Рухани жаңғыру — әр қазақтың парызы

Қазақ елінде білім беру жүйесі жылдан-жылға жаңаруда. Қазіргі таңда дамыған елдердің қатарына қосылу мақсатында, дәстүрлі үлгіні сақтай отыра сабақты түрлендіріп яки оған жаңаша бір леп беру бағыты сатылап оқу үдерісіне енгізіліп жатыр. Технологияның дамыған заманында осындай оң өзгерістер арқылы түрлі сала мамандары еліміздің дамуына барынша үлес қосып келеді. Өскелең ұрпаққа білім берудегі тәрбие жұмысының басым бағыттары қазақи халықтық педагогикаға негізделеді.

Жас баланың патриоттық сезімін ояту, рухани-адамгершілік қасиетін арттыру, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіру, отбасыға деген махаббатын арттыру, еңбекке баулу, мәдениетілікке тәрбиелеу, және салауатты өмір салтын ұстанатын, бәсекеге қабілетті ұрпақ өсіру ұстаздың және ата-ананың басты миссиясы болмақ. Сөзімізге дәлел, Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берген білім — адамзаттың қас жауы» деген нақылы. Оқушыға үйден алған тәрбиесі аздық етеді, сол себепті мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде біліммен қатар тәрбие жұмысын жүргізіп, ұстаз үлгі болуы тиіс. Сондықтан оқытушы әркез ізденіп, дүниетанымын кеңейтіп, ұдайы білімін жетілдіріп, біліктілікке ұмтылуы тиіс. Қазіргі қоғамдағы тағы бір өзекті мәселенің бірі — тіліміздің шұбарлануы. «Отан отбасыдан басталады» демекші, үйде де, сыртта да өзге тілде шүлдірлеген отбасы ұрпағының мәңгүрттенуі хақ. Сол үшін мектеп оқушылары мен орта және жоғарғы оқу орнында оқитын студенттерге тіл ұстарту, ұлттық құндылықтарымызды сақтау керектігін көкейіне құйып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу аманат екенін сезіндіруіміз қажет. Өкінішке қарай, бүгінгі күні төл мәдениетіміздің насихаты жетім баланың кейпінде. Рухани жаңғыру үшін БАҚ арқылы ақындар айтысын, салт-дәстүрімізді, дәстүрлі ән-күйімізді көбірек дәріптеуіміз керек. Телеарналарда «Дара жол», «Айтуға оңай» «Күй-тартыс» «Ән-айтыс», «Ақындар айтысы» сияқты тәлім-тәрбие беретін, қазақ мәдениетін танытатын, тарихын жаңғыртатын рухани, ұлттық теле жобалар көп болса екен дейміз. Руханияттың асыл қазынасы қазақтың төл мәдениетінде жатқандықтан, біздің елге шетелдік ғалымдар ағылуда. Олар еліміздегі тарихи қалаларды, мәдени мұра — ән-күйімізді, қазба байлықтарымызды және тағы басқа да жәдігерлерімізді аса мән беріп зерттеуде. Әсіресе, өзге мемлекеттерге мәдени іссапармен барғанда ұлттық киіміміздің сән үлгілеріне тамсанып, ән-күйлерімізге соны бағаларын білдіріп жатады.
Бәсекеге қабілетті болу үшін тұтас халықтың бәсекеге қабілетін арттыру қажет. «Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі» деп, үміт артқан бабаларымыздың асқақ арманын ақтау азаматтық борышымыз. Атадан мирас болып қалған ұлттық құндылықтарымызды нақты біліп, оларды тиімді пайдалана отырып, астамшылыққа жол бермей, әркім түйсігімен түсініп, жадымызға сақтап, білімге ұмтылуымыз керек. Себебі «білім — өмір шырағы», әр тұлға өз ісінің шебері болуы маңызды, сол кезде ғана қазақ елі жан-жақты дамып, экономикасы көтеріледі. Сонымен қоса «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы бабамыз айтқандай, ел іргесіндегі береке-бірліктің болуы аса қажет, барлық мәселелерді революциялық соғыспен емес, эволюциялық төңкеріссіз бейбітшілік жолмен шешу маңызды.
Қорыта келгенде, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын негізге ала отырып, өз тарапымнан ұсыныстарымды, жеке пікірімді білдіруді жөн деп санадым. Ойымды мазалап жүрген бірер мәселе бар, ол мектеп қабырғасында оқитын оқушыларға жол ережесін оқытса екен деймін, сол кезде кісі өлімі азаюшы еді, сонымен қатар дәстүрлі өнерімізді насихаттау мақсатында мәдениеттану сабағын ертерек оқу процесіне енгізсек, болашақ тыңдарманның қатары көбейіп, жас ұрпақтың рухани кемелденуіне септігін тигізер еді. Осы ретте, «Мәңгілік ел», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбы аясында көптеген мақалалар жарияланды, әлі де осы тақырыпта жеке ойларын ұсынып, ұлттық мүдде жайлы сөз қозғаса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жігер Бертісов,
күйші, өнертанушы

(253)