Қазақ өз еркіндігін Мирзолардан сұрауы керек пе?

Республикалық «Караван» газетінен «На свете улиц много славных, их не меняю адрес я…» деген Лариса Ченнің публицистикалық мақаласын көзім шалып қалды.
«Ала қойды бөле қырыққан» бұл неғылған мақала деп, анықтап тұрып оқып шықтым. Сөйтсем, мағынасы Қарағанды облысындағы 1990 жылдан бастап, 2016 жылға дейінгі 486 өзгертілген көшелер мен ауданның атаулары жайында екен. Сонда, осыншама атаулар кімнің атында болған?!
«Бақсам, бақа екен…» демекші, соның ішінде Бойко мен Мирзо бастаған тұрғындар Парламентке, жергілікті атқарушы билікке кейбір нақты ұсыныстар мен мынандай талаптар қойған екен.

«… Бұдан былай, сол жерде тұратын халыққа тиімді болмаса, көшенің аттары мен ауданның атауларын өзгертудің қажеттілігі жоқ». Себебі мұндай өзгертулерге бюджеттен миллиардтаған қаражат жұмсалатынын тілге тиек ете отырып, «тіпті өзгертілген күнде Қазақстан халқы Ассамблеясындағы этно-мәдени орталықтардың келісімімен ғана өзгерту керек», — делінген.
Тағы бір қосымша, «Көше аттары тек атақты мемлекеттік және тарихи тұлғаларға немесе Ұлы Отан соғысына қатысып, Советтік ордендермен марапатталғандарға ғана берілуі керек және ол адамның сол аймаққа сіңірген еңбегі заңды түрде анықталуы керек». Сонымен қатар, «Мұндай маңызды мәселені сол жердегі тұрғындар ғана шешуі керек».
Тағысын-тағылардың ішінде «…ол көшенің аты берілетін, сол адамның туыстары тұруы керек. Немесе осындай атауларға ұсыныс бере алатын адамдардың тізімін заңды түрде бекіту керек» делінеді. Бойко мен Мирзо бастаған коммюникеде.
Қысқасы, бұл мақаланы оқып шыққан адам, әлі де болса сол баяғы өткен кеңестік жүйеде жүргендей болады. Әлі де болса бізді Мәскеу киіндіріп, қаржыландырып отырғандай сезінесің.
Мирзоның осындай өспей қалған «балалық санасымен» кергіп отырып жазғанын оқығанда, Тәуелсіздігімізді алған 25 жылымыздың босқа, нәтижесіз кеткеніне өкінгендей боласың.
Себебі Мирзода жазық жоқ. Оның ақылы әлі де болса сол «бала күнгі» көріністермен қалған. Өзгерген дәнеме жоқ, барлық мемлекеттік мекемелерде сол баяғы орыс тілі, «аты бар да заты жоқ» сол баяғы мемлекеттік тіл. «Үш тілді» деп сол қазақтың ғана басын айналдырып қойған, себебі басқа тұрғындар «үш тіліңді» керек қылып отырған жоқ, өйткені бірде-бір орыс түгілі, басқа ұлттың өкілінің де, тіпті кейбір орыстілді қазақтардың да қазақша сұраған тұрғындарға күлімсіреп «қазақша» жауап бергенін көрген емеспін. Керісінше басқа тілде сөйлемесең, орыс тілін білмейтіндерді «екінші» сортты деп, Кеңес өкіметі кезіндегідей менсінбестен мұрнын шүйіретінін қайтерсің?!
Оның себебі кәсіпорын, фирма, компаниялар ішіндегі, сонымен қатар қалалық, облыстық, тіпті республикалық деңгейдегі ке-лісімшарттардың арасында келіспеушілік туындаған жағдайда басымдық «мемлекеттік тілге» емес, шетел тіліндегі, дәлірек айтқанда, «орыс тіліндегі» мәтінге берілетіні несі?
Әрине, осы жағдайларды көзімен көріп отырып қартайған Мирзосымақтарға енді не дерсің?!
Ол аздай, «Өмірде, даңқты көше көп, бірақ мен мекенжайымды оған өзгертпеймін» деп айтқанда Лариса Ченнің де, Бойко мен Мирзо секілділердің де көздегені не, көксегені не?..
Менің пайымдауымша, Тәуелсіз-дігіміздің 25 жылынан кейін, бұл да бір мемлекетті құраушы ұлттың болашағына балта шабатын келеңсіз көріністердің бірі деп есептеймін.
«Елдігімізді біз қандай құрметтесек, біз үшін еркіндігіміз де сондай қымбат» екенін Қазақстанда тұратын басқа тұрғындардың да білмеуі мүмкін емес.
Бірақ менің жаныма тағы бір батқаны Қарағанды қаласындағы «Октябрский» ауданын «Әлихан Бөкейханның» атына өзгертуге қала тұрғындарының қарсылық білдіргендерін қай жағынан болса да мен түсіне алмадым.
«Октябрский ауданының 200 мыңдай тұрғындарының пікірімен санаспастан» деп, «бай-балам» салатындай Бойко мен Мирзо секілділерге не көрінді?!
Сонда осы Тәуелсіздігіміздің 25 жылының ішінде Қазақстан тұрғындары «Алашорданы» құрған, қазақтың Ұлт көсемі, бүкіл саналы ғұмырын елінің еркіндігіне арнаған, халқының №1 революционері, Қарағандының тумасы Әлихан Бөкейханды әлі күнге дейін анықтап, саралап, танып білмегені ме?
Тіпті, Қазақстан Республикасының толық аумағын, нақтырақ айтқанда, қазіргі «шекарасын» жасатқан сол кездегі осы «Алашорда» мүшелерінің ақыл-ой, парасаттарының жемісі, сол кезеңдегі «Алаш» арыстарының белсенді еңбегі мен арыстандай айбатты айбарының ірі жеңісі, тіпті тиянақты, көрнекті, нақты нәтижесі дер едім.
Әлихан Бөкейхан көш бастаған қазақ ұлтының бетке ұстар зиялы ғұламалары Смағұл Садуақасов Жанша және Халал Досмұхамедовтар, С. Қожанов пен М. Шоқай секілді, тағы басқа да атақты арыстарымыз дәйекті дәлелдеулерімен қорғап қалды. Солардың арқасында осы күнгі Қазақ елінің территориялық аумағының геодезиялық тұрғыда картасы сызылып, қазіргі шекарасының әрбір «десятинасы» белгіленгенін біз ұмыттық па?
Қазақтың осындай руханият әлеміндегі жарық жұлдыздарының «Елім!» деп соққан есімдері мен ерліктері ұмытылған күнде, Қазақ ұлтының да болашағы жойылатынын көптің бәрі жақсы біледі.
Соған қарағанда, осы Байко мен Мирзо секілділер көптің бірі болып, осындай түбегейлі келеңсіздіктерге қалтқысыз қызмет етіп жатыр ма деп те ойлаймын.
Менің бір ащы запырандай өкінішім, Қазақтың Ғылым Академиясы мен Қазақстан Жазушылар Одағының көрнекті қаламгер, жазушы-ғалымдарымыз, соның ішінде зиялы қауым өкілдері, ұлт белсенділері, депутаттар осындай көпе-көрнеу «кертартпаларға» неге өре түрегелмейді, неге жеріне жеткізе жазып, биік мінбелерден неге айтылмайды?!
Енді сөзден — іске, айтудан әрекетке көшетін уақыт жетті деп есептеймін.
Мүмкін біз, қазақтар, осындай Байко мен Мирзо секілділердің кесірінен ұрпақтарымызға елінің келешегі үшін шыбын жандарын пида еткен, ұрпағы үшін шейіт болған асыл арыстарымыздың тұлғалық келбетін ұмыттыруымыз керек пе?..
Әлде қазақ енді еркіндігін Мирзодан сұрауы керек пе?

Асқар Сәрсенбай

(11)