“31 арнада” «I`m a singer Kazakhstan»: Шымылдық түрілді!

Осы жексенбіде Қазақстанда ел болып күткен шоу шымылдығын түрді. «I`m a singer Kazakhstan»деп аталатын ғаламат шоудың алғашқы шығарылымы заманауи өнер элементтерімен қаныққан тамаша шараға ұласты. Продюсерлер уәде еткендей, эпизодта танымал әндердің романсынан бастап, рок-каверіне дейінгі нұсқалары шырқалды. Симфониялық оркестрмен басталып, жанды бэнд жалғасқан музыкалық сүйемелдеу шоудың ерекшелігі болып, оған бірегей реңк сыйлап, бағасын асырды. Үш мың үміткердің ішінен іріктелген он қатысушы көрерменді ғажап дауыстарымен таңғалдырды. Сахна төрінде «I believe I can fly» (RKelly), «BillieJean» (Michael Jackson), «I feel good» (James Brown) сияқты әлемдік хит әндер шырқалды. Сонымен бірге көрерменге халық әні «Дударайдың» заманауи интерпретациясы ұсынылып, Николай Заболоцкойдың «Очарована, околдована» өлеңіне романс айтылды.
«Жақсы ән — әрдайым композитор мен ақынның талантының үйлесімінен туған дүние. Бірақ оны жоғары деңгейге көтеріп, культке айналдыру орындаушының ғана қолында, — деп есептейді «31 арнаның» Бас директоры Бағдат Қожахметов. — Мен барлық түсірілім процесіне қатыстым. Менің ойымша, «I`m a singer Kazakhstan» жобасы — нағыз орындаушының табиғатын ашатын байқау. Бұл байқау әртістің өнерді, яғни әнді жай ғана жақсы музыка шеңберінен шығарып, жауһарға айналдыру қолынан келе ме, жоқ па, анықтайды. Шоудың алғашқы шығарылымын көріп, біздің қатысушылардың арасында ондай әртістар бар екенін айта аламын».
Оның бұл пікірін Қазақстанның намысын қорғайтын орындаушы Ерден Жақсыбеков растайды. Алғашқы эпизодта Ерден француз әншісі Грегори Лемаршальдің «Ecris l’histoire» («Тарихты жаз») әнін орындады. Оның өткір, сезімді тебірентер өнері көрермендердің басым бөлігінің жанына ерекше әсер етіп, жас жігіт қатысушылардың рейтингтік кестесінде бірінші орынға шықты. Ерденнің өзі мұндай жетістігін былайша сипаттап берді:
— Алғашында қатты қобалжыдым. Қобалжығаным сонша, тамағым кеуіп, тынысым тарылып бара жатқандай болды. Жүрегім дүрсілдеп, әннің ортасында даусым жоқ болып кетті. Бірақ залда керемет көрермендер отырды. Әннің ортасында мені қолдау үшін олар орындарынан өретүрегелгенде қуанғанымнан әннің сөзін ұмытып қала жаздадым. Сол құрметтің бәрі маған екеніне сене алмай: «Мен шынымен сахнада тұрмын ба?» — деп ойлай бердім. Құдды бір болып жатқан жайтқа кино көргендей, сырттай бақылап тұрғандай болдым. Мен кішкене күнімнен көптеген байқауларға қатыстым, бірақ бұл мүлде басқа деңгей екен. Сондықтан бұл байқау менің шығармашылық, кәсіби қызметімдегі маңызды оқиға болып қалады. Өйткені мені еліміз ғана емес, өзге елдің де көрермендері тамашалайды ғой.
Алғашқы эпизодтың көшбасшысы деген атақты бір-біріне мүлде қарама-қайшы екі қатысушы бөлісті. Екінші орын Қытайдан келген көңілді, кербез әнші, талай байқауларда жүлдеге ие болып жүрген Ту Юуфуға бұйырса, үшінші орынға «I`m a singer Kazakhstan» байқауына қатысып, өмірінде алғаш рет үлкен сахнаға шыққан қазақстандық Асылтас Аяп тұрақтады.
Жас әншілердің өнеріне баға беретін «I`m a singer Kazakhstan» жобасының продюсері әрі сарапшы қазысы Алуа Қонарова үмітінің толықтай ақталғанын, орындаушылардың бәрі өте жоғары деңгейде өнер көрсеткенін атап өтті. Дегенмен, продюсердің ойынша, оларға әлі де жетіле түсу керек.
«Дайындық кезінде қатысушылар өздеріне сенімді еді, — деді Алуа түсірілім аяқталғаннан кейін. — Дайындықтары өте жақсы болғанымен, көрермендердің, бірнеше камераның алдында, әлбетте, тосылып қалады. Бәлкім, қобалжығаннан шығар, бірінші кезеңде қатысушылар толық ашыла алмады. Дегенмен, келесі кезеңдерде өздерін жетілдіріп, әнді бұдан да жақсы орындап шығады деп үміттенемін».
Сонымен, «I`m a singer Kazakhstan» жобасының алғашқы эпизоды тарихқа айналып үлгерді. Бірақ бұл тек басы ғана! Осы жексенбі, 1 қазанда тамаша музыкалық сериалитидің екінші эпизоды эфирге жол тартады. Бірінші шығарылым сияқты, бұл кезеңде де күтпеген оқиғалар мен ертегідегідей тосын жайттар бар. Жоба қатысушыларын алда не күтіп тұр? Бірінші турдың жеңімпаздары фаворит атағын сақтап қала ма? Жарқыраған концерттік номерлердің тасасында қандай қызықты оқиғалар тұр?
Осы сұрақтың бәріне «31 арнадан» көрсетілетін еліміздің ең айтулы шоуы «I`m a singer Kazakhstan» жобасынан жауап ала аласыздар!

(6)