Әлемнің әзәзілі…

Сан түрлі ақпараты сағат сайын жаңарып отыратын Сирияда, мемлекет армиясы басымдылықты иеленіп, жеңіс хабары жақындағандай көрінгенімен, Таяу Шығысқа тыныштықтың ауылы әлі де болса алыс жатқандай…Ресейдің қолдауынан бел алған Сирия үкімет әскері «ИМ» содырларының бақылауында тұрған аймақтардың 80 пайызын азат етті.

Алайда Сирия жеріндегі соғыстың қазіргі беталысы АҚШ пен Ресейдің майдандасуына көбірек ұқсап бара жатыр. Ресей ашық түрде Башар Асад басшылық ететін Сирия үкіметін қолдаса, АҚШ бастаған халықаралық коалиция күштері Асад режиміне қарсы топтарды қолдап отыр. Сарапшылардың түгелге жуығы Сириядағы соғыстың соңғы нәтижесі қос алпауыттың орта шығыс жеріндегі геосаясаттағы басымдығының алдағы уақыттағы мұнай нарығына барып тірелетіндігін болжайды. Әлемге демократияның жаршысы болып көрінгісі келетін АҚШ-тың қырық құбылған саясаты күн санап ашыққа шыққан сайын, «өз басымыз аман болсын» дейтін елдер де АҚШ туралы ашық пікірлерін айта бастады. Өздерін «әлемдегі үшінші державаға айналып келеміз» деп сипаттап жүрген Қытайдың тәуелсіз басылымдары соңғы кезде АҚШ-тың күллі дүниеге жасап отырған «әлімжеттігін» әріден қазып жаза бастады. Ел іші-сыртына әскери және халықаралық жаңалықтарымен танымал «www.360doc.com» сайты 26 қыркүйек күні «АҚШ-тың «мемлекеттерді жойып жіберу» әрекеті жалғаса береме?» атты шағын мақала жариялады. Тарихи шегініс жасаған сарапшы «қырғи қабақ» соғыс аяқталғаннан бері АҚШ –тың араласуымен ойран боған елдерді тізіп шығыпты. «11 қыркүйек» оқиғасынан кейін «терроризмді жою ұранымен» Ауғанстан билігін құлатқан АҚШ, «жаппай қырып-жоятын қаруларды жасырып отыр» деген сылтаумен Саддам билігін құлатып, патшаны дарға асты. «Гуманитарлық апаттар туғызып отыр» деген желеумен Каддафидің көзін жойып, гүлденген бір мемлекетті құрдымға жіберді. «Орта шығысқа демократиялық реформалар алып бару» арқылы жүргізген сыртқы саясаты тек «былықтырумен» аяқталып отырған АҚШ-тың әрекеті алыстағы Еуропа елдеріне де ауыртпалық болып отыр» дейді автор өз жазбасында.
Мұхиттың арғы бетінде жатқан алпауыт елдің миллиардер Президенті жақында ғана КХДР-ның ядролық қаруларды қайта-қайта сынақтан өткізіп жатқан әрекетін сынай келіп, «өздерінің 20 жылдам астам уақыт бойы жүргізген келіссөздері мен көрсеткен қыруар қаржылай көмектерінің Шығыс Азия өңіріндегі «атом қаруы қаупін» сейілте алмағандығын» мәлімдеді. Осы төңіректе ой жүгірткен сарапшылар «Трамп мырза соғыс бастамаса игі еді…» деп тіксіне бастады. Алайда АҚШ пен одақтас болып көрінгісі келетін елдер бейтарап қалып, оның «жаулары» бастарын біріктіре бастағаны да бейтарап елдер баспасөзінде қызу талқыланып жатыр. Сирия үкімет әскерінің таратқан мәліметтері, АҚШ-қа абырой әперетін емес. Мұның дәлелдері жетіп артылады. Осыдан 6 жыл бұрын Сирия жерінде «ИМ» лаңкестік тобы майданға келген кездің өзінде, оның басшысы болып отырған Бағдатидың «арғы тегі яхуди болып, АҚШ-та арнайы дайындықтан өткендігі» туралы жел сөз жер бетіне тараған еді. Содан бері «лаңкестерге соққы берген болып көрініп отырған АҚШ-тың оларды қолдайтындығы» да айтылып келеді. Жақында Ресей мен Сирия біріккен күштері азат еткен аймақтардан табылған қару-жарақтардың түгелдей «Made in USA» екендігі айтылды. Жұрттың барлығы «Сирияда соғыс аяқталса болды, Орта шығыста бейбітшілік орнайды» деп үміттеніп отырғанда «Күрдстан тәуелсіздігі» төбесін көрсетіп шыға келді. Көп адамдар «мұның да артында Америка тұр» деп бірден кесіп айтты. Жалпы Таяу Шығыста таяу арада тыныштық орнамайтыны басы ашылған мәселе сияқты. Ал Қытай елі болса, АҚШ-тың ендігі «реттейтін» жері Корей түбегі екендігіне күмән келтірмейді. Себебі КХДР-ның әрекеттерінен сескенген АҚШ, «өз одақтастарының мүддесін қорғау мақсатында, Оңтүстік Корея аумағына «Сад» зымыраннан қорғаныс жүйесін орнатуға әрекет еткен еді. Бұл әрекеттің ақыры немен аяқталатындығы алдағы уақыттың еншісінде. Өркениетті қоғамға аяқ басқанына қарамаста, адамзаттың қауіпсіздік мәселесі толық шешілуге әлі де ұзақ жол жатқан секілді….

Ерқазы Сейтқали

(22)