Қайта қағылған дала қоңырауы

Қостанайдың сыртында мәңгілікке тыныстаған ұлы ағартушы ұстаз, этнограф ғалым, жаңашыл педагог Ыбырай Алтынсарин мемориалдық кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Айтулы шараға өңірімізден жиналған атқамінер азаматтар, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, оқытушылар мен дала қоңырауын алғаш қаққан бабаның кейінгі ізбасарларының қарасы көп. Ширек ғасырдан астам уақыт тұрған ағартушының қызыл кірпіштен соғылған кесенесінің орнына ақ шаңқан мавзолей тұрғызылып отыр.

Бұл мекен енді Ыбырай Алтынсарин мемориалдық кешені болып аталады. Қорым аумағында жерленген Ыбырайдың атасы атақты Балғожа би мен Алтынсарыға да арнайы белгі қойылған. Айналасы ат шаптырым аумақтың кіре беріс қақпасынан кесенеге дейінгі аралық түгел абаттандырылып, баба басына зиярат етушілер үшін көз тартар аймақтың біріне айналды. Кесененің көлемі 64 шаршы метр, жерден ұшар басына дейінгі биіктігі 18 метр. Күмбезінің биіктігі 6 метр. Құрылыстың басты нысанына Маңғыстау өңірінен жеткізілген ұлутастар пайдаланылды.
— Бүгінгі шарамыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған өлкемізді көркейтуге бағытталған бастамалардың бірі. Кешегі күнгі Тархан Шақшақ Жәнібек ескерткішінің бой көтеруі, атақты қолбасшы Кейкі кесенесінің ашылуы мен батырдың бас сүйегінің жерленуі осының айғағы. Біз Ыбырай баба кесенесін ұстаздар күні қарсаңында ашып отырмыз. Мавзолей құрылысына 81 миллион, ал айналасын абаттандыруға 72 миллион теңге қаражат жұмсалды. Бұл орын енді шағын саябаққа айналып отыр. Нысан Қазақстанның киелі орындарының картасына ұсынылып, сарапшылардың қолдауына ие болды. Жұмысты қолға алған «Маңғыстау реставрация» мердігер компаниясына, оның басшысы Құралбай Озғанбаевқа алғысымыз шексіз, — деді аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов құттықтау сөзінде.
Облыс басшысы осыдан 26 жыл бұрын қараусыз жатқан баба зиратын алғаш көтеріп, игі іске мұрындық болған сол кездегі өңірге жетекшісі Кенжебек Укиннің зор еңбегіне тоқталды.
Кесене салтанатты түрде ашылып, облыс әкімі, еңбек ардагерлері, Қостанай ауданы әкімі, ұстаздар, оқушылар атынан гүл шоқтары қойылды. Бабаның аруағына құран оқылып, дұға бағышталды. Ал мемориалдық кешеннен басталған дәстүрлі марафоншылар жарысы жолға тартты.
Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин кесенесінің ашылуы Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда өткен «Туған жер — Туған ел»: білім беру жүйесін дамыту бағдарламасы» атты ғылыми-практикалық конференцияға ұласты.
Қыдырбек Қиысханұлы,
Қостанай

(313)