Латын әрпіне көшу — жаңғыруымыздың жаңа кезеңі

Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған латын әліпбиін енгізу мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл шын мәнінде халықтың рухани жаңғыруының өзегі деуге тұрарлық, заман талабынан туындаған іс болды. Өйткені сонау 1931-1940 жылдар аралығында біздің әке-шешелеріміз қолданған латын әліпбиін қазіргі күнде әлемдегі 220-ға жуық мемлекеттің 112-сі, яғни 50 пайыздайы қолданады екен. Олардың арасында дамыған мемлекеттер де бар.
Бұл тұрғыда айтарым, осыған дейін айтылып келген «орыс тілінен алшақтаймыз» деген пікірлердің дұрыс-бұрысын уақыт көрсете жатар, ал қазірге бізге ең керегі: латын әліпбиінің көмегімен өзге түркітілдес мемлекеттермен арадағы рухани, мәдени байланыстарымыздың артуы, қазақ елінің, мемлекетіміздің дүниежүзілік даму мен өркениет жолына қадам басуы болып тұр.
Екіншіден, ғылым мен технология дамыған мына заманда латын әліпбиімен сөйлеген қазақ тілі «электронды» әлемдегі басты коммуникациялық құралға айналып, білім-ғылым, ақпараттық кеңістік, т.б. салаларда байланыс күшейіп, цифрлы технологияларды меңгеру жеңілдейді. Латын әліпбиіне көшу шет тілдерін, әсіресе ағылшын тілін меңгеруді жеңілдете түседі, сонымен қатар өзгелердің де қазақ тілін үйренуіне ыңғайлы болар еді деп ойлаймын.
Рас, қазіргі қолданып жүрген «кириллицада» қазаққа тән емес әріптер болды, ал мамандардың пікірінше, латын әрпіне ауысу біздің фонетикалық және орфографиялық кемшіліктерімізді жояды екен. Ендеше, Елбасы межелеген мерзім ішінде латын әліпбиіне көшу үрдісін жеделдете отырып, жоғарыда айтылған мәселелерді барынша зерттеп, зерделей отырып, қолданысқа енгізген дұрыс. Өйткені біз уақытттан ұтсақ, өмірде де, қоғамның саяси-экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуында да ұтарымыз көп болмақ. Бұл біздің рухани жаңғыруымыздың алғашқы баспалдағы әрі жаңа кезеңінің басталуы болмақ.

Тілеубергенов Еразақ Манапұлы,
Абай атындағы ҚазҰПУ Мемлекеттік және азаматтық құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі, Заң ғылымдарының кандидаты, доцент

(32)