mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Күрдтер тәуелсіздігін жариялады. Енді не болмақ?

Ирактың жартылай автономиялық Күрдістан аймағы 25 қыркүйекте Ирактан тәуелсіздік алу туралы референдумға дауыс беру шарасын өткізді. Ресми Бағдад бұған дейін референдум өткізбеуді талап етіп, Ирактың біртұтастығы үшін күресетінін, керек болса мұнайдан түсетін табыстан қағатынын ескерткен. Күрдістан аймақтық үкіметінің басшысы Масуд Барзани референдумның заңдық күші жоғын, дегенмен оның аймақ тәуелсіздігі жөніндегі ұзақ мерзімдік келіссөз бастаудың алғашқы қадамы болатынын мәлімдеген. 1991 жылдан бері автономия болып жарияланған Күрдістан жиһадшыл содырларға қарсы соғыста үлкен рөл атқарған. Референдумда дауыс беру құқығы бар 5,3 миллион азаматқа 12 мыңға тарта сайлау учаскесі ашылған. Аймақ көсемі Масуд Барзани 24 қыркүйекте Ирбилде өткен баспасөз конференциясында: «Бағдадпен әріптестік іске аспады, енді оған қайта оралмаймыз», — деп, барлық күрдтерді «бейбітшілікке» дауыс беруге шақырған. БҰҰ, АҚШ пен басқа да Батыс елдері референдум егер ол даулы аймақтарда тәртіпсіздікке әкеліп соқтырса, «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымына қарсы соғысқа кедергі жасауы мүмкін деп алаңдайды. Бағдадтағы орталық үкімет пен халықаралық қауымдастық, оның ішінде күрдтер көп тұратын Иран мен Түркия референдумға қарсы шыққан. Ирак премьер-министрі Хайдар әл-Абади 24 қыркүйекте: «Референдум конституцияға қайшы және бейбітшілікке қарсы. Бағдад елдің бірлігін қорғау үшін қажетті шаралар жасайтын болады. Дауыс беру этникалық бөлініске әкеліп соқтырып, ирактықтарды бір Құдайға ғана аян апатқа ұрындырады», — деген-ді. Бұған дейін америкалық сарапшы Владимир ван Вильгенбург: «Күрд автономиялық аймағының көсемі Масуд Барзанидің түпкі мақсаты автономияның аумағын кеңейту ғана емес, сондай-ақ, тәуелсіздікке ұмтыла отырып, аудан құрамына мұнайға бай Киркук қаласын қосып алу сынды. Күрдтердің қазіргі басты мақсаты — осы даулы аудандарға қатысты референдумды ойдағыдай өткізу. Сонымен қатар олар Түркияға өз мұнайын тікелей сатып отыратындай мүмкіндік берілуін қалайды. Киркукты өзіне қосып алса, әрі мұнайын Түркияға экспорттауға мүмкіндік алса, Күрд аймақтық үкіметі өзінің экономикалық базасын нығайтып қана қоймай, Бағдаттың экономикалық қысымынан да құтылар еді. Қазір Бағдад аймақта мұнай саудасынан түскен табыстың 17 пайызын өзіне алып қалып отыр. Күрд аймақтық үкіметі жақында Бағдадқа өзінің Түркияға сатқан мұнайына қатысты қаржылық ақпаратты жіберуден бас тартты. Сол себепті Барзанидің тәуелсіздік туралы тәтті әңгімесі шын дербестікке ұмтылудан гөрі саяси ойынға көбірек ұқсайды», — десе, тағы бір шетелдік сарапшы Джеймс Кер-Линдзи: «Анкара Күрдістанның Ирак құрамында қала бергенін қалап, өз ішіндегі бұрыннан артық құқықтар талап етіп отырған күрдтердің делебесін қоздырып жібергендей. Соңғы он жыл ішінде Түркия мен Күрд аймақтық үкіметі өзара тығыз сауда қарым-қатынасын орнатты. Түркиядағы радикалды әрекеттерге барып жүрген Күрд жұмысшы партиясымен бейбіт келіссөздер жүргізуде Күрд аймақтық үкіметі араағайын болды. Иракта азамат соғысы басталып, мемлекет ыдырап кеткен жағдайда ғана Анкара күрдтердің тәуелсіздігін қолдауы мүмкін. Бірақ бұл Түркияның басты қалауы емес», — дейді. Ал, АҚШ-тағы Лехай университетінің халықаралық қатынастар бойынша профессоры Генри Бэрки: «Күрд аймақтық үкіметінің тәуелсіздікке ұмтылуына кедергі келтіріп отырған бір фактор бар: ол — мемлекет толық тәуелсіз болуы үшін көршілес жатқан елдердің кем дегенде бірнешеуімен жақсы қарым-қатынас орнату керектігі. Тіпті аймақтың тәуелсіздігін бір мемлекет мойындаған күннің өзінде (күрд автономиясы жағдайында Түркия десек) бұл «енді толығымен сол мемлекеттің айтқанына көнесің» деуді білдіреді. Себебі, бірдеңе бола қалса, Түркия кранды жаба қояды, ал, бұлайша толық бір елдің уысында қалу — шын мәнінде тәуелсіздік емес. Жалпы, мұхитқа шығар жолы жоқ Күрд автономиялық аймағын Түркия, Иран, Ирак және Сирия қоршап жатыр. Қазіргі кезде оның әлемдік нарыққа шығатын басты жолдары Ирак пен Түркия арқылы өтеді. Иранмен арада аз-маз сауда қатынасы бар. Ал азамат соғысына шарпылған Сирияға мүлде жол жоқ», — деген уәжді алға тартады.

PS: Күрдістандағы Референдум және сайлау жөніндегі жоғары тәуелсіз комиссиясы: «Референдумға қатысқандардың 93,29 пайызы аймақтың тәуелсіздігін қолдап дауыс берсе, 6,81 пайызы қарсы болды. Референдумға дауыс беруге құқылы 5,2 миллион адамның 3,3 миллионға жуығы қатысты: бұл — дауыс берушілердің 72,16 пайызы. Референдумға қатысуға Иракта тұратын, Ирактық Күрдістан немесе күрд аудандарында тіркелген барлық азаматтарға құқық берілген. 6846 сайлау учаскелері, 1737 комиссия құрылды», — деп мәлімдеді. Тәуелсіздік жөніндегі референдумға Бағдад, Анкара және Тегеран үзілді-кесілді қарсы болды. Батыс елдері де Ирак Күрдістанының билігін референдум өткізбеуге шақырды. Ал АҚШ «даулы аймақтарда референдум өткізу жағдайды одан әрі шиеленістіре түседі» деп мәлімдеген. Ирак Күрдістаны — Ирактың солтүстігі мен солтүстік-шығысындағы Күрд автономиясының бейресми атауы. Күрдтер осы аймаққа кіретін Дахук, Сулеймания және Эрбиль провинцияларында тұрады. Билік басында — Масуд Барзани басқаратын Күрдістан демократиялық партиясы. Осы шарадан кейін Ирак Парламенті референдумға қатысқан барлық күрд шенеуніктерін жұмыстан қууға дауыс беріп, Күрдістан мен оған іргелес жатқан шекараларға бақылау жасауды Бағдадқа беруді, сондай-ақ, мұнайға қатысты келісімдерді тек Ирак үкіметімен ғана жүргізуді талап етті.

(33)