Балаларға арналған шұлық

Күз келіп, күн суыта бастады. Осы мезгілде аяқты жылы ұстау өте маңызды. Үй жылы деп, көбінесе балаларымыздың жалаңаяқ жүргенін байқамай қаламыз. Олар ертең ауырмас үшін демалыс күндері жылы шұлық тоқып беріңіз.

Оны қалай тоқуға болады?
Балаларға арналған шұлық тоқу үшін 70-80 грамм жіп, №5 сым қажет. Сымға 40 шалу бастап алынады да, оны төрт сымға тепе-тең бөліп, алғашқы оң шалуды түйреуішпен белгілеп қояды. 4-5 см резинка әдісімен тоқыған соң одан әрі тағы 5 см (тобыққа дейін) шұлықша әдісімен тоқиды.


Өкше шығару: тоқыманы екіге тең бөліп, одан әрі үшінші және төртінші сымдағы шалулар ғана тоқылады. Бірінші және екінші сымдағы шалулар бір сымға өткізіліп тоқылады. Тоқыманың шетіндегі шалу саны 10-ға жеткенде (20 қатар) оң шалулармен аяқтап, өкше шығарыла бастайды. Ол үшін сымдағы шалуларды ойша 3-ке бөліп, яғни екі жағына 6 шалудан, ортасына 8 шалу қалдырып, шалу санын бірте-бірте кеміте беру керек.

1-қатар (тоқыманың теріс жағы): бірінші жағынан 6 шалу тоқылады, сосын ортадағы 8 шалудың ең соңғысынан басқасы тоқылып, соңғы шалу екінші жақтың көршілес шалуымен қосылып теріс тоқылады. Қалған 5 шалуды тоқымай, тоқыманы кері айналдырады.

2-қатар (тоқыманың оң жағы): шеткі шалуды сымға тартып іледі де, ортаңғы сымдағы шалулардың ең соңғысынан басқасын тоқып шығып, соңғы шалуды бірінші жағының көршілес шалуымен қосып тоқиды. Тоқыманы кері айналдырады. Осылайша 1-2 қатарларды қайталап тоқи беру керек. Ақыр аяғында сымда тек ортаңғы бөліктің шалулары ғана қалады.

Шұлықтың басын шығару: бұл бөлік те №5 сыммен, оң тоқылады. Ортаңғы бөліктің шалулары тізілген сыммен өкшенің шеткі шалуларынан 10 шалу ілініп алынады. Сонан соң сыммен 1-сымдағы 10 шалуды, басқа сыммен 2-сымдағы 10 шалуды тоқу керек. Бұдан кейін айналдыра тоқи отырып, 3-4 сымдағы артық шалуларды әрбір 2-қатарда кеміте береді. Олардың әрқайсысында 10 шалудан қалғанда кеміту тоқтатылып, енді шұлықтың басы шығарыла бастайды. Ол үшін әр қатар сайын сымның соңғы екі шалуы біріктіріліп, теріс шалынады. Осылайша әр сымда бір-бір шалу қалғанша кемітіп, жіп үзіледі де, шалулар қатты тартып тігіледі. Жіпті ұзын ілмекпен шұлықтың іш жағына өткізіп, жасыру керек.
Осылай жылы шұлығымыз дайын болады. Деңсаулық болмаса, бұл дүние қара түнекке айналатыны сөзсіз. Жылы киініп жүріңіздер, оқырмандарым.
Бетті дайындаған: Айман Рамзия

(37)