mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

Легионерлер қазақ футболының көсегесін көгерте ме?

Қазақ футболының бүгінгі деңгейі кісі қызығарлық емес. Үнемі жеңілістің ащы дәмін татып жүр. Шетелден аттай қалап әкеліп, қазақтың түсіне де кірмейтін гонорар төлеген легионерлер де тепкен добы айдалаға лағып кетіп, ұятқа қалдыруда. Енді қайтпек керек? Қайтсек қазақ футболы көгереді? Қайтсек әлемдік додаларға шығамыз? Бұл әзірге шешуі табылмаған жұмбақ күйінде қалып отыр. Миллиондаған қаржы шығарып отырсақ та, қазақ футболының алға басар түрі байқалмайды.
Шынын айтсақ, қазір жеңілістен көз ашпайтын отандық футболшыларға өкпелі адамдар қарасы көп. Әсіресе Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың өкпесі қара қазандай. Ол өз ренішін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына депутаттық сауал ретінде жолдады.
Осы сауал төңірегіндегі бірнеше сауалымызға депутат жауап берген еді.
— Магеррам мырза, әлемде футбол №1 спорт саналады. Оған жұмсалатын қаржы да орасан. Нағыз бизнестің қайнаған түрі ғой. Біздің елімізде де футбол жұтап отырған жоқ. Миллиондаған қаржы жұмсалуда. Онда неге алға баспайды? Бұл бірдің емес, спорт сүйер қауымның сауалы деп білсеңіз.
— Сенесіздер ме? Қазақстан футболы ФИФА рейтингісінде 105-орыннан 126-орынға түсіп қалды. Бұл қуанатын нәрсе емес қой. Ең сорақысы, осы рейтингіде бізден соң Орталық Африка Республикасы орналасқан. Алдымызда қасқайып Танзания мен КХДР тұр. Антигуа және Барбуда, Малави, Сент-Китс және Невис бізден жоғарыға шығып кетіпті.
— Кешіріңіз, сіз атаған елдердің көбісін білмейді екенмін.
— Көрдіңіз бе, солай. Мен атаған елдерді әлемдік картадан көпшілік бірден таба алмайды. Футболдан ұлттық құраманың іріктеу матчтарындағы ірі жеңілістері әлемдік рейтингіде едәуір төмендеуіне әкеліп соғуда.
— Менің білуімше, сіз бұған дейін де футбол төңірегіндегі проблемаларды Парламент мінберінен бірнеше рет көтердіңіз.
— Оныңыз рас. Мен футбол клубтарына бөлінген миллиондаған қаржы ақталмай жатқанын бірнеше мәрте айттым. Оған құлақ түріп жатқан әзірге ешкім жоқ. Меніңше, отандық футболдың мәселесін ашық талқылайтын уақыт әлдеқашан жетті.
— Сонда қандай ұсынысыңыз бар?
— Ең бірінші Ұлттық құрама бапкерлерін ТМД елдерінен шақыру тәжірибесін тоқтату қажет. Өйткені ол елдердің ішкі чемпионаттары төмен деңгейде. Сондықтан олар бізге үлгі емес…
Тыңдасаңыздар, мен депутаттық сауалымда мына шараларды қабылдауды ұсындым:
Футболшылардың шамадан тыс гонорарын қысқарту;
Клубтарға шетел ойыншыларын қабылдауға жеті жылға шектеу енгізу;
Шетелдік легионерлердің рұқсат етілген санын анықтау: бір клубқа — төрт футболшы;
Негізгі құрамға әр ойынға екі шетелдік футболшыдан артық алмау.
— Шетелге футбол үйренуге жастарды жіберуге де айтар пікіріңіз бар секілді?..
— Бұған менің жеке көзқарасым мынау: Шетелге жасөспірімдерді емес, оларға Еуропа елдерінің деңгейінде ойнауды үйрететін бапкерлерді алдыру керек есептеймін. Сосын, мүмкіндігінше барлық футбол клубын өңірлік футбол мектептерін ашуға міндеттеу керек. Легионерлерден үнемделген қаржыны осындай мектептерді дамытуға жұмсауға болады. Бұл балалар мен жастарды футболға тартуға және шеттен жаңа ойыншылар алуға шығындалмауға мүмкіндік берер еді.
— Сұх-батыңызға рақмет!

(8)