«Майталман салқындық» қай салқындық?

Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысы Г. Төлебаеваға көкейде жүрген бірнеше сауалды шешу үшін арнайы бардым. Басқарма басшысының «орынбасарларға барсын» деп саңқ еткенін естіп, хатшымен бірге ішке ендік.
Әдеттегідей қазақ тілінің тағдыры (облыс көлеміндегі) алаңдататынын айтып келіп, кейбір тілге қатысты, жарнамалардағы жаңсақтықтарға қателерге көңіл толмайтынын тілге тиек етіп, ескі атаулардың әлі күнге неге өзгермегенін айтқан едік. Атап айтқанда, қала орталығындағы балалар кітапханасы әлі күнге дейін С.Маршак атын иеленіп тұрғанын, мұны өзгертуге неге құлық жоқ екенін сұрағанымызда басқарма басшысы ол кітапхананың қай жерде екенін қайталап сұраумен болды. (Бұл қаладағы оқырманы көп кітапхана. Алайда кітапханаға қазақ атауы бұйырмай-ақ қойды).
Сонымен бірге 5-6 ай бойы қаланың ескі бөлігіндегі басты көпірдің қасында мен мұндалап үлкен билбордта «Майталман салқындық» деген аты қисынға келмейтін жарнама мазамызды алған еді. (Майталман сөзі өміршең, кез келген жерге қолдана береді). Тіл жанашырлары бар, елім деген азаматтар бар, өзгертер деп күткен болатынбыз. Ақыры өз аяғымызбен барып, өрескел қателікті айтуға тура келді. Облыстық, қалалық тілдерді дамыту басқармасы, «қазақ тілі қоғамы бар» сықылды тілге қатысты мекемелердің ісінде шалағайлық басым.
Қоғамдық орындардағы (тіл заңында) алдымен атаулар қазақ тілінде, сонан соң өзге тілде жазылуы керек еді. Мемлекеттік тіл туралы заң керек-ақ. Сонымен басқармаға жазған хатымызға жауап келді.
— Жақын арада 200-ден астам атаулар өзгерту мәселесі қаралуда. Бүгінгі таңда тіл мәселесі шешілуде, жанашыр қауымды толғандырған бірқатар проблемалар бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Оны шешу барлық жағдайда басқарма құзырына жата бермейді, — депті. Сонда ол қандай проблема? Тіл мәселесін шешуде толып жатқан мекемелер айлық алып отырса да, жыл сайын мемлекет қыруар қаржы бөлсе де, енді ол қандай қамал алынбай тұрған?
Қазақтың бақыты жұртының бірлігінде, күннің бейбіт, халқының өз тіліне мәдениетіне беріктігінде емес пе?
Ана тілі, оның тағдыры, ала-құла жазулар, оған жауапты мекеменің жанашырлары көңіл көншітпейді.
Алайда істелуге тиісті шаралар қайда? Айтпақшы, тіл басқармасына барған еңбегіміз зая кетпей, бір жұмада аты дүдәмал жарнама алынып тасталды. Демек қолдан бәрі келеді, тек қырағылық, құлық, сауаттылық қажет.

 

Есқұлова Құралай

(11)