Тіл мәртебесін асқақтатқан «Алматытелеком»

«Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Оған көңіл де, қаржы да солай бөлінеді. Қазақ тілі — өзіміздің ана тіліміз. Біз бәріміз ана тілімізді ардақтаймыз», — дейді Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев.
«Алматытелеком» ӨТД-ның жылда ұйымдастырып келе жатқан жақсы дәстүрі «Ұлттарды біріктірген — ұлы тіл» атты тақырыппен мемлекеттік тіл айлығы өтті. Айлық аясында көптеген іс-шаралар өтіп, тілімізге ерекше құрмет көрсетіліп келеді.
Халықтар достығы фестивалін «Алматытелеком» өңірлік телекоммуникация дирекциясының бас директоры Шерхан Пертайұлы ашты. Қазылардың құрамына Шерхан Пертайұлы, Бақыт Біртұяқұлы, Александр Петровия, Тимур Батырұлы, Нұрлы Асылбекұлы, Анар Әділбекқызы, Берік Әбдуәліұлы, Темірбек Нағашыбайұлы, Елена Енгерова және орталық аппараттан келген қонақтар: Сайлаухан Ғазизұлы, Сәуле Мешітбайқызы, Ертай Айғалиұлы, Мамай Қаниұлы, Бақыт Әбиірұлы, Қали Сәрсенбай, Нұрлан Сүйін, Абдухалил Еркінұлы, Нұрлан Құмар сияқты БАҚ саласында өзіндік дара жолы бар, халыққа өткір пікірімен өзекті мәселені көтеретін журналистер ретінде танылған адамдар қатысты.
«Алматытелеком» өңірлік телекоммуникациясы ұйымдастырған «Ұлттарды біріктірген — ұлы тіл» фестивалі тек тілімізге құрмет көрсетіп қана қоймай, еліміз үшін ерекше, дүниежүзілік ауқымды оқиға болған ЭКСПО көрмесін басқаша етіп, өз қиялдарымен түрлендіріп, халыққа қызықтыра ұсынды. Фестивальға Қазақстан, Ресей, Франция, Өзбекстан, Грузия, Корея, Израиль, АҚШ, Германия және Африка елдерінің ұлт өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылар Халықаралық ЭКСПО — 2017 көрмесін фестивальдың сценарийіне кіргізіп, жаңа форматта ұйымдастырыпты. ЭКСПО — 2017 халықаралық көрмесінде әлем елдері өз павильондарын құрып, заманауи құралдарын көрсетті.
Фестивальде тек Алматы қаласының филиалдары ғана емес, Талдықорған қаласындағы филиалдардың қызметкерлері де келіп қатысып, бақ сынасты. Қазылар алқасы мемлекеттік тілде ісқағаздарын жүргізетін мамандар арасында «Мемлекеттік тіл — ұлт мәртебесі» атты тақырыппен және «Ұлттарды біріктірген — ұлы тіл» атты қабырға газеті аясында ұйымдастырылған байқау қорытындысын жариялап, жеңімпаздарды арнайы грамота және ақшалай сыйлықтармен марапаттады.

(20)