mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

Үкімет қаһарына мінді, енді жағдай оңала ма?

«Күлтөбенің басында күнде жиын» дегеннің кебі келді. Үкімет қаһарына міне бастаған секілді. Оған да түрлі саладағы проблемалар өз «салқынын» тигізіп жатқаны рас. Басқаны қойып, ЭКСПО біте сала еркін айналымдағы доллар мен мұнайдың «қызуы» көтерілді. Көмірдің құны да бағынбай барады. Азық- түлік те қымбаттай бастады. Коммуналдық төлемдердің де бағасы жалынан сипатпай тұр. Мұның бәрі ел Үкіметінің мазасын қашырған болар. «Шыдамның да шегі бар емес пе?»

Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев елдегі бензин тапшылығы үшін «ҚазМұнайГаз» АҚ басшыларының жұмысын сынға алды.
«ҚазМұнайГаз» АҚ-ға тоқталайын. Премьер-министр және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы ретінде Өмірзақ Естайұлы мен сізге тапсырма беремін. «ҚазМұнайГаз» АҚ төрағасына өз міндетін атқармағаны үшін тәртіптік жаза ретінде сөгіс жариялауды тапсырамын.
Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Данияр Берлібаевты қызметінен босату туралы тиісті шараны жүргізуге тапсырма беремін. Өмірзақ Естайұлы, маған қолданылған тиісті шара туралы хабар беруіңізді сұраймын», — деді Үкімет басшысы Өмірзақ Шөкеевке.
«Халықтан бензин нарығында орын алған проблемалар үшін кешірім сұрауымыз қажет», — деді журналистердің сауалына жауап берген Энергетика министрі Қанат Бозымбаев. «Мен осы Үкіметтің министрімін. Тағдырым Президенттің қолында тұр. Мемлекет басшысы қалай айтса, мен солай істеймін. Бұл жерде қолды түсірудің қажеті қанша. Жағдай орын алып отыр, оны тез арада ретке келтіруіміз, халықтың алдында елімізде осындай проблема туындағаны үшін кешірім сұрауымыз қажет. Бірақ оның да объективті себептері болды», — деді ол. Сонымен қатар министр ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың сөгіс беру үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсынысхат жолдайтындығына қатысты да пікірін білдірді. «Премьер-министр — менің тікелей басшым. Сондықтан оны талқылайтын ешқандай мүмкіндігім жоқ», — деді Бозымбаев.

КӨМІРДІҢ ТАПШЫЛЫҒЫ ДА ЕҢСЕНІ БАСЫП ТҰР

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановты да тығырыққа тіреді. Көмірлі өңір Қарағандының өзінде ұзын-сонар кезектің орын алғанын айтып, оның себебін өңір басшысы Ерлан Қошановтан сұрады. Ол: «Әлеуметтік нысандарды көмірмен қамтамасыз етуде облыста проблема жоқ. Көмір толық көлемде жеткізілген. Алайда халықты көмірмен қамтамасыз етудегі дүрбелең сақталуда. Осы жылдарға дейін облыс тұрғындары көмірді қазан айында сатып алатын. Бірақ биыл жылыту маусымы 27 қыркүйекте басталып кетті», — деп ақталған еді, оның сөзін бөлген Бақытжан Сағынтаев: «Ерлан Жақанұлы, сіздіңше сонда халық кінәлі болғаны ма? Олар бұрын қазанда алса, биыл қыркүйектен бастап көмір сатып ала бастаған. Солай болғаны үшін олар кінәлі ме?» — деді ызғарлы үнмен. Осыдан кейін Бақытжан Сағынтаев оған көмір мәселесін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

(18)