Суретшілер ауылында сәулетті мешіт бой көтерді

Ерболат Төлепбай рухани жаңғыруға осылай үлес қосты

Қасиетті жұма. Оңтүстік Қазақстан облысының тау етегіндегі Төлеби ауданының табиғаты тамаша Тасарық ауылының тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Алланың жердегі үйі — жаңа мешіт есігін айқара ашқалы тұр. Үлкені бар, кішісі бар, жергілікті жамағат ғұсылын алып, дәретін жаңалап, жаңа мешітте оқылатын алғашқы жұмаға асыға ағылуда. Маңдайшасына «Ұлдар апа» деп жазылған құлшылық үйі сәнді де сәулетті болып бой көтеріпті. Бұл әрбір қазақ жіті тани қоймағанымен, әлемнің кіл мықты деген қылқалам шеберлерінің өзін мінсіз мойындатқан суретші Ерболат Төлепбайдың Алла разылығы үшін, анасы Ұлдар апа әруағының разылығы, жерлестерінің Жаратушыға деген құлшылығына қызметі үшін қолға алып, бітірген бір игі ісі болды.
…Ала жаздай аспанынан бір шөкім ала бұлт көрінбей, аптап ыстығы аңқа кептірген оңтүстіктің күні қоңыр күз түскенде де анда-санда қиқар мінез көрсететін аңызақ желі болмаса, әлі де салқынын сездірмей жүрген болатын. Кешегі аптадағы қасиетті жұма күнгі ауа райы мүлдем бөлекше болды. Аспанды қаптаған қара ала бұлт бір жағы күз мінезінен хабар берсе, бір жағы көптен жауын көрмеген Жер-Ана үшін аспаннан нұр тамғандай әсер етті. Қойны-қонышыңды қуалап, тұла бойыңды тітіркендіріп жіберетін суық жел алдағы қыстың қаһарлы боларынан хабар беріп тұрғандай. Жоқ, әлде бұл мінезді адамдардың дүниеге келуіне себепкер болатын туған жер табиғатының тәкаппарды да тәубесіне түсіретін ерекше мінезі ме екен? Осындай мінезді табиғаты бар өңірде дүние есігін ашқандар да мінезді келетіні бекер айтылмаса керек-ті.
Міне, осындай мінезді мекенде дүниеге келіп, кіндігі ауылда кесіліп, бүгінде атағы алты құрлықты шарлаған жерлесіміз Ерболат Төлепбай мешітті ел игілігіне ұсынар алдын көпшіліктің басын қосып, әруақтарға арнап ас берді. Алыс-жақыннан, оның ішінде көрші мемлекеттен арнайы келген қонақтар, суретшінің жерлестері: мемлекет және қоғам қайраткерлері Мүсілім Дайырбеков, Амалбек Тшанов сынды ел ағалары бастаған қауым дұға-тілектерін айтып, ниеттің қабыл болуына тілектестік білдірді. Сол аста сөз алған «Қазақстан Заман» газетінің бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, елге танымал журналист, елдің анасы атанып жүрген апамыз, Ерболат Төлепбайдың қайынбикесі Сәуле Мешітбайқызы тарихтың тереңінен сөз қозғай отырып сөйледі. «Ерболат мен үшін күйеу бала емес, әлем мықтыларын мойындатқан дара талант, қазақтың маңдайына біткен ортақ жұлдызы. Мен Ерболатты мақтамаймын, онымен мақтанамын. Өзім туып-өскен ауылды (Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Биназар батыр ауылы) «Әжінің ауылы» дейтін. Сол Кеңес дәуірінің өзінде бізге деген елдің ерекше ілтипатын сезінуші едік, соған іштей мақтанатынбыз. Ата-анамыздан естігеніміз: алты алашқа есімі белгілі Қасымбек датқа, яғни атамыз қажылыққа елмен қоштасып, екі рет жаяу барған екен. Әкеміздің атын Мешітбай деп қоюы да тегін емес. Менің әкем Мешітбай — Қасымбек қажының шөбересі, атын қажы атамның өзі қойыпты. Ғалым Мекемтас Мырзахметов аға өз еңбектерінде Ташкент мұрағатынан алынған құжаттарға сүйеніп, XIX ғасырдың орта шенінде қажылыққа ұлы жүзден датқа Қасымбек қажы, орта жүзден Құнанбай қажы, кіші жүзден Мырқы би барғаны туралы деректер берген. Сол кездері Меккеде тәжік, өзбек, түрікмендердің тақиясы — қонақ үйі болған екен, ал қазақтарда тоқтайтын орын болмауы себепті жоғарыдағы үш кісі Мекке әкімшілігіне барып, жер сатып алып, қажылыққа барған қазақтарға арнайы 2 тақия салғанын дәлелдермен келтіреді. Мен сол Қасымбек датқа қажының шөбересінен туған шөпшегімін. Міне, ата-бабаларымыздың сонау Меккеге дейін барып, қандастарын имандылыққа шақырған игі істерін бүгін Ерболаттай ел азаматтары жалғастырып, кейінгі ұрпақты иманға шақырумен бірге оларға үлгі-өнеге де көрсетіп отыр. Ерболатқа алғыстан басқа айтарым жоқ», — деді Сәуле Мешітбайқызы.
Ерболат Төлепбайды әрбір қазақ жіті танымағанымен, оның азаматтық тұлғасын, қаламынан туған еңбектерін шет мемлекеттің қоғам қайраткерлері жақсы таниды, айрықша құрмет тұтады. Осыдан 62 жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы Ленгер (қазіргі Төлеби) ауданының бір ауылдың өзінен 20-ға жуық танымал қылқалам шебері шығып, суретшілер ауылы аталып кеткен Тасарық ауылында дүниеге келген Ерболат Тоғысбайұлы ағаларының ізін жалғап, сурет өнерінің қыр-сырын меңгеруге бала кезден құштар болды. Есейе келе елден жырақтау кетіп, күндіз-түні кескін өнерінің құпиясына қанығуға тер төкті. Нәтижесінде сурет саласындағы әлемнің марқасқалары мойындаған қайталанбас, ұлы туындылар дүниеге келді. Сырбаз өнердің сырын терең ұғынады, тілін жақсы түсінеді деген АҚШ, Франция, Германия, Италия, Индия, Қытай, Белгия секілді отыз бес мемлекетте сурет көрмесін ұйымдастырып, талайдың таңдайын қақтырды. Бүгінде аталған мемлекеттердің көпшілігінің мұражайынан жерлесіміздің қайталанбас туындылары ойып тұрып орын алған. Мәскеу, София қалаларында халықаралық конкурстардың жеңімпазы атанып, Кеңестік дәуірдегі ең беделді марапаттардың бірі саналатын «Ленин комсомолы» сыйлығын иеленді. Қырғызстан, Ресей, Чех мемлекеттері сурет академиясының академигі атанды. Ал 2002 жылы Брюссельде «Евроюнион» сыйлығын қанжығаға байласа, Прага қаласында алған «Масарик» атындағы күміс медаль мен «Сальвадор Дали» атындағы халықаралық альянс сыйлығын, «Франция өнері» орденін иемдену — Ерболат Төлепбай сынды тек таңдаулы деген мықтылардың ғана маңдайына бұйыратын бақ. Меценаттар тағайындаған «Тарлан» сыйлығын иеленудің өзі не тұрады десеңізші!
Қасиетті жұма күні есігі айқара ашылған мешітте жиналған жамағатқа алғаш болып жұма намазын оқу бақыты бұйырды. Алланың жердегі үйінің ашылу салтанатында дұға етіп, тілек білдіргендердің арасында Оңтүстік Қазақстан облысының өкіл имамы Ахметжан Керімбеков мешіт жамағатымен көрікті екенін ескере келіп, «мешіт жамағаттан үзілмесін, жамағатымен көркі аса берсін» деген тілегін білдірді.
«Сыйға — сый» демекші, ауылға осындай қамқорлығын жасап отырған атпал азаматқа ауылдастары да құрмет көрсетпек ниетпен ат мінгізіп, шапан жаппақ болды. Бірақ Ерболат Тоғысбайұлы оның ешқайсысын да қабыл алмады. Әрине, менсінбегендіктен емес. «Елдің игілігі үшін жаратыңдар» деді. Оның бұл әрекетінен ең алдымен Алланың разылығын алу ниетін, сонымен қатар жомарттық, «бір тамса да елге тамсын» деген жанашырлық, қамқорлық сезімін аңғаруға болады.
Жомарттық демекші, суретші елге деген қамқорлығы мұнымен шектелмейді. Өзі білім нәрімен сусындаған Тоқболат Тоғысбаев атындағы мектептің үздік оқитын 20 оқушысына 20 жылдан бері өз атынан шәкіртақы тағайындап, ауыл балаларының оқуға деген ынтасын көтеруге атсалысып келе жатқаны — айрықша айтуға тұрарлық игі іс. Ерболат Төлепбайдың жерлестері, мектеп ұжымы ол кісінің осыған дейін де мектепке демеушілік жасап, өз қаражаты есебінен күрделі жөндеу жұмыстарын жасап берген сауап ісін ұмыта қойған жоқ.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына үн қосқысы келгенін білдірген Мемлекеттік сыйлықтың иегері, өнер қайраткері Ерболат Төлепбайдың өзі бұл туралы: «Өзіміздің елге деген, Отанымызға, тәуелсіз мемлекетімізге деген үлесімізді білдіргіміз келді. Өзім туып-өскен ауылда, өзім бітірген мектепке 20 адамға премия арнағанмын. Мектептің алдына елімізге белгілі қайраткер, халық суретшісі Тоқболат Тоғысбаевтың мүсінін жасауға да атсалыстым», — дейді.
Иә, имандылық үйі жамағатқа толып, мектепте үздік шәкірттер тәрбиелене берсін деп тілейміз.
Шадияр Молдабек,
Оңтүстік Қазақстан облысы

(13)