Атырау облысының әкімі Н. А. Ноғаевқа Атырау әуежайына Хиуаз батырдың есімі қашан беріледі?

Құрметті Нұрлан Асқарұлы!
Ұлы Отан соғысының ардагері, қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш штурман-атқыш, ұшқыш, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімін Атырау халықаралық әуежайына беру мәселесі қоғамдық жұртшылықтың тарапынан бірнеше жылдан бері қозғалып келеді.
Республикалық «Айқын» газетінде атыраулық тілші Тұрсын Қалимованың осыдан бес жыл бұрын көтерген бастамасы кейбір Парламент депутаттары тарапынан да қолдау тапты. Сенаторлар С. Еңсегенов, С.Жалмағамбетова, Қ. Ишанов, Ғ. Есімдер қазақтың батыр қызы X. Доспанованың есімін Атырау халықаралық әуежайына беру туралы 2012 жылы наурыз айында Үкімет басшысына депутаттық сауалмен шыққан болатын. Алайда ол кезде ономастика заңдарына толықтырулар мен өзгерістер енгізілуіне орай мораторий жарияланған еді. Содан бері 5 жыл мерзім өтті.
Қоғамдық жұртшылық көтерген осы мәселеге «Эйр Астана» әуе компаниясы да аса зор мән беріп, кезінде тұңғыш жекеменшік ұшақтарының біріне Хиуаз Доспанова есімін берді. Оның алғаш ұшу бағытының тұсаукесері Атырау қаласында өтті.
Халық қаһарманы X. Доспанованың есімін ұлықтау мақсатында Т. Қалимованың құрастыруымен «Хиуаз» атты кітап жарыққа шықты. Жуырда ғана облыстық ардагерлер кеңесінің ұсынысымен «Хиуаз Доспанова» атты естелік медаль шығарылды.
Облыстық ардагерлер кеңесі Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, Халық қаһарманы X.Доспанова атындағы шәкіртақы мен жылма-жыл өтетін кросс жеңімпазына кубок тағайындады.
Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдарында өз еркімен соғысқа аттанып, жауға қарсы 300 рет әуеден соққы беріп, үш рет ауыр жарақат алған жағдайына қарамастан, Ұлы Отан соғысының аяғына дейін жауға қарсы күрескен қазақтың батыр қызының есімін ұрпақтар жадында сақтап қалу, оның ерлігін дәріптеу арқылы жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру — біздің перзенттік парызымыз.
Қоғам тарапынан зор қолдауға ие болған ұсынысқа орай, атыраулық ардагерлер, өңір жұртшылығы Атырау халықаралық әуежайына Халық қаһарманы X. Доспанованың есімінің берілуін зор үмітпен күтуде. Сізден Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, жастардың, жалпы жергілікті тұрғындардың ғана емес, еліміздің өзге де өңірлерінің тұрғындары тарапынан қолдау тауып отырған бұл үлкен маңызды мәселеге қолдау көрсетуіңізді сұраймыз.

Атырау облысы ардагерлерінің, қоғамдық жұртшылығының атынан:
Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Атырау облысының
құрметті азаматтары,
барлығы 9 адам қол қойған

(14)