Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы құс фабрикасы қарқынын үдетті

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы жалпы құны 974 миллион теңге тұратын «Аса-DAMU» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құс фабрикасының іске қосылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Қазір мұнда Ресейден әкелінген 93 мың балапан арнайы күтімге алынып, кәсіпорын қарқынын үдетуде.
Жалпы бұл фабрика — өңір тұрғындарын құс өнімдерімен қамтамасыз етуге арналған екінші жоба. Өткен жылы Байзақ ауданында құс фабрикасының жұмысы қайта жанданып, халықтың қажеттілігін біршама толықтырған болатын. Енді міне, «Аса-DAMU» кәсіпорны бұл көрсеткішті едәуір арттырады деп көзделуде.
— Өңірде құс фабрикасы жоқтың қасы. Біздің мақсатымыз — облысты жұмыртқамен қамту. Балапандарды Ресейден алдырдық. Құстарды күтіп-баптаумен 23 жұмысшы айналысып отыр. Бұдан бөлек ветдәрігеріміз, технологымыз бар. Алдағы уақытта мол өнім аламыз деп жоспарлаудамыз. Фабрика толық іске қосылғанда қосымша жұмыс орындары ашылады.
Құс фабрикасын өз қаражатыма тұрғыздым. Тек құрылғыларын алуға «Даму» қорынан несие алып, Испания елінен жеткіздім.
Мен осы ауылда дүниеге келіп, осы ауылда ержеттім. Құс фабрикамды да осы ауылда ашқым келді. Менің ең басты ұстанымым, «Туған жерге туың тік» дегендей, ауылымның жағдайын жақсартуға өз үлесімді қосу, ауылдастарымды жұмыспен қамту, — дейді «Аса-DAMU» ЖШС басшысы Үсен Әсілтайұлы.
Иә, жеке инвестиция есебіне осындай ауқымды іс жасап отырған кәсіпкердің тірлігі көпке үлгі.
Ал кәсіпорында жұмыс жасап жатқан қызметкердің дені жергілікті жердің тұрғындары. Құс фермасына жұмысқа орналасқан Үміт Шалабаева бұған дейін үй шаруашылығында болыпты. Алайда Үміт қазір тауықтардың күтімін жауапкершілігіне алып, табыс табуда. Енді ол құс цехындағы жаңа құрылғылардың тілін меңгеріп, әмбебап маман болуды армандайды.
— Бұл кәсіпорынның ашылуы ауыл жастарына жақсы болды. Жұмыс орындары бар. Үйімізге жақын, келіп-кеткенімізге оңай. Алты күн жұмыс істеп, бір күн демаламыз. Кейбір азаматтар ауысыммен де жұмыс жасайды. Еңбекақымыз тұрақты, айма-ай алып тұрамыз, — дейді ол.
Құс қораларын кезең-кезеңмен қайта жарақтандыру өндірістің кідіріссіз, табысты жұмыс істеуіне жол ашуда. Қолайлы, жарық қорада құсты азықтандыру, тазарту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Онда балапан өсіруге, жұмыртқаларды сұрыптап, тауықтарды қадағалау орындары, зоотехникалық және ветеринарлық зертханалары бар. Фабрикада өнімнің сапасы қырағы қадағаланады. Тауықтарды азықтандыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінеді. Бұл құстардың өнімділігін арттырып, жұмыртқаның сапасын жақсартады екен.
Қазірдің өзінде фабрика күніне 75 мың жұмыртқа шығару қауқарына ие. Келесі жылдан бастап ресейлік және еуропалық технологиямен жылына 80 миллион дана жұмыртқаға дейін шығару жоспарлануда.
Сапалы өнімге жергілікті нарықта сұраныс артып келеді. Иран мен Ауғанстан елдері де келісімшартқа отыруға ниетті. Жамбыл ауданындағы құс фабрикасы мемлекеттік жобамен бір жарым ай бұрын іске қосылған. Мұнда асылтұқымды тауықтар балапан кезінде жеткізіліп, қазіргі таңда жылдық ортақ есеппен 330 күн бойы жұмыртқа беруде. Сондай-ақ, құс фабрикасында голландтық технология қолданылады және Испаниядан алынған керекті құрал-жабдықтар қазан айының соңында іске қосылады деп жоспарлануда. Бүгінгі күнде 45 пайызы іске қосылып тұр. Аталған жұмыртқа шығаратын фабрикада 40-қа жуық адам еңбекпен қамтылған. Кәсіпорында көбіне жергілікті тұрғындар жұмыс істейді, ал технолог және ветеринар мамандар жетіспеуіне байланысты Алматы қаласынан арнайы шақыртумен келген.
Айта кетерлігі, кәсіпорында күніне 3 мыңға жуық жұмыртқа тартпасы шығады. Формасына қарай элиталы жұмыртқа, орташа санаттағы жұмыртқа және кіші жұмыртқа болып бөлінеді. Сынықтары бөлек сұрыпталып, дайын өнім қораптарға салынып жөнелтіледі.
Осылайша, Жамбыл өңірінде құс өнімдерінің өндірісі өркендей түсуде. Бұл, әрине, ең бірінші қара халық үшін үлкен қазына.

Бетті дайындаған — Саятхан Сатылғанов

(29)