mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Аман-сау жүрші, анашым!

Сен күрсінсең, қарс айрылып жүрегім,
Мен де бірге қайғы шегіп жүремін.
Сол себепті күні-түні Тәңірден
Саған саулық бере көр деп тіледім.
Әжім басқан бет-жүзіңді мұң басса,
Өз-өзіме келе алмаймын мен қасқа.
Біз де сендей болармыз-ау кейінде
Жер таянар келген кезде қарт жасқа.
Байқап қалсам жанарыңнан күлкіні
Бақытты жан жоқ дәл мендей ол күні.
Нұры тайған көздеріңмен әлі де
Отырасың байқап олпы-солпыны.
Бәйтерекке сендей зәулім мәуелі,
Тау да еңселі жетпейді анық әуелі.
Мейіріңе тең келмейді күн нұры,
Махаббатың соның нақты дәлелі.
Сырқаттансаң, содан қатты қорқамын,
Үсігі кеп соққандай-ақ Арқаның.
Ем-дом беріп, сорпа ішкізіп, әйтеуір,
Жасап бағам тез жазудың бар қамын.
Сен қуансаң, нұрға толып айналам,
Көңіл күйім көтеріліп, жайланам.
Ал балалар шықпай қалар қасыңнан
Қозы-лақтай көгенге әкеп байлаған.
Сен сау жүрсең, төрт құбылам тең менің,
Кім қаласын анасының өлгенін?
Ақ сүтіңді ақтай алмай өтерміз,
Неге тұрмақ түн ұйқыңды бөлгенің?
Анам менің, ауырмашы қорқытып,
Білмес пенде не алда оны тұр күтіп.
Періште боп кетер ме едім ғайыптан,
Саған дертті жолатпайтын үркітіп.
Сенен ерте кетсе дағы қосағың,
Ана, Хақтың берген жасын жасағын.
Тірлік берген маған сені, анашым,
Өле-өлгенше ән-жырыма қосамын…

(15)