Ұстаз-логопед Гүлдәрия Иманбекқызы: Қазақ балалары ана тілімізде таза, еркін сөйлесе екен

Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі…, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп…қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.

Әл-Фараби

Осыдан жиырма үш жыл бұрын Гүлдәрия есімді қаршадай ғана қыз Қарағанды Педагогика институтының «Дефектология» факультетінің логопед мамандығын тамамдап, Павлодар қаласына жас маман болып келген еді. Ол кезде Кереку өңірінде балалармен қазақ тілінде жұмыс жасайтын логопед-мамандар болмады десек те қателеспейтін шығармыз. Өйткені көптеген жерде тек қана ресми тілде жұмыс жасайтын логопедтер қазақтілді балаларға көңіл бөлмейтін. Тіпті олардың арасында логопедия жұмысын тек қана орыс тілінде жүргізуге болады деген қатып қалған қағида қалыптасқаны жасырын емес.
Ал Гүлдәрия Иманбекқызы — осы қалаға келгелі, сөйлей алмайтын бүлдіршіндерді қазақ тілінде сөйлеткізетін өз ісінің шебері ретінде танылып жүрген ұлағатты ұстаздардың бірі. Өзінің білімділігі мен еңбекқорлығының арқасында қазақтілді балалардың тілін дамытуда тамаша жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Оқытудың әртүрлі әдіс-тәсілдері мен жаңа технологияны ұтымды пайдаланып, сабағының әр минутын ұтымды жүргізіп, балаларға сапалы білім беруде. Сабақ үстінде балалардың ойын дәл ұғып, ұшқыр қиялын, олардың дүниетанымын дамытады. Көптеген жағдайларда сөйлей алмайтын бала сөйлеп кетеді.
— Ата-аналар балам сөйлей алмайды деп келгенде, олардың сенімімен өзіме жүктелген үлкен жауапкершілікті сезінемін. Әрине, әр баланың өзіндік ерекшелігі болады. Кейде медициналық жағынан өте қиын жағдайлар болуы мүмкін. Бірақ әр проблеманы жан-жақты зерттеп, көмектесуге барымды саламын. Қазақ балалары барлығы өз ана тілімізде таза, еркін сөйлесе екен деймін. Осы арманым маған күш-қуат беріп, алға жетелейді, — дейді ұстаз.
Қазіргі кезде білікті де тәжірибелі ұстаз қазақ балабақшаларында жұмыс істейтін логопедтерді айналасына жинап, олармен әдістемелік тәжірибесімен бөлісіп келеді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Гүлдәрия Иманбекқызы — ата-аналар мен шәкірттерінің алғысына бөленіп жүрген бақытты ұстаз. Олардың редакциямызға жолдаған хаттарына назар аударсақ:

Үлкен еңбегі
кішкентайлар үшін

Балабақша логопеді Мұстафинова Гүлдәрия Иманбекқызының педагогикалық еңбек өтілі — 15 жыл. Осы уақыт ішінде ол өзінің қарапайымдылығы мен ұқыптытылығы, қазақи ақжарқын мінезімен көп жандарды өзіне баурап үлгерді. Логопед маманның негізгі жұмысының маңызы — көптеген тіл кемістігінің түрлерін түзету.
Логопед сөйлеу тілінің даму деңгейіне сүйене отырып, әр сабағын тиімді ұйымдастырады, сұрақтар күрделілігі әртүрлі тапсырмалармен тұжырымдалынады. Қазақ халық ойындарымен бірге салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенім, халық педагогикасының әдістерінің негізіне сүйене отырып, байыбына терең бойлап, мән-мағына беріп, сабақтарында кеңінен қолданады.
Мектеп жасындағы балалардың тілін дамыту, сөздік қорын толықтыру, ауызша сөйлеуді үйретіп қана қоймай, өз сабақтарында киелі сандарды қолданады, халқымыздың әр санның қадірі мен қасиетін салмақтап, өзіне тән ерекшелігін саралай біледі. 3, 4, 5, 7 сандары көшпелі халқымыздың табиғатының тылсым сырын білудегі ұғымын мектеп жасына дейінгі балаларға қолайлы көрнекілік ретінде ұсынып, сөйлеу тілінің фонетика-фонематика, лексика-грамматикалық құрылымын байланыстырып сөйлеуді психофизиологиялық қабілетін дамытуға беретін көмегі зор. «Ең үздік әдістемелік-дидактикалық құралдар — 2016» қалалық сайысында II орынға ие болды. Шығармашылық ізденімпаздығы және педагогикалық шеберлігі үшін мадақтамалармен марапатталған.
Павлодар қаласының
№50 балабақшасының ұжымы

Сөйлеуіне үлесін қосуда

Мұстафинова Гүлдәрия Иманбекқызымен балабақшада таныстым. Үлкен қызымның кейбір дыбыстарды айтуда қиындықтары бар екенін байқаған маман, бізге біраз жаттығу жасап, тілін түзету керектігін айтты. Кейін кішкентай ұлымда да осындай мәселе пайда болып, Гүлдәрия Иманбекқызымен жақынырақ танысу мүмкіндігі туындады.
Маман ретіндегі оның жұмыс жасау қабілеттілігіне баға берер болсам, ең бастысы — баламен тіл табыса алады. Оған жаттығуларды ойын ретінде түсіндіре отырып, жасатуда өзінің әдістемесін қалыптастыра білген. Әсіресе қазақ тілінің өзіне тән екпіні, айту мәнері бар екенін ерекше ескереді. Сондықтан ата-ана ретінде бұл кісінің атқарып жатқан ұшан-теңіз еңбегі аса құнды деп айтар едім.
Ата-аналар атынан: Роза Жомартқызы
Ұстазға алғысымыз шексіз!

Павлодар қаласының №50 бала-бақшасында ата-аналармен бірлескен дөңгелек үстелдер жиі өткізіліп тұрады. Соның ішінде логопед Мұстафинова Гүлдәрия Иманбекқызының дәрістерін асыға күтеміз. Мысалдармен толықтырып, өте қажетті дүниелерді ойға қонымды әрі өте түсінікті жеткізеді. Жиналысқа жиналғандар қажетті сұрақтарына жауап алады. Ұстаз үнемі баланың дыбыстық кемістіктің алдын алуы үшін логопед пен ата-ананың бірлесіп жұмыс жасауы қажет екендігін айтады. Балалардың дыбыстарды дұрыс айтпауы кезінде түрлі жаттығулар жасау арқылы түзетіп, кемістіктерді жою жағын түсіндіреді. Қандай да бір қолданатын құралдар жайында кеңес береді. Кез келген жағдайда қол ұшын беріп, ата-аналар мен балаларға көмегін аямайды. Балаларымызды сөйлеткізіп, олардың тілін дамытып, инемен құдық қазғандай үлкен жұмысты атқарып жүрген ұстазға алғысымыз шексіз! Келе жатқан ұстаздар күніне орай, сүйікті ұстазымызға зор денсаулық, отбасына амандық, сауабы мен қиыншылығы мол қызметінде зор табыстар тілейміз!
Құрметпен, ата-аналар атынан:
Айгүл Баймағанбетова,
Гүлжамал Камалова

(168)