөп өндіріп сату табысты бизнеске айналады. Барлық ауылдық округте шаруашылық құру міндетті емес. Мал азығы шаруашылығын соның біреуінде ғана құрып, екіншісінде бригада, звенолар ұйымдастыруға болады.
Бұл шаруашылықтарды басқару аз ғана толықтырулармен бүгінгі «жұлдыз санап» жұмыссыз отырған ауылдық округтің штаттарын қаз-қалпында пайдалануға болады.
Мемлекеттік мал азығы шаруашылықтарын құру мынандай өзгерістер әкеледі:
1. Меншіктің қай түрін болсын мал азығы тапшылығынан қауіпсіздендіреді. Ауылдар алма-кезек жұтамайтын болады.
2. Жастарды жұмыспен қамтиды. Жастар елге оралады. Еңбек өтілінің түзіліп, қартайған шағында зейнетке шығу мүмкіндігінің нақтылануы олардың болашаққа деген сенімін арттырады.
3. Ауылға жан кіріп, күлкі оралады.
4. Тұрмыс пен жұмыссыздыққа байланысты қалаларда туындауы өте ықтимал әлеуметтік шиеленісті сейілтеді.
5. Ауылдың мал өсіру мүмкіндігі кеңейіп, тұрмысы түзеледі. Мәселе қазіргідей жем-шөпке емес, еңбекке келіп тірелуі керек.
6. Шаруа қожалықтары ұқсата алмаған, ел көшкен соң иесіз қалған егістік жерлер қайта айналымға кіреді.
7. Шаруашылық жұмыскер-қызметкерлері үшін (бұрынғы совхоз сияқты) тұрғын үйлер салады. Қазіргі жағдайда жекелеген адамдармен шаруа қожалықтары ауылға енді қайтып үй салмайды. Ауыл өздігінен құриды. Бұл мемлекеттің араласуынсыз бұдан былай ауылдың келешегі жоқ дегенді білдіреді. Сондықтан шегінерге жол жоқ.
8. Жем-шөп, үй-жай мәселелері шешіліп тұрса, шетелдерден оралатын қандастар Солтүстік облыстарға ынтамен қоныстанып, тез сіңісіп кетеді.
9. Солтүстік аймаққа көшіре алмай жүрген Оңтүстіктің жастары да ойланып, қауырт қозғала бастауы мүмкін.

Бүгінгі қалыптасқан жағдайға байланысты ауылды, ұлтты сақтап қалудың бірден-бір жолы осы деп білеміз.
Бүгінде Қазақстан азық-түліктің 70-80 пайызын шетелден алады. Ал халықаралық жағдай, саясат болжаусыз. Импорттық азық-түлікке шектеу қойылса, не болады? Әлем табиғатқа тәуелді. Шетелдің сататын артық азық-түліктері болмаса ше?
Сондықтан халық тұтынатын азық-түліктің бәрі де республиканың өзінде өндірілуі тиіс. Ол үшін ауылды бүтіндей жаңғыртып, ХХI ғасырға бейімделуіміз керек. Елбасының да қойған тапсырмасы — осы.
Қайыр Рахметуллин
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ ауылы

(17)