Елордада көлік қозғалысы оңтайлана түспек

Астана әкімдігі медиа орталығының хабарлауынша, қазіргі уақытта қолданыстағы нормативті-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы өткен жұма күні «2016-2020 жылдарға арналған Астана қаласын дамыту жөнінде» бағдарламаны іске асыру барысында елорданың көлік кешенін жаңғыртуға арналған «Нұр Отан» қалалық партиясының тыңдалымында «Астана қаласы жолаушылар көлігі басқармасы» ММ басшысы Бекмырза Игенбердинов мырза осы төңіректе алда орын алатын өзгерістер туралы айтып берді. «Көлік құралдарына және басқа бағыттардан келе жатқандарға, сондай-ақ жаяу жүргіншілерге жол берумен бағдаршамның қызыл түсіне көліктің бұрылуына рұқсат ету үшін нормативті-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу бойынша мәселе қарастырылуда. Бұл шешім көліктердің кептелісін төмендетуге көмектеседі», — деді Б.Игенбердинов.
Басшының айтуына қарағанда, алдағы уақытта іске асырылуы жоспарланған 12 жоба белгіленген. Бұл — қосымша автобус жолақтарын енгізу, бірбағытты қозғалысты енгізу, бағдаршамның қызыл түсіне оңға бұрылуға рұқсат ету, қиылыстарда жаңа жол тораптардың салынуы.
Жиналыста белгілі болғанындай, жаңа автобус жолақтары алдағы уақытта Ш. Уәлиxанов және С. Сейфуллин көшелерінде пайда болмақ. Өткен жылдан бері Астана қаласында қолданысқа енген жоба қоғамдық көліктердің қозғалысына өз септігін тигізіп келеді. Алайда қала тұрғындары арасында бірбағытты қозғалысқа да наразы адамдар кездесіп жатыр. Олардың пікірінше, таңертең жане кешке қарай Абай, Кенесары көшелеріндегі бірбағытты қозғалыстан да кептеліс пайда болып жатады. Осы рет жұртқа жария етілген жобаларға сенсек, елорданың 4 көшесінде қозғалыс үшін бірбағытта енгізу жоспарлануда, яғни Д. Қонаев, Достық, Абылайхан, Ш. Құдайбердіұлы көшелері. Басшының келтірген санды мәліметтеріне қарағанда, «Сергек» камералары қосылғалы Астанада ЖКА азайған. Бұл айтылғанмен толықтай келісуге болатын сияқты. Қазір қала көшелерінде жылдам жүретін көліктердің қарқынын баяулатқандығын байқау қиын емес.
Келесі бір жаңалық жолдың кез келген жерінде тұра қалып такси тосатындар туралы болмақ.
«Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру және жол бойында заңсыз көлік тасымалдаушылардың тоқтап тұруын алдын алу мақсатында қоршаулар орнату жоспарлануда. Қоршаулардың сыртқы келбетіне қатты назар бөлінеді», — деді Б.Игенбердинов.
Бұл жобалар іске қосылса, көлігімен адам тасымалдап нәпақасын айырып жүрген біраз адамдардың жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. Дегенмен, жол шетіндегі тұрған адамдарды «іле кету» үшін жоғары жылдамдықпен келіп тоқтай қалатын «тәртіпсіз» машиналар тежелетін болады. Бұл да көлік қозғалысын реттеу жағындағы оңтайлы шаралардың бірі болатын сияқты.
Қазіргі таңда елордада миллионнан астам адам бар. Соған сай көліктер де күн санап көбейіп келеді. Бұған қала іргесіндегі елді мекендерден Астанаға кіретін көліктердің ағынын қосқанда, қалада көлік қозғалысы мәселесінің күн санап ауырлап келе жатқандығын байқау қиын емес. Дегенмен соңғы кездегі жолға қойылып жатқан өзгерістер тұрғындарға біршама жеңілдіктер туғызып жатыр.
Ерқазы Сейтқали

(3)