mm
«Қазақстан ZAMAN» газетінің Бас редакторы. Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР «Ақпарат саласының үздігі». «Қара жапырақтар», «Сарайшық ханшасы және Иван Грозный», «Мен Саған ғашықпын!» атты романдары, балалар туралы хикаяттар мен әңгімелерден құралған бірнеше жинақтары жарыққа шыққан. Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің алтын медалін, «Жалын» жабық бәйгесінің жүлдегері атақтарын жеңіп алған. «Спорт», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерінде әрқилы қызметтер атқарған.

Латын әліпбиі: үміт пен күдік

Қазір шенеуніктерді де, халықты да елеңдетіп отырған зор оқиға — латын әліпбиіне көшу мәселесі. Сан түрлі пікірлер айтылып жатыр. Бұл мәселе Парламентте де, Үкіметте де бір қаралып өтті. Басқа — басқа, латын әліпбиі неге ешкімді бейжай қалдырмай отыр? Ол соншама маңызды мәселе ме? Мемлекетіміздің болашағына қандай әсерін тигізеді? Негізі әліпбиге көшуге деген белгіленген уақытқа әлі де жеті-сегіз жыл бар. Сонда неге біз оған алдын ала дайындалып, шала бүлініп жатырмыз?

Қазақтың 5 үміті

Біріншіден, шынында да, латын әліпбиіне көшу — өте маңызды мәселе. Соның алдыңғы қатарында 26 жыл бойына қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде бәріміз жабылып тұғырына қондыра алмай келеміз. Қазақтар осы әліпбиге көшу мемлекеттік тіл мәртебесін көтереді деп үміттенеді.
Екіншіден, үш жүз жыл орыс империясының табанында жаншылған қазақ ұлты әлі де құлдық психологиядан арыла алмай келеді. Бұл оқиға осы жабысып айырылмай келе жатқан бодандықтың салқынынан құтқарады деп үміттеніп отырмыз.
Үшіншіден, кирилл әліпбиіндегі артық әріптерден құтқарып, ғасырлар бойына ұлттық нақышымызды сақтап келген қазақтың қоңыр үніне оралтады деп санайды.
Төртіншіден, бұл көшу қай жағынан болса да іргеміз ажырап кеткен түркі жұрттарын жақындастырады және әлемде тарыдай шашырап жатқан бауырларымызбен табыстырады деп сенеміз.
Бесіншіден, әлем көшіне ілесіп, болашаққа нық-нық қадам жасатады деген үміт жетегіндеміз.

Қазақтың 3 күдігі

Біріншіден, кирилл әліпбиінде осы күнге дейін жасалған рухани байлығымыздан айырылып қаламыз ба деп үрейленіп отырмыз.
Екіншіден, егер бұл әліпбиге орыстілділер көшпесе, тағы да бөлініп, ынтымақ-бірліктен айырылып қаламыз ба деп қорқамыз.
Үшіншіден, жасы келіп қалған адамдар бұл әліпби отбасымызда да бір-бірімізден қашықтатып, сондай-ақ кітап оқи алмай қаламыз ба деп күдіктенеді.

(46)