mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Депутаттар талабы қанағаттандырыла ма?

Үкімет отырысында мәжіліс депутаты Марат Бопазов: «Әскерилерді үймен қамтамасыз ету шаралары қаралғанда үймен қамтамасыз етілгенге дейін оларға банктен бес пайыздық несие беріледі делінген. Сол жағдайды әлеуметтік жағдайы төмен жас отбасыларына да қолданып, оларға да үй алу несиесінің пайызын төмендетуге бола ма деген ұсыныстар бердік. Өйткені, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» биыл 17 миллиард табыс тауыпты. Біз сол қаржының есебінен баспанаға берілетін несиенің бес пайыздан да төмендетуге болады дейміз. Қазір елімізде екі жарым миллион адам үй алу кезегінде тұр. Олардың көбі жас отбасылар мен жоқ-жітік жанұялар»,— десе, банктің басқарма төрағасының орынбасары Мирас Бейсембаев: «Біз түскен таза табысты қалай пайдалану қажеттігі бойынша акционерлерімізбен ақылдасамыз. Оның ішінде әлеуметтік әлжуаз топтарға несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендету мәселесі де бар», — деп сендірді. Жалпы, мемлекеттік бағдарлама бойынша берілетін үйлердің шаршы метрі аймақтарда 140 мың теңгеге дейін жетеді. Алматы, Астана, Ақтау, Атырауда 180 мың теңге. «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысты мәселеде мәжілісмендерге бір типті көпқабатты үйлер құрылысы да  ұнамайды екен. Ал шенеуніктер мемлекеттік бағдарламаға сай Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Қостанайда сыртқы сәулеті бірдей екі мыңға жуық үй салмақ. Мәжіліс депутаты Анар Жайылғанова: «Алты аймақта бір типті үй салып, кеңестік менталитетке қайта оралмақсыздар. Әр өңірдің өз ерекшелігі болуы қажет. Сонда туризм де дамиды. Ақтөбе Павлодарға, Петропавл Шымкентке ұқсамауы тиіс. Ақша бөлінді, енді соны дұрыс жұмсауға болмай ма?»,— деген ренішін білдірді.  Ниет түзу, тек бұл ұсыныстың орындалу-орындалмасы билікке байланысты болмақ.

(15)