Оңтүстік жұртына Көкшетауда жұмыс істеу мүмкіндігі туды

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесіне айрықша көңіл бөлінген. Соның ішінде еңбек нарығын жаңғыртуды өз еркімен жүзеге асыру, еңбек күші мол аймақтан жұмыс қолының тапшылығы сезілетін өңірге қоныстандырып, еңбек нарығының тепе-теңдігін сақтауды міндеттеді. Бұл ретте ОҚО әкімдігі тарапынан өңірдің халқы тығыз орналасқан аудан, қалаларынан Ақмола облысына қоныс аудару жөнінде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Осы ретте жуырда Ақмола облысы, Көкшетау қаласы «Новопэк» ЖШС-нің өкілдері облысымызға арнайы келіп, өз еркімен қоныс аударушылармен кездесті. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте мәлім еткен облыс əкімінің орынбасары Е.Садыр полимерлі қаптама шығаратын компания басшылығы күнгейден 600-ден аса жұмысшыны зауытқа шақырып жатқанын да жеткізді.
2003 жылдан, яғни серіктестік құрылғаннан бері Новопэк полимерлі орау шешімдерін әзірлеуге, өндіруге және жеткізуге маманданған. Серіктестік кеден одағының нормаларына сәйкес полипропилен қаптары мен жұмсақ контейнерлер шығаратын зауыттардың бірі саналады. Қазіргі кезде ауданы шамамен 45 мың шаршы метрді құрайтын өндірістік кешенде 600 адам жұмыс істейді. Бүгінгі күні компания басшысы Көкшетау қаласындағы зауытта жұмыс істегісі келетін азаматтар болса, оларға барлық жағдайды жасаймыз деп сендірді. Оның сөзінше, қазір зауытта жұмыс күшінің жетпеуі салдарынан көптеген қондырғылар тоқтап тұр. Ал егер қосымша 600-ден астам жұмысшы келсе, өнімділікті екі есеге дейін арттырып, Еуропа нарығына да шығуға мүмкіндік бар. Яғни қазір айына 6 млн. данадай қап тігілсе, жұмысшы күші толыққан жағдайда оның көлемі 11 млн-ға дейін артпақ екен.
«Зауытқа негізінен үш мамандық бойынша машинистер, операторлар мен тігіншілер қажет. Келген жұмысшыларды алдымен арнайы курстарда оқытып, ол кезеңге 40 мың теңгеден стипендия береміз. Одан кейін жұмысқа қабылданып, жатақханамен қамтылады. Жалақылары 80-150 мың теңгенің аралығында. Тамақтардың бағасы 300 теңгеден аспайды. Қазіргі таңда зауыттың жанынан тұрғын үй кешені салынуда. Ол жерге 300-дей жұмысшы қоныстанатын болады. Сондықтан біз жұмысшыларды отбасыларымен келсе де қабылдаймыз. Алдағы уақытта оларға қала аумағынан үй іргелік жер бөлу мәселесі де қаралып жатыр», — дейді серіктестік басшысы Айдар Жақыпов.
Төрт күндік сапары барысында зауыт басшылығы Түркістан қаласы мен Сайрам, Сарыағаш ауданының тұрғындарымен кездесіп, өздеріндегі мүмкіндік жайлы жан-жақты баяндады. Әрине, қызығушылық танытқан тұрғындар да табылып жатыр. Алдағы уақытта өзара келісім болып жатса, екіжақты тиімді іс жүзеге асатыны анық.

Ш.Мекенбайұлы

(14)