«Көрмейін десем, көзім бар»…

Бұрын: Осыдан табаны күректей қырық бес жыл бұрын арман-қиялымызды арқалап, әркімге бір көру арман болған жастар қаласы, білім ордасы, жасыл қала — Алматыға ат басын тіреген едік. Ол кезде өзіміз де жап-жаспыз, жиырма беске де келмеген кезіміз. Жаз. Сол жаздың күндері қала көшелерінде ұзын, қос бұрымдары беліне түскен қыздар мен ақ жейделі бозбала жігіттерге толып кететін. Олардың дені талапкерлер болатын. Бәрі де кеше ғана болғандай көз алдымыздан сырғып өтеді, шіркін!
Алматы көшелері тап-таза, даңғыраған кең еді. Жаяу адамдарға арналған жолды бойлай аққан судың сыңғыры, желкілдеген жасыл желек жапырақтар, қызылды-жасылды гүлзарлар көздің жауын алатын. Әсіресе, таңғы уақыт-тағы қала кө-рінісін айт-саңызшы! Таң шапағына оранған қала құдды бір ұйқысынан жаңа оянғандай маужырап тұратын. Жап-жасыл тал-дарақтардағы тұрып қалған таңғы шық моншақтар күн сәулесімен шағылысып, күмістей жарқырайтын. Сол әдемі көрініс әлі есімде. Көше қиылыстарындағы, ескерткіш алдындағы, арнайы скверлердегі жайнаған неше алуан гүлдер кәдімгі төселген гүл кілемдер сияқты жарқырайтын, тіпті, қарап көзіміз тоймаушы еді. Шыны керек, басқасын айтпағанның өзінде, қолыңнан байқаусыз кәмпиттің қағазы түсіп кетсе, оны көтермеу біз үшін ұят саналатын. Сонда деймін, соншама халық шоғырланған орын болса да, тәртіп пен тазалық қатаң сақталатын. Қала мәдениетін, қазіргі келбетін, тыныс-тіршілігін өткенімен салыстырамыз. Сол кездегі әсем қала Алматының әдемі көрінісін аңсайтынымыз да, сағынатынымыз да рас.
Сол заман адамдарының болмысы басқаша ма еді… Ол кездері, шыны керек, қала тұрғыны мен қыр қазағын айыру оңай болатын. Айтайын дегенім, қазағымыздың бойында да, ойында да имандылықтың, мәдениеттің, адамға тән құндылықтардың белгісі болушы еді. Қандай ортада жүрмейік мейлі, қыздар қымсынып тұратын, ұлдарымыз ұртың толып айтатындай жігерлі жігіттер болатын. Ал қазір бәрі басқаша, неге деуіңіз орынды. Қазақтың ұлдары өз маңдай терімен тапқан қаражатымен ата-анасын, бала-шағасын бағып-қағып, асырайтын. Қыздарымыз ибалы, инабаттылығымен, қылығымен сүйкімді көрінетін. Олар ерінбей еңбектеніп, өз адал еңбегімен тапқан табысымен күн көретін-ді. Жігіттер жағы намысты, жігерлі болатын, аманатқа қиянат жасамайтын, қандай қиындық болса да, ата-дәстүр, салтын ұстанатын, еш уақытта отбасын тастап, жетімін қаңғытып, жесірін жылатпайтын. Ата-ана жайлы жайсыз нәрсе айту тіпті ағаттық болар. Әке-шешенің орны бөлек еді, балалары ата-әжесін алақанына салып сыйласа, үлкендердің айтқанын екі етпейтін, алдын қиып өтпейтін.
Қыздарымыз жігіттің қара басына қызығып тұрмысқа шығатын еді, ал жігіттер жаны сұлу қыз іздейтін. Ол заман жастары «Әйел табу оңай, жар табу қиын» деген қағиданы берік ұстанып, бірінші орынға қоюшы еді. Қаражаты жетпей, кедейлік етектен тартса да, әкелері өз отбасын тағдыр тәлкегіне тастамайтын, қиындық деген тасқайрақ жаныла-жаныла жарқырап жайнап, ұрпағы тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтерекке айналатын. Туған баласынан ата-анасы еш уақытта бас тартпайтын, жағымсыз жағдай бола қалса, ағайын-туыстары ақылдасып, жетім баланы қамқорлыққа алып, ел қатарына қосатын. Бұрын қазақ ағайын-туыстар айшылық алыс жерлерде тұрса да, олар хат арқылы хабарласып, хал-жағдайларын білісіп тұрған, туыстық қатынастары үзілмей, жалғасып жататын.

Қазір:
Иә, қазір бәрі басқаша. Шүкір, заман ағымына қарай бәрі де өзгеруде. Аспанмен тілдескен зәулім ғимараттарда сан жоқ, көне шаһарымыз көркейген үстіне көркейіп жатыр. Қуанамыз. Алайда Жаратқан Иеміз көрсін деп көз берген соң, қалай көрмейсің, ендеше, сол көргендеріме тоқталайын. Өзім жаяу жүргенді қалайтындықтан, қала көшелерінде көп жүремін. Бүгіндері көне астанамыз дейтін қаланың кейбір аймақтары, әсіресе, сауда орындары көп шоғырланған жерлердің тазалығы жөнінде сөз қозғаудың өзі ұят, оны өзіңіз де көріп жүрген боларсыз. Қаланың тең жартысын қаптаған қара базар жайлап алған. «Көрмейін десем, көзім бар» деген, көріп, көңілің құлазиды, жаның ауырады. Сенесіз бе, жауын-шашын күндері арық толы қоқыс сыймай ақтарылып жатады. Лас, кір суға тұншыққан ағаштың бұтақтары бастарын көтере алмай, маған қарап мұңын шағып тұрғандай көрінеді. Әлгі дүңгіршек-дүкендердің төңірегіндегі «тазалықты» айтпай-ақ қояйын. Осы көзбояушылық деген «дерттен» айықпадық. Тексеру келетін күні ғана тазалап, қалған жерлерді жылы жауып қоятынымыз да жасырын емес.
Бұрын «итің ұры» десе намыстанатын, арланатын қазағым, қазір «ұлың ұры» десе де селт етпейтін халге жеттік. Неге деуіңіз мүмкін. Қазіргі жас жігіттер мал бақпақ түгілі, біреудің бағып отырған малын, жиып қойған шөбін ұрлап, істі болып жатыр. Уәде Құдай сөзі екенінен бейхабар кейбір қазақ азаматтары уәдесінде тұрудан, қыздар оларға сенуден қалған. Бай қазақтың әйелі шетелге шапқылап демалып жүрсе, кедей әйел бала-шағасының күнделікті нанын табу үшін қара базарда күн астында қақталып тұрғанын көріп жүрміз. Бай баласы есірткі шегіп еліріп, есіріп жүрсе, кедей жігіт беті-қолы тілім-тілім болып, қара базарда арба сүйреп діңкелеп жүр. Жаның ашиды, қынжыласың, әрине.
Қазіргінің қыздары қымсынбақ түгілі, қыдырымпазға айналған. Иба мен инабаттылық деген құндылықтарды бір түнгі ақшаға ауыстырғандары тіпті қорқынышты. Қазіргі қаракөз қыздарымыз кіндігін үңірейтіп, ашық-шашық киініп жүр. Бәрі емес, әрине. Теледидарың да, ақпарат құралдарың да «тастанды бала» деп тақылдап, жалпақ жұртқа жариялап жатқандары анау. Тасбауыр әке жауапкершіліктен неге қашады?
Қазір ата-анасына «түһ» дегені былай тұрсын, қартайған шағында екі көзін жәутеңдетіп, қазақтың ұл-қыздары әке-шешесін қарттар үйіне өткізіп, «ерлік» жасап жатыр. Өкінішті-ақ! Ата-анаңа не істесең, ертең алдыңа сол келетінін жастар біліп жүрсе ғой деп елеңдейміз.
Қазір баршаның қалтасында ұялы телефонның неше алуан түрі бар. Алайда қазіргі туыс-туғандар бір-бірімен араласпайтын, тас қамалдарынан шықпайтын, жылына бір рет жылт етіп көрінбейтін жатбауыр туыстарға айналып барады. Балалары бір-бірін танымайтын, білмейтін туысқан қазақтар да бар.
Қазір, Құдайға шүкір, өркениетті ел болдық десек те, кейде адамгершілік, сыпайылық, жоғары мәдениет, өресі биік парасат сияқты рухани құндылықтардың құбылмалы болып кеткенін көріп, жанымыз жабырқайтыны да рас.
Сөз арасында айтқанымдай, етектен тартқан рухани кедейліктен құтылудың бірден-бір жолы — иманды ұл, ибалы қыз тәрбиелеу. Өкінішке орай, кейде жетесіз жанмен тілдескенде жігерің құм болады. Сатқындық, опасыздық, күншілдік, жағымпаздық, дөрекілік тағысын тағы таусылмайтын жиіркенішті жағдайлар тұла бойымды шымырлатып, мазам кетеді.
Иә, әңгіме басында Алматыдай алып шаһарымыздың өткені мен бүгінін, адамдар болмысын салыстырып сөз еткен едім. Айта бергеннен, жағымсыз жағын жариялай бергеннен біреу жақсысын бере ме?! Қанша айтсам да, не десем де туған жеріңнен асқан ыстық жер, жаныңа жақын кімің бар? Ең бастысы, өз төрімізде, өз туған топырағымызда тыныш өмір сүрудеміз. Ең керегі де сол.

Рыскен Әбішева

(45)