Кесене басындағы келелі кеңес немесе Степногорск 50 жаста

Ақмола облысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын халыққа насихаттау  тыңғылықты атқарылды. Нәтижесінде арнаулы  бағдарлама бекітіліп, ұйымдастыру  комиссиясы тағайындалып, жобаға кірген іс-шаралар қарқынды басталып жатыр. Осыған орай, жобада қарастырылған  «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлері», «Тарихи тұлғалар» аталымдары бойынша өңірде атқарылған игі істен оқырмандарды  құлағдар етуді жөн көрдік.

Уәлихан кесенесі ел қамқорлығында

Ақмола облысының әкімі М.Мырзалиннің тапсырмасымен Уәлихан кесенесiн абаттандыру қолға алынып, игі істер атқарылып жатыр. Осы атқарылып жатқан істің барысымен әкім өзі тікелей танысып, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылатын игі істің мақсат-міндеттері жайлы еңбек ардагерлері, тарихшы ғалымдармен кеңесіп, ой бөлісті.
Кесене Көкшетаудың іргесіндегі Қазақстан ауылы маңындағы биік төбеде орналасқан. Бұл төбеде хан тұқымының зират қорымы болған деседі. Қорымдағы зират талай рет тоналған. Осы маңда мал қайырып жүрген балалар жер бетiнде шашылып жатқан адамның сүйектерiн тауып алып, үлкендерге айтқан. Адам сүйектерін көрген ауыл тұрғындары оларды қайта көмеді. Уәлиханның зиратында тек белгі тас болыпты. Оны хан зиратының басына ханның немересi 1804 жылы қойған екен. Бірақ тың игеру жылы жаппай жер жыртқанда белгі тас құлап қалады. Оны көкшетаулық азаматтар тауып алып, 2008 жылы ханның 270 жылдығына орай кесенемен бірге тұрғызады.
Қазақтың хан, билерінің сүйегі Түркістанда жерленетін салт Уәлихан тұсында неге орындалмай қалғаны жұмбақ. Бірақ сол кездегі патшалық Ресейдің жымысқы саясаты, ішкі тартыстың салдары десек, жөн болар.
Хан кесенесі басындағы кеңесте әкім М.Мырзалин Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласына кеңінен тоқталумен қатар, Кеңес кезінде еленбей қалған қазақтың тарихи тұлғалары, киелі жерлерді ардақтау, тарихи мұраларды қорғау тәуелсіздік жылдары қайта жаңғырғанын атап өтті.
— Ел тәуелсiздiгiн алған соң, тарихи мұралар, кесенелер, ескерткіштерді қорғайтын тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы құрылып, бұл жердi мемлекет қорғауына алды. Ендi оны «Азия-Агрохим» ЖШС «Туған жер» бағдарламасы шеңберiнде өз қаржысына абаттандырып жатыр. Бұл — аталмыш бағдарлама бойынша облыста жүзеге асырылып жатқан алғашқы жоба. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласында Қазақстанның киелi жерлерiнiң тiзiмiн жасау туралы тапсырма берген болатын. Осы күнi бұл жоба елiмiздiң барлық өңiрлерiнде қолға алынып, нақты жұмыс атқарылуда. Оның iшiнде киелi орын болып саналатын және ел тарихында елеулi орын алатын тарихи тұлғалардың жерленген орындары мен құнды жәдiгерлердi анықтап, жан-жақты мәлiмет жинау, жұртшылыққа кеңiнен таныстыру да бар.
Уəлиханның кесенесiн абаттандыру да сол ауқымды шаралардың басы. Алдағы уақытта өзге де тарихи тұлғалардың зираты мен киелi орындарды қалпына келтiретiн боламыз. Осындай игi iстерге қол ұшын созып отырған жергiлiктi кәсiпкерлерге алғысымды бiлдiремiн, — дедi облыс әкiмi өз сөзiнде.
Хан кесенесiн жаңғырту жұмысына Б. Козлов басқаратын «Азия-Агрохим» серiктестiгi демеушiлiк көмек ретiнде 6,5 миллион теңге қаржы бөлген. Ол қаржыға ескерткiштiң аумағы қоршалып, бедер тастар төселдi. Сонымен қатар, ханның басына мiнəжат етушiлер мен туристер үшiн орындықтар орнатылып, ағаш көшеттерiн отырғызу жоспарланған.
Жиын соңында ханның аруағына арнап ас беріліп, дұға бағышталды.

Сары белдің сары қаласы

Республикаға танымал Степногорск қаласының іргетасы қаланғанына биыл 50 жыл толып, мерекелік шаралар өтті. Бүгінде 70 мыңға тарта тұрғыны бар, Ақмоланың өнеркәсіп орталығы саналатын шаһар осы жылдары қызық пен қиындықты біраз көріпті. Орнағанда Мәскеуден басқарылып, қарапайым халыққа қырын қараған, тіршілігі мен өркені қарыштап дамыған жабық шаһар ел тәуелсіздік алған жылдары иесіз қалып, өтпелі кезеңнің кедір- бұдыр теперішін біршама көреді. Бірақ Елбасының, мемлекеттің қамқорлығының арқасында соңғы кездері дамудың соқпағына жаңылмай түскен сияқты. Себебі қала көркейіп, құрылыс нысандары, өндіріс ошақтары жаңарып, жаңадан салынып жатыр екен. Шаһардың мерейтойына Халық Қаһарманы, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, Парламент Сенатының депутаты Д. Әділбеков, Қ. Сәтбаевтың немересі Ә. Жармағамбетова облыс әкімінің орынбасары А. Мүсірәлімова сияқты сыйлы қонақтар қатысты. Шара барысында тойдың сәні мен мәні ұлт рухын асқақтатқан ұлы ғалым Қ. Сәтбаевтің ескерткішінің салтанатты ашылуы болды.
Іргетасы 1967 жылы қаланған, атауы айтып тұрғандай, Сарыарқаның сары белінде бой көтерген қала кеңестік сәулет өнерімен салынып, ірі өнеркәсіп орталығы болғандықтан, кезінде тұрғындарына қажеттінің бәрі ескеріліпті. Жасыл желекті саябақтар, жаздың қапырық ыстығында салқын леп соғатын субұрқақтар, кең көше жолдары мен жаяу жүргіншілерге арналған жағажолдар — бәрі жас қалада заман талабына сай жасалған дейді. Кеңес кезінде қорғаныс саласының арнаулы құпия кәсіпорындары көп орналасқан Мәскеуге тікелей бағынышты жабық қала болыпты. Дүкендерінде басқада жоқ тауарлар мұнда самсап тұрыпты. Оған сырттан келген азаматтардың қолы жетпеген. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде ірі кәсіпорындар жабылып, қала біраз уақыт қиындықтарды бастан өткерді. Мемлекет тарапынан жасалған көмектің нәтижесінде белді инвесторлар қаржы салып, бұрынғы іргелі кәсіпорындар нарық талабына бейімделеді. Құлазыған қала көркейіп, тіршілік жақсарады. Бүгінгі Степногорск сәулетіне дәулеті сай астаналық облыстың аса ірі өнеркәсіп орталығы. Көк желек жамылған қала көшелері сәулетімен, сәнімен тұрғындарды да, келген қонақтарды да қуантып, заман талабына сай өсіп-өркендеген.
Мерейтойлық шара «RE-BIOMED» ғылыми-тәжірибелік орталығы» ЖШС-нің косметикалық өнімдер шығаратын кәсіпорнының ашылуымен басталды. Жаңа кәсіпорынның лентасын ҚР Парламенті Сенатының депутаты Д. Әділбеков пен ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қ. Бәйімбетов қиды. Жоба құны 1 миллион АҚШ долларына тең. Мұнда бетке арналған сергіткіш және жақпамай тәрізді биокосметика түрлері шығарылады. Биокосметикаларда химиялық қоспалар жоқ. Таза органикалық компоненттерден тұрады. Сол себепті де, қолданған кезде ұзақ мерзімде және 70 пайыз жақсы әсер етеді. Компания мамандары Канада және Германия елдерінде дайындықтан өткен. Өндіріс жылына 3 миллион құты, 20 миллион ампул өнім шығарады. Құны 3-7 мың теңге аралығында.
Мерейтойдың екінші салтанаты, қазақтың ұлы тұлғасы, ғалым, қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың биіктігі 7 метр ескерткішін ашумен жалғасты. Бұл құрметке Қаныштай тұлға лайық. Себебі Степногорск — алтын, уран сияқты түсті металл өндірісі дамыған өнеркәсіпті қала. Сондықтан қазақ ғылымының негізін қалаушы, оның ішінде геология ғылымын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғаға ескерткіш орнатылуы өте дұрыс шешім. Ескерткіш лентасын Халық қаһарманы, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Т. Әубәкіров пен Қ. Сәтбаевтың немересі, химия ғылымдарының докторы Ә. Жармағамбетова қиды. Шарада ғарышкер Т.Әубәкіров, Қ. Сәтбаевтің немересі А. Жармағанбетова, Ақмола облысы әкімінің орынбасары А. Мүсірәлімова степногорлықтарды мерейтойларымен құттықтап, сөз алды.
Мерейтойда «Степногорск — күштілер мен батылдар қаласы» атты бұқаралық спорт жарыстары өтіп, ниет білдірген барлық жастағы тұрғындар қатысты. Балалар шығармашылығына арналған «Алтын күз» көрмесі, «Степногорск — менің туған қалам» мерекелік шарасы аясында жастардың флеш-мобы, облыстық филармонияның концерті, жас авторлардың «Әлемдегі ең тамаша қала» фестивалі, ауған соғысы ардагерлерінің «Менің Отаным» патриоттық әндер концерті ұйымдастырылды. «Степногорск — жүрегімде» аталымы бойынша қаланың іргетасын қалаған ардагерлер шеруі, көп жылдар отасқан ерлі-зайыптылар мен жаңа үйленген жұбайлар, қала құрдастары алаңға шығып, қала тұрғындарын, қонақтарды мерейтоймен құттықтады. Салтанатты шара «Дала қаласына сәлем» отшашуымен аяқталды.

Қорғалжынның қоқиқазы

Облыстық ішкі саясат басқармасы, Өңірлік коммуникациялар орталығының ұйымдастыруымен Қорғалжын ауданында пресс-тур өтті. Қорғалжын ауданы — байырғы қазақтар мекені. Жергілікті ұлт басым тұратын, 10 мыңға жетер-жетпес халқы бар, шағын аудан.
Сапар аудан орталығына кіреберістегі достықтың, махаббаттың символы болған, ел ортасына кең тараған «Дударай» әнінің құрметіне қойылған ескерткіштен басталды. Ескерткіштен алыс емес, Нұра өзенінің сол жақ жағасында Қорғалжыннан үш шақырымдай жерде орналасқан Бытығай кесенесі тұр.
Орталықтағы «Қорғалжын қорығы» атты мұражай кешенін тамашаладық. Онда қорықтың жалпы аумағы, ондағы жан-жануарлар түрі, табиғаты көрнекті құралдармен бейнеленіп, тарихы жайлы мәліметтер қойылыпты.
Қорғалжын қорығы Астана қаласының оңтүстік-батысына қарай 130 шақырым. Қорғалжын шұңқырында орналасқан қорықтың ауданы 259,9 мың гектар, оның 198 мыңы акватории. Оған Теңіз және Қорғалжын көлі кіреді. Теңіз көлінің ұзындығы 85 км, ені 35 км. Қорық «Тірі көлдер» ұйымына, әлемдегі ерекше бақылауды талап ететін Рамсар Конвенциясының «А» және Юнеско тізіміне кірген. Қорықта Қызыл Кітапқа енген құстардың 32, жан-жануарлардың 40 түрі мекендейді. Ең атаулысы қорық брендіне айналған қызғылт қоқиқаз /фламинго/. Қорғалжынның атын ел аумағына танытып отырғанда осы — фламинго. Латынша «Flame» жалын деген сөз. Бұл — өте сәнді құс.
Ол «артемия салина» деп аталатын құртпен қоректенеді. Артемия құрты тұзды көлде болады. Ал Теңіз көлінің ащылығы әлемдік мұхиттардың тұздылығынан 5-6 есе артық. Қоқиқаздар өте сақ келеді. Қасына бару түгілі, маңына жақындау мүмкін емес. Күн жылына келіп, балапан басып, салқын түсе жылы жаққа ауады. Қорғалжын қорығының бетке ұстар мақтанышы болғандықтан, барлық келушілер жақын баруға тырысады. Бұл жолы біз де әдейі барған соң, қоқиқазды көзбен көруге тырыстық. Біз «ЭКСПО — 2017» көрмесіне келіп, қорықты тамашалауға келген германиялық туристерге кезіктік. Жолбасшы арқылы Сандықпайсор және Кіші теңіз көлінің жағасында қоқиқаздарды тамашаладық. Бірге жүрген шетелдік туристер Қорғалжынның әсем табиғатымен, көл бетіндегі құстарды тамашалап, мәз-мейрам.
Александр Лоренц есімді турист келгендеріне өте қуанышты екенін айтып:
— Мен Берлиннен келдім. Бұнда бірінші рет болуым. Қызмет бабымен «ЭКСПО — 2017» көрмесінде технологиялық форум өткізудеміз. Осындай қорықтың барын естіп, қоқиқазды көзбен көруге арнайы келдік. Германияда мұндайды көру мүмкін емес. Келешекте тағы келу ойымда бар, — деді журналистер сауалына.
Қорықтың ұйымдастыру орталығының жетекшісі Нәзира Зұлханова төмендегі мәліметтермен таныстырды. Оның айтуынша, жыл сайын шетелдік туристерді қосқанда барлығы 3-5 мың адам келсе, биыл 300 шетелдік, 2,5 мың қазақстандық турист келіпті.
— Қорықта тамашалайтын басты нәрселер: көл бетіндегі құстардың түрі, тыныс-тіршілігі және табиғаты.
Әлемдегі жыл құстарының келетін, кететін 8 маршруты болса, соның үшеуі Қорғалжын аумағы арқылы өтеді екен. Соған орай, бір Қорғалжынның 70-ке жуық көлінде миллиондаған құстар мекендейді. Бірақ қорықтың басты беткеұстары — қоқиқаздар. Теңіз көлі — қоқиқаздың ұя басатын солтүстіктегі ең соңғы нүктесі. Әлем бойынша бұл құстардың саны аз. Жоғалуға шақ тұрған құстардың Қорғалжын қорығында мекен ететіндігі біз үшін ерекше жауапкершілік, — дейді жетекші ханым.
Қорықтың ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы Берік Рысбаев бізді қорық аумағымен таныстырды. Ол жол-жөнекей біршама әңгіме өрбітті. Қорық аумағы ерекше қорғалған. Бұл жерде браконьерлерге жол жоқ. Көлдердегі балық та беталды аулана бермейді. Білместіктен аумаққа кіріп кеткендер болмаса, осы аралықта заңсыз аң-құс атқан адам баласы болмаған. Артемия құртын тергендер болыпты. Оларға дер кезінде тосқауыл қойылған.
Сапарымыз «Аққу» бағытында, яғни Шолақ, Біртабаншалқар және Теңіз көлінде жалғасып, Сұлтанкелді көлінің жағасындағы саяхат орнында аялдадық. Көлдің Сұлтанкелді атануы Кенесары хан Ұлытауға бара жатқан жолында аялдағандықтан, көл хан құрметіне осылай аталса керек.
Ащы сулы Теңіз көлі мен Қорғалжын ойпатындағы Сұлтанкелді, Есей, Қоқай, Асаубалық және тағы басқа 60 шақты тұщы көлдің басын біріктіретін қорықтың жалпы аумағы 543 мың 171 гектар. Әрбір көлдің аталу тарихы бар. Сол сияқты қалың қолымен Абылай түскен де көл бар екен. Бірақ ұя салып, сыңсып жатқан құсты көрген көреген хан Абылай құстарды үркітпейік деп, әскерін көп аялдатпаған дейді.
Қорық алғаш 1957 жылы аң аулау орны болып ашылып, одан қорық болып кеңейтілсе, 1962 жылы Қорғалжын орман-аңшылық шаруашылығы дәрежесіне көтеріліпті. Одан соң, 1968 жылы ғана Ғылым Академиясының ұсынысымен Қорғалжын мемлекеттік қорық мәртебесіне қол жеткізеді. Қорғалжын қорығының құрылуына Д.Қонаев себепші болған дейді. Аң аулауды жақсы көрген Димекең құс атуға рұқсат етілген маусымда осында келіп, демалған көрінеді. Оған арнайы салынған саяжай да бар екен…
Қорғалжын, негізінен, қазақтар тұратын аудан. Кеңес кезінде егін, малмен айналысып, нәпақа тауып келіпті. Ауданда айтарлықтай белді өндіріс ошағы жоқ екен. Тек, Сабынды ауылында шағын ет өнімін өндіретін кәсіпорын және діни оқу орны бар. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Орталық-батыс автожолын салу басталады деседі. Ол жоба қолға алынса, аудан тіршілігі, туризмнің жандауына зор серпін беретіні анық. Қорғалжын топырағы егіншілікке тым қолайлы емес сияқты. Сол топырақтарды, басқа да мүмкіндіктерді қарастырып, құрылыс материалдарын өндіретін өндіріс орнатуды көздеген дұрыс сияқты. Жол қатынасы да көңіл көншітерлік емес. Бір қуантарлығы, Астана мен Қорғалжын арасындағы қара жолға орташа жөндеу жүргізіліп жатыр екен. Бұл да көңілге демеу екен. Қорғалжын аумағы мал ұстауға қолайлы деседі. Елдің негізгі шаруашылығы да осы. Қытайдан келген ағайындар мал бағып, ата кәсіпті жандандырып жатқаны айтылды. Бұл істі өркендетіп, ауқымын кеңейткен жөн сияқты. Қорғалжындағы киелі орындар Бытығай, Қаныкей соңғы кезде табылды деп жүрген Жәнібек хан мазар, кесенелерін зерттеп-зерделеп, жөндеп, туристердің қызығушылығын тудыратындай етуді тез арада қолға алса игі іс болар еді…
Дахан Шөкшир

(33)