Ұлтымызға ыңғайлы қаріп жасау — басты нәрсе

Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Алматы қаласының 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында және Басқарманың 2017 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің өзекті мәселелері» тақырыбында республикалық конференция өткізді. Конференцияға қатысушылар «Қазіргі таңда елімізде көптеген дау-дамай туғызып тұрған латын қарпіне көшудің тиімділігі, бүкіл тарихымызды, мәдениетімізді осы әліпбиімен қалай жазуымыз керек?» деген сынды халықты алаңдатып отырған біршама мәселелердің түйткілін шешуге тырысты.
Конференцияға қатысуға өтініш білдірген он тіл маманы әр тақырыпта өз ойларын айтуымен қатар, төл әріптеріміз латынша қалай таңбаланып, дыбысталуы, қолданысқа қайтіп кіргізу керек деген сияқты тың идеяларын ортаға салып, көпшіліктің талқысына ұсынды. Мысалы, А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, фи-лология ғалымдарының докторы, профессор Зейнеп Мүсілімқызы «Қазақ тілін латын графикасына көшіру жайында» атты жобасын ұсынбас бұрын: «Саралап, сараптап, басқа тілдердің әсіресе түрік тілінің тәжірибесіне сүйене отырып, көп жұмыстар атқарылды. Еуропа елдерінің әліпбиі латын қаріптеріне негізделіп жасалған. Сондықтан олардың дыбысталуы мен жазылуында үлкен айыр-машылық бар», — дейді. Зейнеп Мүсілімқызы өз жобасын жасау барысында Еуропа елдерінің әліпбиін басты нысанаға ала отырып талдау жасағаны және ішкі-сыртқы әсерді де ескере отырып, елімізге ыңғайлы қаріп жасау, жалпы көптеген елдердің тілін зерттей келе қорытынды жасағаны құптарлық іс. Бұл конференцияда көптеген тіл мамандарының бастары қосылды және латын әліпбиіне сауатты талдау жасалған жиындардың бірі болды.

Нұржол Табиғат

(13)