Тау қыраны

Аспанмен астасқан Алатаудың Хантәңіріндей көрікті де көркем, жері құнарлы, шөбі дәрі, суы жанға шипа, ауасы жауһар, бұрынғы Кеген, қазіргі Райымбек ауданының биік Қулық тауының етегіндегі Ұзынбұлақ елді мекені. Бұл ауыл колхоздасу жылдарында «Еңбек» колхозы атанып, сыйластығы жарасқан, жергілікті тұрғындары бір кісінің баласындай болып кеткен. Небір ғұлама жақсылар мен жайсаңдар шыққан. Алматы облысына ғана емес, бүкіл Қазақстанға арқар-меринос қойын алғаш рет будандастырып өсіріп, бүкіл республикаға таратқан осы «Еңбек» колхоз екенін біреу білсе, біреу біле бермес. Алатаудың таудың арқарының құлжасы мен қазақи қойды шағылыстырып, қазіргі жер-жердегі биязы жүнді, етті қойдың жаңа түрін өмірге алып келген де осы Ұзынбұлақ ауылы. Кішкене ауыл осындай өсімтал қой тұқымының отанына айналғанына бірталай жыл болыпты.
Сөзге тиек етіп отырған Қулық тауының етегінде кезінде Райымбек батырға жауға аттанар кезінде бата берген, Әлмерек әулие ұрпақтары Баба, Жәнібек, Қаракісілер мекен етіп келеді. Бүгінгі мерейтой иесі Серік Спатаевтың өмірі жайлы толғай отырып, оның ата-бабалары туып, мекен еткен жерді еске алмау тарихқа қиянат жасағандық болып көрінеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халық. Сондықтан да бір кішкене ауылдың Қазақстанға сіңірген қыруар жетістігіне тоқтала кетуді жөн көрдік.
Адам ауыл ажары екені айдан анық. Осы кішкене ауыл адамдары пешенесіне қарай түрлі қиын тағдырларды бастан кешірді. Соның бірі — сөзге тиек етіп отырған Серік Спатаев. Ол жайында бір ғана мақалада айта салу мүмкін емес. Бүгін оның өмірі мен еңбек жолынан кішкене мөлтек сыр ғана айтпақшымыз.
Серік Ұзынбұлақ ауылында бала кезінен өсіп-жетіліп, мектеп есігін ашып, еңбекке қалыптасып ержеткенмен, шын туған жері — жазда жайлау, бүкіл малшылар қауымының екінші отаны. Албандар көтерілісі көсемдерінің бас қосып, жиын өткізген Ереуіл төбедей қасиетті жер, Қарқара жайлауының ең төменгі сағасындағы Тұзкенде Серік 1947 жылы шопандар жайлаудан қайтар шақта, күздеуде дүние есігін ашқан екен. Адам туған жерге тартады деген рас екен, осындай қасиетті жерде туғандықтан ба, жүзің бар, бетің бар демейтін турашыл, әділеттілікті жақтайтын, жаманшылыққа жаны қас, бірбеткей, бірақ өзім деген адамға алақаны ашық, жаны жайсаң азамат. Серік Спатаевтың шапағатына бөленген, қазірде рақметін айтып жүрген көптеген адамдармен журналист ретінде кездесіп, сөйлескеніміз де бар. Серіктің қос әкесі өмірден ерте өткенмен, екі анасы — Нілжан, Күншайым қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсірді. Қос әкесі — Мұқа мен Спатай Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келген ағалы-інілі адамдар. Екеуі де сол ауылда үйленіп, отбасын құрып, екеуінен де қыз балалар дүниеге келеді. Қыздары болғанмен, ұлға қолдары жетпей жүргенде, жас Спатайды 1942 жылы соғысқа алып кетеді. Сталинград майданында атты әскер құрамында болып, «Енді майданға кіреміз» дегеннен басқа еш хабар болмады. Сол кеткеннен қайтып оралмады есіл ер. Нілжан апай өз қыздарына қосып, аналары ертеректе қайтыс болған қайын ағасы Мұқаның екі қызын да бағады, қайнағасы Мұқа да бір үйде тұрды. Мұқаның жасына байланысты армияға алмай, Қарағандыдағы қара жұмысқа «брон» беріп жібереді. Бір жыл Қарағандыда ауыр жұмыста болып, ауылға оралады. Қарағандыдан оралғаннан кейін, Ұзынбұлақ ауылын өркендетіп, шаруашылықты басқарып, жетілдіруге үлкен үлесін қосады. Мұқаның Нілжан келіні де күндіз колхозда еңбек етіп, түнде екі отбасының балаларының тамағын беріп, кірін жуып, оның үстіне қызметтегі қайнағасының жағдайына көңіл бөліп, қыруар жұмыстар атқарды. Нілжан келіні он сегіз жасар Күншайыммен сөйлесіп, елуден асқан қайнағасына қосады. Нілжан мен Күншайым өте тату болады, екі абысын қол ұстасып жүріп, колхоздың барлық жұмыстарын еркектерше атқарады. Мұқа мен Күншайымнан маңдайы жарқыраған осы сөзге тиек етіп отырған Серік дүниеге келеді. Серік туған күні Мұқа келіні Нілжанға:
— Шырағым, рақмет саған, мына анасыз балаларым мен маған қарадың, еш жаман қылығыңды көрмедім. Енді мына жарық дүниеге келген ұлымды саған бердім, бауырыңа бас, інімнің аты өшпесін, Спатайдың атына куәлігін жаздырып ал.
— Қайнаға, бұл қай айтқаныңыз, өзіңізде де ұл жоқ дегендей, Құдайдың берген ұлын екі отбасы болып өсіре бермейміз бе?
— Екі отбасына да бір ұл ортақ, Спатай інім не жақсылық көрді, қан майданда, Отан үшін жанын бергенде, мен неге ұлымды оған қимаймын? Соның баласы болсын, атын шығарсын, Құдай алдында шын ниетіммен ініме бердім. Күншайым жас, мен тірімін. Қыздарым бар. Спатайымның аты өшпесін! — деді Мұқа.
Мұқа Серік екі жасқа толғанда Қарағандыдағы ауыр жұмыстан тауып келген аурудан көз жұмды. Міне, осылайша жеті қыздың ортасында Серік Спатаев екі отбасының да тірегі болып өсе берді. Кілең қыздың ортасында өскендіктен бе, Серік қыз мінезді, ер жүректі. Ерке де болмады, қайта екі әкенің жоқтығы, еңбекке ерте араластырды. Шынықтырды, шыңдады. Қабырғасы қатпай жатып, отын, су тасыды. Екі анаға қолғанат болды. 1965 жылы Алматыдағы №12 мектептің он жылдығын бірге бітірген сыныптас достарымен, қыз-жігіт демей, күні бүгінге дейін хабарласып, қатынасып тұрады екен. 2015 жылы мектеп бітіргендеріне елу жыл толуына байланысты сыныптас достарының басын қосуына септігін тигізіпті. Мұндай достыққа беріктік кім көрінгеннің қолынан келе бермейтін үлгілі іс. Бұл да оның кішіпейіл адамгершілігінің бір қырын көрсетеді. Серік Спатаев он жылдықты бітіре салып, Қазақ политехникалық институттың инженерлік-құрылыс факультетін бітіріп, қызметке ерте араласты. Біраз қызметтердің тізгінін ұстады. Анығын айтсақ, Шелек ауданының Ащысай ауылында құрылысшылардың басшысы, Қабылов совхозында партия ұйымының хатшысы. Біз бұдан басқа қызметтегі ерекшеліктеріне ғана тоқтала кетсек, оқырманға түсінікті болатын сияқты.
Шелек аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жүргенде, Бартоғай су қоймасы мен Үлкен Алматы каналы құрылысы жүргізіліп, соған белсене атсалысады. Ауданда мал басының көбеюіне байланысты қырғызбен шекаралас Аққия, Қарақия-Байсауран жайлауларына мал апару үшін қатынас жол салу қажет болды. Осы жұмысты тез арада атқаруды Серік Спатаевқа аудан басшысы тапсырды. Екі жаз бойы үй көрмей тынымсыз жұмыстар атқарылып, қия беттерді қиып, жоталарды жарылғыш заттармен қопарып, алты шақырым жерге жол салып, Шелек өзенінің жанына әкеледі. Шелек өзеніне көпір салынып, бұрыннан қырғыздар пайдаланып жүрген он мың гектар жерге Шелек ауданының малдары апарыла бастайды. Солайша мал жайлымы кеңейтілді.
Серік Спатаев құрылыс саласында ұзақ жыл басшылық етіп жүргенде, ауданға көптеген балабақшалар, мектептер, мәдениет үйлері салынып, пайдалануға берілді. Ерекше атап айтсақ, тұрғын үй салу құрылысы қарқынды жүргізіліпті. «Әр шаруашылыққа жиырма үйден» деген бастама, осы ауданынан бастау алып, бұл үндеу жер-жерлерге таратылған болатын, Үндеуді облыс қолдап. Кейін республикаға жайылды. Бұл бастама «Тұрғын үй — 91» бағдарламасына ұласты. Осы бастаманың нәтижесінде, республика бойынша тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілді. Тұрғындары көптеген пәтерлерге ие болды. Бұл жөнінде Шелек ауданы сол кездегі «ауыспалы қызыл туды» жеңіп алды. Осы бір ерен еңбегі үшін Серік Спатаевқа Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президумының құрмет грамотасы берілді. Мұндай марапатты ол кезде кім көрінген ала бермейтін. Бұл оның еңбегіне берілген үлкен мәртебе. Десе де, әрбір жақсы істердің ұйтқысы болып жүрген адамдарды іштен шалу, көреалмастың қызыл итіне мінгізу сияқты әдеттер бұрын да болған, қазір де жоқ емес. Сол сияқты Серік Спатаевты желтоқсанда облыс басшысы Меңдібаев, облыстық партия комитеті бюросының қаулысымен «қара тізімге енгізіп», «артына шала байлап», таза жүрегіне дақ түсіріп, көңілін кірлетіп, ешбір жаманшылығы жоқ адамға жазбаша түрде қатаң сөгіс бергізді. Осы бір әділетсіздік Серіктің арына өте ауыр тиді. Бірақ бұған ол жасымады, қажырлылығымен жүрекке түскен дақты жеңе білді. Сол кезде достарының көптігінің пайдасы тиді, олар бір жағына шыға білді, қол ұшын аямай, жанына сүйеу, қамқоршы бола білді. Кейбірі сырттай болса да тілеулес болып, оған қызметтер іздестірді. Соның бір ғана дәлелі, өмірі көрмеген, Іле ауданының жылыжай комбинатының басшысы Анатолий Иванович Трегуб үйіне іздеп келіп, (қазір Мәскеу қаласында тұрады) бірнеше гектар жерді алып жатқан жылыжайда бірге істейік деп қолқа салды. Мүмкін, ол кезде Серіктей құрылыстың қыр-сырын жақсы білетін ісмер адам керек те болған шығар. Мұндай тосынсый жасаған адамның кім екенін Серік әлі күнге білмейді. Серік Анатолий Ивановичке бірден келісімін берді. Ол жерге жаңадан үлкен құрылыстар салыну қажет болды. Орталық жылуы бар, жарығы жарқыраған, ғимараттары көрікті Арман деген үлкен ауыл пайда болды. Жаңаша салынған қалашықты облыс қолдады. Анатолий Ивановичпен содан бері айнымас достар, қазіргі күні Мәскеуде тұрса да, Серікпен хабарласып, хал-жағдайын біліп тұрады.
Ол отбасындағы үлгілі әке, жан жары Құралай да ұзақ жыл балаларға білім берген ұлағатты ұстаз. Екеуінен Айдар, Алмас, Гаухар атты балалар дүниеге келді. Бұлардан Құдайдың берген он бес немересі тарап отыр. Немерелердің кәмелеттік жасқа толмағандары мектепте, ересектері жоғары оқу орындарында әртүрлі мамандықтарда білім алып жүр. Үйленіп, тұрмыс құрғандары да баршылық. Бүгін Серіктің бір ғана жетістіктерін сөз еттік. Ол жайлы көп жаза беруге болар еді, бірақ оны газет көтермейді. Содықтан да оның өмірінің бір сәттерін ғана жазып отырмыз.
Ең бастысы, қос әке, екі ананың бір кездегі армандары бүгінде орындалды. «Орнында бар оңалар» деген осы. Серік былтыр ғана «Нілжан анасына жүз, Күншайым анасына тоқсан» деген тақырыппен қос анадан өсіп-өнген ел-жұртты Шелек ауылының орталық мейрамханасына жинады. Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарап кеткен жүзден астам ұрпақтарының басын қосып, бақилық болғандарға ас, тірілерге үлкен той жасап берді.
Алматы облыстық Есік аймақтық селден қорғау мекемесінде ұзақ жыл басшылық қызметте болып, зейнеткерлікке шыққан Серік Спатаевтың бұл жұмыста да басынан не өтпеді дейсің, оның өзі бір кітаптың жүгін көтереді.
Қазір Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы, көптеген медальдардың иегері, аудандық ақсақалдар кеңесінің ақылдасар алқасының белсенді мүшесі. Ел сыйлаған үлкен азаматтың бүгінде жасы жетпіске толды.
Әлі де жастарға үлгі болып келеді. Жан жары Құралайдың ұйымдастыруымен жақында туыстары, балалары жиналып, Алматыда жетпіс жылдық мерейтойын атап өтпек. Аптал азаматтың жанұясына бақыт, зор денсаулық тілейміз!
Шаяхмет Құсайынұлы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

(49)