mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

Қазақ батырларының аты шекара бекеттеріне берілсе, рухымыз асқақтайды

Бақытбек мырза, сізді жұрт өршіл рухты қазақ деп біледі. Оны ісіңізбен де дәлелдеп жүрсіз. Парламенттің жалпы отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Е.А.Досаевқа жолдаған депутаттық сауалыңыз соның тағы бір айғағы десе де болатындай. Әңгімені осы сауал төңірегінде өрбітсек.
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты — ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», — деп атап көрсетті.
Біздің батыр бабаларымыз аумағы жөнінен әлемде тоғызыншы орынды алатын, о шеті мен бұ шетіне құлан жортса — тұяғы тозатын, қыран ұшса — қанаты талатын ұлан-ғайыр жердің шебін ғасырлар бойы қанын төксе де, арын төкпестен, жанқиярлықпен қорғады. Бүгінгі бейбіт заманда Ұлы Даламыздың шебін қорғаушы жауынгер-шекарашылар да сол батыр бабаларымыздың бүгінгі буыны болып табылады.
Бүгінде 5 мемлекетпен шектесетін және жалпы ұзындығы 15 мың шақырымдай болатын шекарамызда 300-ге жуық шекара бекеті құрылған. Осы бекеттерге сан тараптан сұқтанған жат жұртқа атамекеннің қарыс қадамын да ұстатпай, ұрпағына толық мирас еткен батыр бабаларымыздың атын берсек, орынды болар еді. Мен осы ойымды ұсыныс етіп Үкіметке жолдадым.
— Сіздің терең мағыналы сауалыңыз жастардың патриоттық рухын көтеретіні сөзсіз. Бірақ мұның іске асуы қалай болар екен?
— Мұның ұлағатты үлгісі де бар. 2017 жылдың 3 сәуірінде қабылданған №157 Үкімет қаулысына сәйкес, Өзбекстанмен арамыздағы шекарадағы Қызылорда шекара отрядының 2019-әскери бөлімінің «Қызылқұм» шекара бекеті Жанқожа батырдың атымен қайта аталды. Осының алдында, 2014 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында өткен, Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 240 жылдығына арналған республикалық ауқымдағы іс-шара барысында Қызылқұмдағы шекара бекетіне батырдың есімін беру бастамасын көтерген болатынмын. Бұл бастама жүзеге асты және бұл Қазақстанның Шекара қызметі құрамындағы оныншы атаулы бекет болып отыр.
— Бұл бастамаңыз Үкімет тарапынан қолдау тапса, рухани жаңғыруға да зор үлесін қосқалы тұр-ау…
— Рақмет пікіріңізге. Мен де солай ойлаймын. Біріншіден, ел шебі мен ұлттық қауіпсіздікті қорғаушы шекарашыларымызды дархан далаға қалқан болған батыр бабалардың ұлы рухында, Мәңгілік елдің мақсат-мұратында тәрбиелеуге үлесін қосар еді.
Екіншіден, Қазақстан тарихында ерекше орын алар тұлғалардың атын мәңгі қалдыруға да қызмет етеді.
Үшіншіден, Елбасы рухани жаңғырудың «Туған жер» бағдарламасы аясында ұсынғандай, бұл «есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері» арқылы жас ұрпақтың туған жер тарихын тануына ықпал жасайды.
Төртіншіден, батыр бабалар атымен аталған шекара бекеттері өзге мемлекеттер азаматтарына Қазақстанды әз тарихын және ер ұландарын ұлықтайтын, ұмытпайтын, солардың биік рухымен рухтанатын өр әрі өркенді ел ретінде көрсетіп тұрады.
Бесіншіден, бұл меценаттарды шекара бекеттеріне көмек көрсетіп, қамқорлық жасауға тартуға жол ашады. Өйткені шекарашылар өз қызметі үшін қажеттінің барлығымен қамтамасыз етілгенімен, шекара бекеттерінің көбі Кеңес заманында тұрғызылған және материалдық-техникалық базасы тоза бастаған.
— Бақытбек мырза, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Е. А. Досаевтан депутаттық сауалыңыз арқылы нақты қандай шешімдер болуын сұрадыңыз?
— Мен ол кісіден депутаттық сауалда айтылған мәселелерді ескере отырып, Бөгенбай, Қабанбай, Қарасай, Наурызбай, Ер Жәнібек, Райымбек, Жалаңтөс баһадүр және басқа да байырғыдан бергіге дейінгі батырларымыздың есімдерін еліміздің әр өңіріндегі шекара бекеттеріне беру мәселесін қарастырып, тиісті нұсқау беруін сұрадым. Өйткені Қазақстанның ежелгі және кейінгі тарихындағы ұлы тұлғаларды ұлықтау ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамға айналары анық. Сосын менің депутаттық сауалымды «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері де қолдап отыр ғой. Демек көптің қалауы осы.
— Сұхбатыңызға рақмет!

(10)