mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің Астана қаласындағы тілшісі.

Су тасқынының алдын алу қажет

Елімізде су тасқынының жыл сайын қайталанып, көктем келсе қуанатын қарашаны әбігерге түсіретін төтенше жағдайдың жиі орын алып жүргені баршамызға айдан анық. Кеңестік кезеңде азды-көпті атқарылған жұмыстар, қолға алынған жобалар болған еді демесеңіз, егемендік алған жылдардан бері қарай республикамыздың су шаруашылығына аса қатты көңіл бөлінбеген-ді. Мінеки, бір ғана Қазақстанды емес, күллі дүниежүзі халықтарын алаңдатып отырған ғаламдық жылынудың салдары неге әкеп соғып отырғанын тәптіштеп айтпаса да түсінгендейміз. Қауіп-қатердің алдын алу үшін жыл басында Президентіміз Н.Назарбаевтың өзі Үкіметке тапсырма беріп, қандай шаруалар атқарылуы тиіс екенін баса айтты.
Иә, тәуелсіздік алып, бойын енді ғана тіктеп, есін жиған еліміз үшін халықтың әлеуетін көтеріп алу бірінші орында тұрған болатын. Мұны ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев қайталап айтудан жалыққан емес. Бір білетініміз, су тасқынының алдын алу жұмыстарына биыл ерекше көңіл бөлініп, комитет басшысынан бастап, қарапайым жұмысшыға дейін бұл іске білек сыбана кірісіп кетті. Мәселен, жуырда ғана Ақмола облысының үш ірі су торабының бірі Подлесненск су қоймасына жолымыз түскенде осыған куә болдық. Біріміз білсек, біріміз білмеспіз, осы көктемде Алва су торабы, Подлесненск және Преображенск су қоймалары табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алмаған еді. Арқаның ауа-райы да жұмысшыларға қарасып тұрғандай. 20 миллион текше метр су келіп, маңайындағы ел-жұртқа зардабы тимесе де, бөгеті бұзылған Подлесненск су қоймасында бүгінде қызу жұмыс жүріп жатыр. «ҚазСуШар» РМК Ақмола облыстық филиалының директоры Бейбіт Базарбаев:
— Бұл жерде егемендік алғанға дейін суармалы шаруашылық болған. Ал қазір жиналған суды халық өзінің егіні мен төрт түлік малын суаруға пайдаланып отыр. Осы объектіде қыркүйек айының басынан бері жиырма шақты қызметкер таң атқаннан күн батқанға дейін жұмыс істеп жатыр. Олардың барлық жағдайы жасалған. Сондай-ақ, «ҚазСуШар» РМК бөлген техникалардың, атап айтқанда, төрт бірдей «МАЗ», каток, бульдозер, бензовоз, екі экскаватордың көмегімен жұмысымыз едәуір жеңілдеп, бөгеттің су тасқынына мейлінше қарсы тұруы үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Осы су қоймасын қалпына келтіруге 51 миллион қаржы бөлінді, — дейді.
Сондай-ақ, Б.Базарбаев осыдан төрт-бес ай бұрын бұл объектінің су тасқынына төтеп бере алмауы бөгеттердің ескіруіне байланысты болып отыр дейді. Оның айтуынша, темір-бетонды диафрагмалар – бейне бір қамал секілді, яғни суды ұстап тұруға шамасы жететін бірден-бір құрылыс нысаны. Әрине, алдымызда не күтіп тұрғанын ешкім болжай алмайды және табиғаттың алдағы көктемге қандай «сый» дайындағаны да белгісіз. Тек баршаға аян болып отырғаны осы іске жауапты барлық маман қауқары жеткенше жұмыс істеп жатыр. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, үш объектінің басында жүздеген қызметкер ел игілігі үшін ерте тұрып, кеш жатып, қара басының емес, қараша халықтың қамын ойлап отыр. Таяу арада бітетін жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары нәтижелі болып, қауіп-қатердің бұлты сейілетін болады деген сенімдеміз.
Ермұрат Назарұлы

(4)