Бахытбек Тәжімбет: Қазақ пен мұсылманды бөліп қарау дұрыс емес!

«Ислам — татулық пен тағаттылықтың,
жасампаздық пен жарасымдылықтың діні»

Елбасы Н.Ә. Назарбаев

Заманында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінен кейінгі мұсылман үмбетінің бір Құдай, бір кітапқа сенсе де, өзара бөлінетіні туралы айтып кеткен екен. Адамзат сәруарының тірі шағында ислам діні ішіндегі алауыздық аса күрделі жағдайда шиеленіспегенмен, оның шаһариар-халифаларының өлімдері екіжүзді мұнафықтардың қолынан болғанын тарихтан білеміз. Бұл сол кезде-ақ жер бетіне асыл дінімізбен қатар жат пиғылды топтардың келе бастағанын білдіреді.
Қазіргі қоғамымызда өзекті тақырыпқа айналған мәселе — бабадан бұзылмай келе жатқан дінімізге түрлі ағымдардың енуі. Тақырыпқа орай ҚМДБ-ның Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бахытбек қажы Тәжімбетті әңгімеге тартқан едік.

— Кейде басымызға мынадай ой келеді. Егер ислам тарихында радикалды ағымдардың алды сонау пайғамбар заманынан бастау алса, оның тамыры Қазақ хандығы дәуірінде даламызға қалай еніп кетпегендігі жайлы сұрақ туындайды.
— Қазақ даласы ислам дінін өте ізеттілікпен, бар ықылас-ниетімен қабылдады деп айтуға болады. Сонау Қарахан дәуірінен бері мемлекеттік дін болып жарияланған Ислам байтақ сахарамыздан кеткен емес. Кеңес үкіметінің атеистік ұстанымы мен елді дінімізден бас тартуына мәжбүрлеген саясатына дейін ата-бабаларымыз шариғи заңдарды соншалық берік ұстанып келді. Бұған сонау Қазақ хандығы дәуірі басталғаннан бергі заңдар жинағын алып қараңыз. Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» — шариғат қағидаларына сүйене отырып жазылған жинақ. Арасында ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарақшылық, адам өлтіру, жер дауы, жесір дауы, шекара мәселесі болды ғой. Алайда бабалар заңының күштілігі сол, ел ішінде «қой терісін жамылған» жат ағымдар мен адастырушы топтар атымен болған жоқ. Заң қатты, хан мен би әділ, қараша бағынышты. Бітті!
Сол бабаларымыз өтті, небір шайыр ғалымдарымыздың көзі кетті, қоғам өзгерді. Небір бас көтерер зиялыларымыз, идеолог ғұламаларымыздың барлығынан айырылдық. Әріге бармай-ақ қоялық, Марал Ишан, Досжан Хазірет, Хибатулла ат-Тарази, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп қатарлы бетке ұстар даналарымыздың жасаған еңбегі неге тұрады? Араға жетпіс жыл салып, тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап, елімізге небір діни ағымдар ене бастады. Рас, бұл жерде мемлекетіміздің діни ұстанымға деген осалдығын айтпай кетпеске лаж жоқ. Діни бірлестіктер туралы арнайы заң болмады. Ол уақытта мешіттеріміздің де, құлшылық жасайтын адамдардың да аз кезі. Уаһһабшылар болсын, мадхалиттер, суруриттер, тәкфіршілер, хаддадиттер болсын, ақиқат дінімізбен бірге біртіндеп ене берді.
Елбасымыздың 1992 жылы Торғай жерінде мешіттің ашылуында сөйлеген сөзінде ел арасында ақиқат дінімізбен бірге шаң-тозаңның да бар екенін ескертіп айтқаны жайында видео бар. Ендігі уақытта діни ағымдар туралы халық құлағдар, санасы оянды, ақ пен қараны ажырата алады. Бұл мәселе бүгінгі күннің тәртібінен түскен емес, түспеу де керек. Сонау 90-жылдардың басында келген ағымдарға бірден тоқтау сала алмаймыз. Тек парасаттылық арқылы күресе аламыз. Әлем бойынша пиғылы теріс топтардың болмаған жері жоқ екен. Олардың қазіргі басты құралы — ғаламтор. Әсіресе, бұғанасы бекімеген жастарға өздерінің ұстанымын басты қару ретінде қолдануда.
— «Темірді тат шірітеді. Тат темірдің өзінен шығады. Адамды аздыратын жаман қылықтар да өзіңнен шығады. Ол да тат» деп Шерхан Мұртаза ағамыз айтқандай, ағымдардың соңынан еретіндердің ар жағында үлкен идеологтардың тұрғанынан халық хабардар болса екен.
— Зерттеушілерге сүйенсек, діни ағымдардың 60-тан аса түрі бар. Соның бір түрі — діни ағымдар идеологиясы. Ағымдардың барлығы әр заманның ығына қарай дінді жеккөрінішті қылып көрсетіп келеді. Халықты діннен алыстату мақсатында құрылған құрал. Хазіреті Әлидің билік құрған тұсында ең алғаш пайда болған ағым — хауариж. Пайғамбарымыз бұл ағымдағыларды «дінге кіруі мен шығуы — тартылған жебедей» деп дінге тез бет бұрғаны секілді тез шығып кететінін сипаттаған. Ал Хазіреті Әлидің көзі тірісінде осындай екіжүзділердің кесірінен екі үлкен соғыс болғаны аян. Харижилік жолындағылар діни-саяси тақырыптарда әсірекөзқарас ұстанып, қатыгез іс-әрекеттерімен танылған. Кейін табиғиндер заманында Муғтәзилә ағымы етек жайды. Осыдан екі жарым ғасыр бұрын Араб түбегінде Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб негізін қалаған уаһһаби ағымы дүниеге келді. Ал мадхалиттер тобы, аты айтып тұрғандай, Раби ибн Хади әл-Мадхалидің саяси және діни пікірін қолдайтындар жамағаты. Суруриттер — сириялық Мұхаммед Суруриге ерушілер. Такфир жамағатының негізгі идеологтары — Ибн Таймия, Ибн Қайим, Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб, Абдулазиз ибн Баз, Мұхаммед ибн Салих әл-Усәймин, Салих әл-Фаузан, Насруддин әл-Албани. Махмуд әл-Хаддадтың пікірін қолдайтындар — хаддадия жамағаты. Міне, бұлардың көбі өткен ХХ ғасырда дүниеге келгендер. Өкініштісі, осыларды дәріптейтін, сол жолдарды ұстанатындар өз ішімізде де жүр. Бұлар басшыға бағынамыз дегенмен, мешіт имамдарына қарсы шығатындар, бірқатар ғалымдарды адасқан санайтындар, салт-дәстүрімізді, Ханафи мазһабын мойындамай, сақал өсіру мен балақ қысқартуды діни міндет санап, келіннің үлкендерге сәлем салуын Аллаға серік қосты дейтіндер, шариғат заңымен жүрмейтіндерді кәпір санайтындар, бара-бара Сириядағы қантөгісті астыртын қолдайтындар, тағысын тағы.
— Жоғарыда айтылғандар дініміздің ғұламалары деп мойындалған ба?
— Біреуі ғалым, біреуі ғалым емес, енді біреуі ислам ғалымдары арасында мойындалмаған есімдер. Үлкен ғұламалардың есімдері алтын әріппен жазылып қалса, бұлар тарихтан өшіп барады. Ғалымдар санаттарына кірмеген. Оқуы дұрыс болмаған, тарихты, ілімді дұрыс білмейтін, тіпті, кітапханашы болып жүріп, шала сауатпен өзін ғұлама санағандар бар. Осылардың соншалықты сауатсыздығын ағымдарды басқарып отырған көсемдері оңтайлы пайдаланып кетіп жатыр. Өзім оқуды бітірген 13 жылдан бері осы ағымдарға қарсы жұмыстар жүргізіп келемін. Сонда кездескендердің көбі сауаты төмен, мектепті дұрыс оқымағандар, көшедегі бұзықтар, әлжуаз, отбасылық жағдайы төмендер. Яғни біздің діннен сауаты жоқ, тілді толық білмейтін, қазақилығы төмен азаматтарымызды өздеріне оңай тартып әкетеді. Әрине, оқуды жақсы оқығандары бар, бірақ бұл жерде тағы да сол идеология жеңіп кетіп тұр.
— Демек «үй ішінен үй тіккендер» қандай да бір әдебиетке сүйенбеуі мүмкін емес қой?
— Әлемде ғалымдар куәлік берген сиқырлық жолмен жазылған үш кітап бар. «Үш негіз», «Төрт қағида», «Жүректегі күмәндарды жоқ қылу». Соларды діни ағымдағылар оқиды. Кім сол кітаптарды оқиды, ол эктремист, лаңкес болып шығады. Қазіргі елімізде жүргендер солардың бір-екі парағын, жартысын оқығандар. Сосын «қазақсың ба, мұсылмансың ба» деген ауытқу сұрақтар қояды. Біздің қазақ болғанымызға өзіміз себеп емеспіз ғой. Алла адамдарды бір ер, бір әйел адам қылып жаратып, солардан таратты. Ұлт ұлтқа, тайпа-тайпаға бөлдім дейді. Қазақ пен мұсылманды бөліп қарау дұрыс емес. Олардың ойы — ұлт болмау керек, тек мұсылман болуың шарт.
— Барлық діннің өз ішінде теріс пиғыл ұстанатын ағымдары бар. Қазіргі кезде экстремистер мен терроршылар де-се, оны жасайтындар мұсылмандар деген көзқарас қалыптасқа-ны жаныңа батады.
— Кешегі Лас-Вегастағы алпысқа жуық адамды қырған америкалық Стивен Пэддок мұсылман ба? Жоқ! Оны АҚШ тергеу орындары, қарапайым ғаламтор қолданушылары алдымен «Ислам мемлекеті» (Қазақстанда тыйым салынған) ұйымымен, басқа да экстремистік топтармен байланысы бар-жоғын тексергеніне күмән жоқ. Бірақ 64 жасар лаңкестің ешбір ұйыммен байланысы жоғына көз жеткізіп, тек құмар ойындардан ұтылып қалып, соның есесін бейбіт тұрғындардан қайтарғанын ешбіреуі террорлық акт деп жатқан жоқ. Экстремизм мен террорлық лаңкестіктің түрі көп. Мен өзім оқып жүрген кезімде «Ағылшын ғалымдарының мойындаулары» деген орыс тілінде жазылған кітабының мұқабасында ағылшын ұлтының ислам ғұламаларының кейбір ой-толғамдарын пайдаланып, мұсылмандарды екіге бөлу мақсатында, мұсылман халқының өсуін тоқтату мақсатында ағым құрылғаны жайында жазылған. Сондағы мақсаттары — ғалымдардың пікірін бұрмалап тұрып, халықтың санасын улау саясатын жүргізу. Ал біздің елімізге келген ағымдарға бей-жай қарамау керек, олардан неғұрлым сақ болу қажет. Кез келген адам «сақтансаң сақтаймын» деген ұстанымда болып, басқаларды ескерте жүру керек.
— Алдыңғы жылдары жат ағымдардың жетегіне ерген қандастарымыздың Сириядағы «жиһад» соғысына кеткені қо-ғамды дүр сілкіндіріп еді. Сол кезде Сирия-дағы жағдай дабыл қақтырардай болатын. Қазір біршама бақылауға алынды. Біраз қалалар азат етілді. Жалпы, бұларды не қызықтырады? Шынымен де дінге деген шынайы берілгендік пе, әлде материалдық жағдай ма?
— Бұларды түрлі жағдайлар қызықтыруы мүмкін. Біреуі бала кезден көсем болсам, басшы болсам деуі мүмкін. Кез келген адам армандайды. Бірақ басқару оған нәсіп болмайды. Ал көзсіз ағымға кіріп кеткеннен кейін олар өз араларында «әмір», «көсем» сайлайды. Біреуі тұрмыстық жағдайға байланысты. Бұларды сырттан қаржыландырып отырғаннан кейін, арнайы ақшалай ақы бөлініп отырған соң, бұл қадамға барады. Ешқандай қиналмастан, үйде ғаламторда отырып, оңай олжаға кенеледі. Бұл — жеке пікірім. Содырлықтың бір сұрқия көрінісі — қоғамға, жазықсыз тұрғындарға зияны. Нақақтан адам өлтіру, террорлық әрекетке бару. Бұлар үкіметтің заңына бағынудан қалады.
— Облысымызға бас имам болып келгеніңізге екі жыл болды. Біршама шаруалардың атқарылуына мұрындық болдыңыз. Жаңа зәулім мешіт бой көтерді. Бірқатар аудан орталықтары мен ауылдарда мешіттер салынып, қайта жөндеу көріп жатыр. Осы аралықтағы өңірдің діни ахуалына, соның ішінде жат ағымдар жағдайына тоқтала кетсеңіз екен. Себебі келте балақ, қауға сақал жастарымызды мешітте әлі де көреміз.
— Біздің Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жаңадан ғана құрылып жатыр. Министрлік пен Діни басқарма бірігіп, мешіттердің ішкі әдеп-ережелерін бекітті. Соның ең бастысы — мешіт имамына бағыну. Жергілікті жамағатты алдымен бір ай бойы осы жөнінде құлағдар еттік. Облыста 37 мешіт болса, онда тұрақты құлшылық қылуға келетіндер саны 3 мың мен 4 мың аралығы. Мешіт әдебі — бағынуға, мәдениетке негізделген қарапайым талаптар. Бірақ сол ережені ұстанбайтын жат ағымның жетегінде жүрген топтар бар. Ойларынша, біз оларды тәртіпке келтіріп емес, қудалап жатыр екенбіз. Қазақстан мешіттерінде Діни басқарма бекіткен ортақ тәртіп бойынша имамның соңында намаздарда тұрғанда Ханафи мазһабының шартын орындамайтындарды көріп жүрсіздер. Рукуғке барарда, рукуғтен қайтқанда екі қолын кеуде тұсына дейін көтеретіндер, намаз соңында екі жаққа сәлем бергеннен кейін қол жайып, дұға-бата жасамайтындар бар. Сіз кез келген мекемеге барсаңыз, күзетшілер құжатыңызды сұрап, ұялы телефоныңызды төменде қалдырып кетуіңізді талап етіп, қосымша тексеріп жатпай ма?
— Мешітте имамдар тарапынан адасқан мұсылмандарға қатысты қаншама насихат сөздер айтылады. Сол сөздерді тыңдамай, өзара қауқылдасып, уағызға кедергі келтіретіндерге кейде ақсақалдар араласып, ескертіп, тіпті, ұрсып та жататынын көреміз.
— Оларға ұрсып жатса, тыңдамай, тұрып кетіп қалады. Себебі адасып жүргендердің түйсігінде біздің салтымыздағы көркем дүние — алдыңғы буынды сыйлау, құрметтеу деген жоқ. Мынау үлкен-ау, сыйлы қария ғой деген ұғым болмайды. Қажет туындаса, туған-туысты тәрк етуге дайын. Біз олардың белгілерін, қоғамға, мемлекетке зиянын күнделікті, әсіресе жұма намазы күнгі уағыздарымызда, одан қалды БАҚ арқылы да, видеолар, үнпарақтар арқылы да ашық айтып, халыққа жеткізіп-ақ жатырмыз. Оқу орындарына, мекемелерге барып, жат ағымдар туралы айтып жүрміз. Бірақ ол әлі де жеткіліксіз. Қазіргі имамдардың олар жайлы мағлұматы өте терең. Сол себепті тағы да заңмен толық тыйым салынбағаннан кейін тілімізді тістеп отырғаннан басқа қайран жоқ. Олар бізге, біз оларға ашық келе алмаймыз. Сол себептен жастарға астыртын келіп, өздеріне тартқысы келетін топтардан аулақ болып, тек ресми, келісілген жиындардағы дін қызметкерлерінің айтқанымен жүруге шақырамыз.
— Сіздің бір отырыста осы азаматтарды ашық дәлелмен пікір таластыруға шақырғаныңыз есімде.
— Егер олардың білімі жетіп тұрса, ашық дискуссияға келер еді. Тіпті, дастарқан жайып тұрып та шақырып көрдік. Ал уағыз, пікір таластыруға келгенде, қол жайып, бет сипамастан кетіп қалады. Намаздардан кейін алып қалып сөйлесейік десек, олар бұрын кетіп қалады. Өйткені біз намаздан кейін таспиық тартамыз, дұға жасаймыз, соңынан құран бағыштаймыз. Ол кезде әлгі өзін мұсылман санап жүргендер тайып тұрады. Оларға «мешітке келме, келсең, ерте кетпе» деп мәжбүрлей алмаймыз. Өйткені олар заңды жақсы біледі. Конституциядағы «кім қандай сенімді ұстанса, өз еркі» дегенді біледі де, заңмен тыйым болмаған соң, бізге жала жауып, құқығымызды аяқасты етіп тұрсың деп бәле салады. Кейде олардың отбасыларын аралаймыз, ата-анасына барамыз. Құранда Алла алдымен өзіне құлшылық қылуды, содан кейін әке-шешеге бағынуды бұйырады. Әке-шешенің айтқаны Құдай сөзінен кейінгі заң екенін пысқырмайды. Тағы да сол қол қусырып қайтуға мәжбүр боламыз. Өткен ғасырларда өмір сүрген пайғамбар жолын ұстанушы, сахабалар ізімен жүрген ғұламаларымыз да әлгі ғалымсымақтарды ашық дискуссияға шақырған кезде де, олар келмеген. Келсе де, сұрақтарға жауап бере алмаған немесе шала жауап бергендігі туралы тарихта бар. Құранда ақиқат келген кезде жалғанның кететіндігі жайында айтылады.
Тағы бір айтатын жайт, келгеніме екі жыл болса да, бірде-бір ағым өкілі келіп, садақасымен бөліскенін көргем жоқ. Басқа облыстарда да солай болатын. Мешітте мұқтаж жандардың тізімі бар, соларға деп бір қайырымдылық жасағанын көрмедім. Олар да мешітке келеді, жуынады, басқа жамағатпен намазға бірге тұрады. Апта соңында мешітте ішкі-сыртқы тазалық жасағанда да біреуі келіп қол көмек жасамады.
— Сіздер оқу орындары, мемлекеттік басқа да мекемелерден тыс түзету орындарында сотталушылармен жиі кездесесіздер. Олардың арасында бүлік шығарып, лаңкестік бабы бойынша жазасын өтеп жатқандар да бар. Солардың арасынан жаңылдым, жаза бастым, қателестім, тәубама келдім дейтіндер бар ма?
— Атырауда, Ақтөбеде лаңкестік жасағандармен түрмеде сөйлестік. Адасып жүрген кездерін есіне саламыз. «Сенің мақсатың не, неге бейбіт тұрғындарға оқ аттың?» — деп сұраймыз. Көбінің жауабы: «Біз сол аумақты басып алып, өзіміз басқарғымыз келді», — дейді. Үлкен мемлекетте тұрып, аз ғана топ оның аз ғана аумағын басып аламыз дегенінен-ақ олардың санасының қаншалықты тар екенін байқауға болады. Олар үкіметке, қоғамға ренжулі. «Мектепте орамалмен кіргізбейді, бүйтпейді-сүйтпейді» дейді. Ойларынша, айнала түгел күнәһар. Тек жаман жағын ғана көреді. «Бала кездегі арманым басқарушы болғым келді, үкімет оған мұрша бермеді. Сол себепті өзім басқаратын аумақ құрғым келді» дейді. Кез келгені солай ойлайды. Сонда олардан «басқару үшін міндетті түрде қан төгу керек пе» деп сұраймыз. Сонда «қазақта «атың шықпаса, жер өрте» деген сөз бар емес пе» деп халық мәтелін турасынан келтіреді. Міне, көрдіңіз бе, қазақтың қарапайым сөзін түсінбеген адам арабтың тілін қайдан түсінсін? Түзету мекемесіндегі еркек болсын, әйел болсын, жаңылдым дегендер болады. Бірақ оған өте көп уақыт керек екен. Оларға райынан қайту үшін бірнеше ай қажет. Рас, түсінгендер өте көп. Дегенмен солардың «көсемдерінің» арасынан райымнан қайттым дегендерін өз басым көрген емеспін.
— Бәлкім, көп ойланып, тәубаға келуге бостандықта жүрген жамағатынан сескенетін шығар?
— Ағымдағылар өз ішінде өтірік айтпайтын болар, бірақ қоғамда, тергеу өкілдерімен болғанда өтірік айтуды күнә санамайды. Себебі мені тергейтіндер мұсылман емес деп есептейді. Солардан «неге Әбу Ханифа мазһабын ұстанбадың?» деп сұрасаң, олар «бауырларының» алдында өз жолын сатып кеткен есебінде болатынын айтады. Бір ғана мысал, қасиетті қажылық парызын өтеу үшін Меккеге барған күллі мұсылман баласының барлығы төрт мазһабтың өкілдері бола тұра, уақытша Ханафи мазһабына өтеді. Қажы атанып, еліне оралған соң, қайтадан өз ұстанымына өтеді.
— Қазір орамал тағу мәселесі елімізде де, бұрынғы кеңестік мұсылман елдерінде де күрделі тақырыптардың біріне айналды. Кей республикалар өздерінің ұлттық киімін, соның ішінде жеңіл бас киімдерін мектеп, басқа да қоғамдық орындарда киіп жүруіне ұсыныс беріп жатыр. Бізде осыған қандай тоқтам болуы мүмкін? Діни басқарма, жауапты министрліктің шығаратын пәтуасы қандай болмақ?
— Дін істері, білім министрліктерінің бекіткен тәртібі бар. Бұл жерде мемлекет пен халықтың ортасында қалып қойған тағы да біздер. Қолдан келгенше түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Облысымызда қаншама дін өкілдері, соның ішінде шәкірттеріміз де бұл істерге атсалысуда. Біз зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқан халықпыз. Орамал мәселесі ұлы айғайға апаратын мәселе болмау керек. Дегенмен біздің тарап та Алланың бұйырғанын орындағымыз келеді. Балиғатқа толған қыз балаларымыздың, әйел адамдардың шашын жауып жүргенін қалаймыз. Бірақ бізде мектепте киіну тәртібі біреу. Мені қуандырған нәрсе — бай баласы мен жағдайы төмен отбасы балаларының ортақ бір киім үлгісіне көшкендігі. Ер балаларды айтпай-ақ қоялық, ал қыздарымыздың өздеріне жарасымды, тізеден төмен түсіп тұрған формаларына ендігі жерде бастарына бір жапырақ матадан орамал ма, тақия ма, кигізіп қойса.
— Мына бір сауалым діни ағымдарға қатысы жоқ, бірақ ел анық-қанығын біліп отырсын деген әңгіме ғой. Облысымызда жаңадан ашылған немесе күрделі жөндеулерден өтіп жатқан мешіттеріміздің қатары толығып келеді. Алайда сіз біздің аймаққа келмей тұрып, осыдан бірнеше жыл бұрын Арқалық жағында «мешіт сатылады» деген әңгіме шықты. Осы мәселе қоғамда біраз талқыға салынып еді.
— Имамдар арасында басқа облыстарға барғанда, Қостанайда мешіт сатылады екен деп әріптестерім әзілдеп жатады. Жаныңа батады. Бұл маған дейін 2012 жылдары қозғалған екен. Мен ол кісіге (кәсіпкер Болат Әбдібеков) барып тілдестім. Жағдайды білдім. 2011 жылғы шыққан заңға сәйкес ғибадат үйінің салыну, орналасу тәртібі бар. «Сіз бүкіл ғаламторға, телеарналарға мешіт сатылатыны туралы айғайлатып тұрып неге бересіз?» — дедік. Ғимаратының өзі сол кісінің меншігіндегі жерде орналасқан, бірақ мешіт ретінде ҚМДБ тіркеуіне алынбаған. Сол себепті кез келген күмбезі бар нысанды мешіт деп айта беруге болмайды ғой. Мешіт сатам деп дабыра қылмаңыз деп, екі рет ол кісіге хат жолдадым. Мейлі, ғимарат ретінде сата берсін. «Болмаса мешіт балансына беріңіз, асхана қылып жалға алайық» дедім. Ал Арқалық пен Амантоғай жұрты мешітке мұқтаж емес.
— Халықтың дінге деген сауатын оятып, олардың жат ағымдарға еріп кетпеуіне алдымен дін өкілдерінің қызметі зор. Қазір біздің облыстан діни салада жоғары білім алып жатқан жастар бар ма? Кейін сол мамандардың елге оралуы қалай болады?
— Екі жыл ішінде «Нұр-Мүбарак» университетінде 49 шәкірт білім алуда. Мұның сыртында елімізде 11 медресе болса, олардың үшеуі колледж есебінде. Оларда 22 оқушы тәлім алуда. Әр жылда 30 балаға дейін оқуға жіберіп тұрмыз. Төлей алмайтындардың ақысына көмек сұрап демеушілерге жүгінеміз. Осы үрдісті 5 жыл жалғастырсақ, облысымызды жоғары сауатты имамдармен толықтыра аламыз.
— Біздің облыста медресе ашу қажеттілігі бар ма?
— Қазір халық өте сауатты. Сұраққа жауап беру үшін сауатты мамандар қажет. Әзірге шәкірттерді сыртқа жіберуден басқа лаж болмай тұр. Бірақ келешекте Алла қалап, «Марал Ишан» мешіті қайта жөндеуден өтіп жатса, медресе діни ағарту орнын ашсақ деген ойымызда бар. Сол кезде шәкірттеріміздің басқа қалаларға бармай-ақ, өзімізде оқуға мүмкіндігі болады. Екінші жағы ұстаздар да үйренген, білгенін шәкіртке үйрету арқылы біліктілік шыңдап отырады. Тағы бір ойым, мешітіміздің сыртында мал соятын орын бар. Ол жерде үнемі мал бауыздала бермейді. Құрбан айт кездерінде болмаса, айына бір-екі қой ғана сойылады. Сол орынға неге 3 қабатты медресені жатақханасымен салмасқа?! Екі қабатын оқу кабинеттері етіп, жоғарғы қабатын неге имамдарға пәтер ретінде бермеске? Бірақ медресенің ашылғанына қарамастан, мешіттерімізде оқу курстары ашылған. Бір жылда 70-ке жуық шәкірт оқытып шығардық. Оның барлығы сол жастарымыздың сауатын арттырып, жат ағымдардың жетегінен қорғауға бағытталып жатқан іс.
— Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан — Қыдырбек Қиысханұлы, Қостанай облысы.

(33)