mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Министр Тамара ханымның бұл қай сасқаны?..

Үкімет отырысында 2017-2021 жыл-дарға арналған көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын таныстырған ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова: «Көші-қон саясатының жаңа концепциясының жобасы көші-қон үдерісіне ырықтандыру тәсілдерін ендіруді, дәлірек айтсақ, ішкі, сыртқы және этникалық көші-қонды бір-біріне өзара тәуелді ете отырып, көші-қон саясатының жүйелілігін қамтамасыз ету бағыттарын белгілейді. Тұжырымдаманың негізгі бағыттарының бірі — этникалық көші-қон. Этникалық қазақтардың қайта оралуына, бейімделуіне және кірігуіне кедергі келтіретін бірнеше проблема өткен жылдан бастап күшіне енген заң аясында өз шешімін тапты (этникалық қазақтарға «оралман» мәртебесін қоныстану аймағына қарамастан бір жыл мерзімге беру, олардың Қазақстан Республикасы азаматтығын алу мерзімін төрт жылдан бір жылға қысқарту, оларды ұтымды қоныстандыру мақсатында қосымша еңбек ресурстарын қажет ететін аймақтарға жолдау шаралары т.б). Нәтижесінде өткен жылы елімізге 16,5 мың оралман отбасы көшіп келді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 8,5 есеге көп. Концепциядағы мақсат — шетелде тұратын этникалық қазақтармен байланысты күшейту. Оған сәйкес этникалық қазақтарды тек көшіріп алу мәселесін ғана қарастырмай, сонымен қатар олардың әлеуетін тұрғылықты жерінде қалдыра отырып пайдалану мүмкіндігі ұсынылды», — деп тізбектеліп кете береді. Біз министрдің сөзін осы жерден үзіп, мұның бәрін «жөн-ақ» десек те, кезінде «Астанаға ауыл жастарының келуіне шектеу қою керек» деген В.Божконы орнына қойып, ел ықыласына бөленген министр ханымның енді жалт беріп аунап түсіп, басқа қырынан көрінгеніне таңданып қалдық. Әйтпесе, оның: «Этникалық қазақтарды тек көшіріп алу мәселесін ғана қарастырмай,  сонымен қатар олардың әлеуетін тұрғылықты жерінде қалдыра отырып пайдалану мүмкіндігі ұсынылды», — деуін қалай түсінуге болады? Сонда министр: «Қандастарды елге көшірмесе де болады», — деп,  ұлы көштің аяғына тұсау салудың тура жолын айтып отыр ма? Мәселен, оның бұл сөзін жұрт нақ осылай қабылдары күмәнсіз. Әлде, біз қателесіп отырмыз ба? Лайым, солай болсын делік.

(47)