Астанада жылудың бағасы «салқындап» барады

16 қазан күні Астана қаласы әкімдігінде аппараттық жиналысы өтіп, бірқатар маңызды мәселелер талқыға түсті. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы хабарлады. Қала әкімі Әсет Исекешев орынбасарларының және басқарма басшыларының есебін тыңдады. Әкімнің орынбасары Мәлика Бектұрова қазіргі таңдағы қала тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету жайы туралы баяндапты. Таяу күндерден бері қалаға тасымалданып жатқан «Шұбаркөл», «Қаражыра» және «Майкөбе» кеніштерінен жеткізіліп жатқан қатты отындардың көлемінен есеп берген Мәлика Бектұрова қалада көмір тапшылығы болмайтындығын және бағаның тұрақты екендігін айтқан. Биыл елордада қыркүйек айының соңы бірнеше күнге жалғасқан қара суыққа ұласқан болатын. Соған орай ғаламтор беттерінде таралып жүрген «биыл Еуропада соңғы 100 жылда болмаған суық ауа райы болуы мүмкін» деген дақпырт та біраз адамдарды алаңдатқандай еді. Жер үйлерде тұратын тұрғындар отын-көмірлерін қамдап, қауырт дайындыққа көшті. Алайда қазан айы туғалы ауа райы қайтадан жылымық кейіпке ауысты. Ауа райы мамыражай кейіпке ауысқанмен, қазіргі таңда қала бойынша жылумен қамту қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.
Астана әкімшілігі тарапынан таратылып жатқан мәліметтерге қарағанда, бүкіл қала көлеміндегі 2250 көп қабатты тұрғын үйдің барлығы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Жалпы қала аумағында 5 497 ғимарат жылуды орталықтан алады. Ресми орындардың таратқан мәліметіне қарағанда, жылыту қызметінің орташа бағасы 2589 теңге. Қала әкімшілігінен таралып жатқан «жылумен қамту толық жұмыс істеп тұр» немесе «Астанада көмір тапшылығы болмайды» деген «ресми мәлімдемелері», шынтуайтына келгенде, қарапайым халықтың жанына жылу бола алмайтын түрі бар. Оған дәлел жыл сайын өсіп отыратын тарифтер мен көмір бағасы болмақ. Былтыр тоннасы 9000-11000 теңге болған көмір биыл 16000-18000 теңгеден сатылып жатыр. Таяуда ғана Энергетика министрi Қанат Бозымбаев «көмір бағасының қымбаттауына делдалдар мен алыпсатарлар кінәлі» деп уәж айтқан болатын. «Көмiр бағасы сұраныс пен ұсыныс негiзiнде қалыптасады. Өндірушілер көмiрдің тоннасына 2-5 мың теңге сұрайды. Тұтынушыға жеткенге дейiн бағаның шарықтап кетуіне темiржол тарифi мен жеткiзушiлердің маржасы әсер етеді», — дейді министр мырза. Ал
Астана қаласы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Азамат Рашитов елордадағы көмір бағасының құнына қатысты төмендегідей пікір білдірді. «Сұйық отынның қымбаттауы, теміржол тарифінің 25%-ға ұлғаюы көмір құнының құбылуына әкеліп соқтырды. Бізде көмір бағасын реттеу құқығы жоқ, десекте ірі кен орындарымен келісімшарт жасап, халықтың қалтасын қақпаудың амалдарын қарастырып жатырмыз», — деген екен. Қарапайым халық осының барлығын баға көтерудің басты амалы ретінде көзір қылып көтеріп отыратын, «мұнай өңдеу зауыттарындағы күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты орын алып жатқан жанар-жағармай тапшылығымен» байланыстырып отыр.
«Астанада тұрып келе жатқаныма 10 жылдай болды. Жер үйде тұрамын. Есімде қалғаны көмір бағасының жылдан-жылға өсіп келе жатқандығы ғана. Мұның да жақсы-жаманы болады. Кейбіреуі ағаш отын сияқты жылдам жанып таусылады, кейбіреуі ұзақ жанады, үнемді болады. Осындай жақсы көмір ең қымбатқа сатылады. Қазір бензин қымбаттағасын, соған ілесіп өсті десек те, ол баға бірнеше теңгеге арзандағанмен, көмірдің бағасы төмендейді дегенге сенбеймін. Осында тұрған 10 жылда бұдан түйгенім осы», — дейді Көтал деп аталатын жер үйлі аумақтың тұрғыны Қанат Садуов. Көмір бағасының бірден шарықтап кетуімен қоса дүкен сөрелеріндегі азық-түліктердің де бағасы бүлкілдеп өсіп келеді. Мұнда алыс-жақын шетелдерден келетін түрлі сусындар мен тәтті-дәмдінің бағалары 20-50 теңгеге қымбаттаған. Екі апта бұрын ғана 300-400 теңгеден сатылатын қызанақ, сол жағалаудың сауда нүктелерінде 750 теңгеге дейін өсті. Сатушылардың сөзіне сенсек, «Тәшкенттен көкөністер қымбатқа келіп жатыр» екен де, «Қытайдікі сапасының төмендігіне сай бағалары да қолжетімді» көрінеді. Қазірге бағасы өспей тұрғаны нан мен ет қана. Ал қыс құрсауына алған шақта қандай болатыны әзірге белгісіз.

(16)