mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің Астана қаласындағы тілшісі.

«ШЕТКЕ ЗАҢСЫЗ ШЫҚҚАН АҚШАНЫ ХАЛЫҚ БІЛІП ОТЫРУЫ ТИІС»

«Ақ жол» фракциясының көшбасшысы Азат Перуашев офшорда жатқан миллиардтарды қайтаруды үнемі сөз етіп жүр. Бұған дейін бұл мәселені көтеріп, бірнеше рет жоғарыға депутаттық сауал да жөнелткен. Оның нәтижесіне көңілі көншімей ме, қайдам, бұл жолы өткенді тағы бір еске салмақ ниетпен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен ҚР Бас Прокуроры Жақып Асановқа түйткілді мәселенің түйінін шешу үшін қайыра депутаттық сауалмен шықты. Жалпы отырыстан кейін депутат Азат Перуашевті журналистер қаумалап алып, сұрақтың астына алды.
— Билікке жолдаған депутаттық сауалыңыз тағы да офшор төңірегінде өрбіді. Байқауымызша, жасалып жатқан жұмыстарға көңіліңіз толмайтын сияқты ма, қалай?
— Жоғары биліктің жұмысына араласа алмаймын. Олар, сөз жоқ, әрекет жасап жатыр. Менің айтқым келгені мүлде басқа. Бүгінде халықтың көзі ашық. Жасырын ештеңе болмауы тиіс. Сондықтан қоғам қаражатты заңдастыру кезінде қанша қаржы офшордан қайтарылғанын және оның қанша сомасы жиналғанын білуі керек қой. Мен осыған қатысты мәліметтерді жариялауды талап еттім. Оған депутаттық құқым да бар.
— Мұнымен қоса Қазақстаннан шетке шығатын қаржы туралы да әңгіме қозғадыңыз?..
— Иә, Қазақстаннан қаражат алып шығуға қанша рет әрекет жасалғанын да білгім келді. Мұны көпшіліктің де білгісі келетіні даусыз. Өйткені ереже бойынша заңсыз шығарылған қаржы жемқорлық болып есептеледі.
— Бұған қандай да бір нақты дәлелдеріңіз бар ма?
— Мысалы, мемлекеттік компания медициналық құрылғыны сатып алуға Маршалл аралдары арқылы төлем жасап, төрт есе көп қаржы жұмсайды. Бұл жөнінде Есеп комитеті мәліметтерінің бірінде келтірілген. Мұндай қаржылар Қазақстан экономикасына түк пайда әкелмейді. Не жұмыс орындары құрылмайды, не инвестицияланып, өнім шығарылмайды. Шығындар елдің жылдық жалпы ішкі өніміне кері әсер етеді.
— Өз пайымыңыз бойынша, біздің елден шетелге қанша қаражат аударылды деп бағамдайсыз?
— Естеріңізде болса, 2016 жылы Бас Прокуратураның «10 жыл ішінде елден 100 млрд. доллар шығарылған» деп мәлімдеме жасағаны бар. Ал Ұлттық банктің мәліметінше, шетке кеткен тікелей инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 113 млрд. долларды құрайды.
Тәуелсіз БАҚ-тардың сараптамасына жүгінсек, 113 млрд. доллардың 58 миллаирды офшорға кеткен. Бұлардың барлығы ресми аударымдар. Ал көлеңкеде қалған қаржы туралы тек болжап білуге болады. Нақты айту қиын.
— Сұрақтарға жауап бергеніңізге рақмет!
Ермұрат Назарұлы

(10)