Сенаторлар Құрық портында болды

ҚР Парламенті Сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған бір топ сенаторлардың Маңғыстау облысына жұмыс сапары екі күнге жалғасты.

Екінші күні депутаттар облыс орталығындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған облыстық мектеп-интернатына барды. Сенаторларды Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сакеев, Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының директоры Бақшағұл Айтжанова қарсы алды. Мектеп-интернат 2011 жылы ашылған. Бүгінде мұнда көру және есту қабілеттері нашар балалар білім алуда. Қазіргі күні 51 оқытушы 141 баланы білім нәрімен сусындатып келеді. Білім ордасының мұғалімдері депутаттарға бір-екі сабақтан үзінді көрсетті.
Одан кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының делегациясы ҚР Шекара қызметі әскери бөлімінің «Суи» техникалық қадағалау бекетімен танысты. Әскери қызметшілер шекара бекеттерінің жауынгерлік дайындығын көрсетті.
Халық қалаулылары өңір үшін стратегиялық маңызды жоба саналатын Құрық портына барды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2015 жылдың сәуір айынан бастап Құрық портында қуаты жылына шамамен 4,1 млн. тонна паром кешенінің құрылысын салу бойынша жұмыстар басталды. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ компанияларының тобына кіреді. Транскаспийлік халықаралық дәліз көлік-логистика жүйесінің маңызды тізбегі болып саналады. Кешенге паром өткелі және Боржақты-Ерсай теміржол желісі кіреді. Паромдық кешен бидай, мұнай өнімдері, тыңайтқыштар, химикаттар және басқа да жүктерді Каспий өңірімен іргелес мемлекеттерге ауыстырып тиеуге арналған. 2017 ж. 24 наурызда Құрық портынан Бакудың халықаралық «Алят» теңіз сауда портына алғашқы теміржол жүк вагондары жіберілді (Вакуумдық газойл — 6 781 тонна). Металл бойынша импорт — 91 тонна, химикаттар — 90 тонна, ыдыстар — 670 тонна, азық-түлік өнімдері — 2559 тонна, халық тұтынатын басқа тауарлар 1 350 тоннаны құрады. 2016 жылғы желтоқсанда кешеннің бірінші кезеңі іске қосылды. Үстіміздегі жылдың 1 желтоқсанында екінші кезеңі пайдаланылуға беріледі. Жобаның қуаты: теміржол құрамымен паромдық кешен арқылы жылдық мөлшер 4 млн. тоннаны, автокөлікті қосқанда 6 млн. тоннаны құрайтын болады.

(6)