mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар жалғыз қалмауы тиіс

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық көрсету, оларды сауықтыруға бағытталған жұмыстың нәтижесін тыңдады. Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров: «Қазіргі кезде өңірде 24 мыңнан астам мүгедек бар. Олардың 3 мыңы — бала. Мүгедектерді қозғалыс құралдарымен, сурдотехника, тифлотехника және гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету үшін биыл 869 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді. Мүмкіндігі шектеулі жандар протездік-ортопедиялық жабықтың, шипажайлық-курорттық сауықтыру жолдамасының, жеке көмекшілермен және  ым-ишара мамандарының қызметтерін пайдаланып жүр. Биыл тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектерге сегіз автоматтандырылған арба, көзі көрмейтін жандарға 40 компьютерлік тифлокешен мен Брайльмен оқитын машина сатып алынды. Сонымен қатар, өңірде мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында жүйке жүйесі ауруына шалдыққан балаларға арнап әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылды. Ендігі жоспар — кәмелет жасқа толған жастарға арнап 150 орынды медициналық-әлеуметтік мекеме салу. Ақтөбе қаласы мен Мәртөк ауданында тұратын 700-ден астам мүгедек «Инватакси» қызметін қолданды. Оны алдағы уақытта Мұғалжар мен Алға аудандарында да ашу жоспарда бар. Мүгедектерді оңалту мақсатында төрт әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Мәселен, ым-ишара тілі аудармашыларының қатысуымен есту қабілеті нашар жандарға арналған бейнетелефондық диспетчер қызметі жұмысын бастап, иппотерапия бағытымен ем қабылдау жүріп жатыр. Аудандарда ым-ишара тілінің мамандарын оқыту үшін арнайы курсы ашылды»,— деп баяндады. Тыңдалым соңында өңір әкімі Бердібек Сапарбаев: «Мүмкіндігі шектеулі жандардың әрқайсысы мемлекеттік қолдау алуға, белсенді қоғамдық өмірге тартылуға тиіс. Бұл жұмысқа еріктілерді, жастарды, үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, тұрақты түрде жүргізіп тұру қажет. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар өз проблемаларымен жалғыз қалмаулары тиіс. Қозғалыс құралдарымен қамтуға және оңалтуға бөлінген қаражат жүз пайыз игерілуі керек»,— деді. Деректерге сүйенсек, биыл мүмкіндігі шектеулі 330 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің қорытындысы бойынша 45 мүгедек жұмысқа орналастырылып, отызы уақытша қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Ал 13 адам әлеуметтік жұмыс орнына орналастырылып, 72 адамға кеңес берілген.

(9)