mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Торғай даласы Ресей полигон алаңына айналмақ

31 арна: «Ұшы-қиыры көрінбейтін мыңдаған гектар қазақ жерінің Ресейге берілгені бұған дейін мәлім болған. Яғни, Торғай даласы енді көрші елдің полигон алаңына айналады. Онсыз да Байқоңырдың зардабын тартып отырған халық үкіметтің бұл шешімінге шын мәнінде қарсы шықты. Аудан орталығында жиын өткізген ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов: «Бұл жер ешкімге жалға беріліп жатқан жоқ. Зымыранның еш зияны жоқ. Ол деген — экологиялық таза, жаңа, заманауи зымыран. Сондықтан құлайтын бөлшектерден қауіп жоқ. Келесі жылы ұшыру болады ғой. Соған жетсек, ұшыру кезінде мен өзім соның басында боламын деп халыққа уәде бердім. Халық келісті»,— деп отыр. Ал, Қарасу өлкесінің тұрғындары биліктің бұл әрекетіне наразы. Олар: «Бұл ауыл — Алаш зиялысы Ахмет ауылы. Алдағы уақытта іргеге келіп құлайын деп жатқан ракета қалдықтары – «Алаштың 100 жылдығына арналған үкіметтің басты тартуы болғалы отыр». Ахметтің туған жерін бұлайша лайлай беруге ешкімнің қақысы жоқ! «Халық осылай келісіп жатыр»,— деп, халықты неге ортаға сала береді? Халық бұған келіскен жоқ! Билік тұрғындарға бағасы 15 мыңдық «арзан» көмір береміз деп алдаусыратады. Бізге биліктің көмірі де, суы да керек емес. Біздің тек жерімізге тиіспесін! Баламыз, малымыз өмір сүріп отырған жерден біз ешқайда кетпейміз!»,— дейді ашынып. Халық мәселенің тамыры Байқоңырға тіреліп тұрғанын түсінгенмен, жерлерінің ластануына жол бергілері келмейді. Сондықтан да билік уәжіне келіспеуде. Бірақ, халық келіспедік десе де, министр айтқанынан қайтпайтын сыңайлы. Министр аудан бюджетіне жыл сайын бөлінетін 151 миллион теңгеден бөлек, тағы біраз көмек беріледі десе де, мұнымен торғайлықтардың көңілін аулай алмайтын іспетті»,— деп хабарлайды. Министрдің айтуынша, ғарыш айлағын жалға берген 22 жылда ел қазынасына 884 миллиард теңге түсіпті. Бұл — Қазақстанның 1 жылдық бюджетінің 10 пайызындай ғана болады екен.

(55)