Нұрсұлтан Назарбаев: Біз түрік ұстаздарын ешкімге байлап-матап бермейміз!

Қазақстанның да, қазақ секілді дархан халықтың да айбарын асырған, рухын жаныған талай игі істеріне мұрындық болған Президент Нұрсұлтан Әбішұлы 14 қыркүйек күні отандық және шетелдік журналистермен баспасөз мәслихатын өткізді. Жиынға осы жолдардың авторы да қатысып, Президентке еліміздегі түрік ұстаздарының Түркия саясатына байланысты алаңдаулы екенін жеткізіп, Елбасыдан тұшымды жауап алғанын да айта кеткеніміз жөн.
Бір жарым сағатқа созылған баспасөз мәслихатында Нұрсұлтан Әбішұлы журналистердің қызығушылығын туғызған сауалдарға асықпай отырып, жан-жақты жауап берді. Өзіне тән қасиетпен аудиторияны көңілді кешке айналдырып, әзілге де ерік беріп, журналистердің еркін отыруына бар жағдайды туғызды.
Сонымен, Ақордада отандық және шетелдік журналистермен кездесу қалай өтті? Қандай мәселелер айтылды? Қандай өзекті проблемалар көтерілді? Осы тектес сауалдарға шолу жасап көрмекпіз.

«ЭКСПО-ны
АБЫРОЙМЕН АЯҚТАҒАНЫМЫЗ —
ҰЛЫ ЖЕҢІС!»

Жасыратыны жоқ, бәзбір кісілер ЭКСПО-дан кейін салынған ғимараттардың «тағдыры» қалай болады деген қауіпті үнемі айтып келгені есімізде. Осы тарапта қойылған журналист сауалына Президент былай жауап берді.
— Мен ЭКСПО көрмесі салынып жатқанда-ақ, көрме біткеннен кейін де ғимараттардың барлығы кәдеге асатынын ескерткенмін. Сол сөзім сөз! Біздің павильонымыз Қазақстанның музейі ретінде қалады. Екі павильонда қаржы орталығы болады. Бір павильонда Қазақстанның көрмесі тұрады. Мынаны да айта кетейін, үш жылға жетпейтін уақыттың ішінде Астанада толықтай жаңа бір аудан салынды. Онда 1 400 пәтер бар. Ол пәтерлердің барлығы да елордалықтарға сатылады.
Мемлекет басшысының сөзіне қарағанда, мұнан бөлек, бір павильонда ІТ-стартаптар паркі ашылады. Онда жастарға, ғалымдарға жаңалықтар ашуға барлық мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар тағы бір павильонда мектеп оқушыларын білімге, мамандыққа баулитын орталық болмақ.
Көптің көкейінде жүрген сауалдың тағы бірі «ЭКСПО — 2017» көрмесіне жұмсалған ақша ақталды ма дегенге саятыны өтірік емес. Елбасы бұған да өтімді жауап берді:
— Қазіргі уақытта шығындалған ақша келушілердің, саяхатшылардың арқасында қайтарылды. Осыған дейін айтқанымдай, Астананың барлық қонақүйлері, мейрамханалары, концерт залдары мен дүкендері толды. Астананың бюджет түсімі осы жылдың ішінде бірнеше есеге артты. Бизнесмендер де өз ақшаларын тапты. Мұның барлығы да елдің қоржынын толықтырды. ЭКСПО-ның басты жетістігі — Қазақстанның халықаралық көрмені Астанада өткізу мүмкіндігін жеңіп алуы. Жас мемлекет болғандықтан, біз өзімізді бүкіл әлемге көрсете білуіміз керек. Екіншіден, жаңартылған энергия көздері, бұл — ғылымның ең дамыған саласы. Бұл есімізден шықпауы керек.
Осы жерде қосымша мына мәліметті айта кеткіміз келіп отыр. Көрмеге 4 миллионға жуық адам келіпті. Жалпы кіріп шыққан адамдардың саны 25 миллионнан асқан. 1400 қазақстандық компания құрылысына және басқа да жұмыстарына қатысқан, олар 640 млрд. теңгенің қаражатын игеріпті.

«ЛАТЫН әліпбиіне КӨШУ — ЗАМАН ТАЛАБЫ»

Дәл қазіргі кезеңде қоғамда түрлі пікір қалыптастырып, өзекті болып тұрған жаңа әліпби жайы да Ақорда төрінде әңгімеге арқау болды. Журналистер тарапынан қойылған сұраққа Елбасы өз көзқарасын ашық білдірді. Қазақстандық ғалымдардың ұзақ уақыт жұмыс істеп, барлық тарихты қарап шыққанын, Өзбекстан, Түркия елдерінің тәжірибесі сараланғанын жеткізді.
«Жалпы әліпби дегенде компьютерге бірден қоя салу үшін ілік болмау керектігін мен ғалымдарға айттым. Ноқаты, үтірі бар, тек қазақ дыбысына тән 8 әріп бар. Міне, соларды нақтылау қажет. Барлық мәселе осында», — деді Елбасы.
Президент әліпби мәселесі әлі де талқыланатынын айтып, әліпбиге көшу жобасы соңына дейін тыңғылықты дайындалуы тиістігін ескертті. «Қазақ тілінде щ, ю, я әріптері жоқ. «Японияны» қазақтар «Жапония» дейді. «ч», «ю», «я», «ь», «ъ» белгілері жоқ. Яғни біз осы әріптерді қолдану арқылы нағыз қазақ тілін бұрмаладық. Сол себепті енді негізі тілге көшпекпіз. Бұл бүкіл мемлекет үшін маңызды шара және онда ағаттыққа жол беруге болмайды», — деп, бұл мәселені нақтылап берді. Сондай-ақ, Елбасы 2022 жылдан бастап 1 сынып латын әліпбиімен оқитынын, әлемдегі ақпараттардың 70 пайызы латын әрпімен таралатынын, ғылыми-техникалық прогресс те осы тілде басым жүріп жатқанын еске салды.
Президент баспасөз мәслихатында дін атын жамылып, салт-дәстүрді жоқ еткісі келетіндерге тосқауыл қоюды қатаң тапсырды. «Біздің қазақтың қыздары, жалпы әйел азаматтары еш уақытта бетін бүркемеген. Қыздарымыз бұрымдарын салбыратып, шолпыларын сыңғырлатып жүретін. Біздің аналарымыз батыр болған. Ерлерінің жанында жүріп соғысқан, қолына найза алған. Сондықтан сонша ғасырлық тарихымызды алып келіп, бүгін басқаша жолға түсеміз бе? Шалдардың шолтитып шалбар кигендерін қайдан көрдіңіздер? Сақалын беліне түсіріп жүру мұсылмандықтың кәдесі емес қой. Қай Құранда жазылған? Бұл салтымызды бұзады», — деді Президент.

ӘЛЕМДЕГІ САЯСИ ОЙЫННАН ҚАЗАҚИЯ ҚАЛЫС ҚАЛМАЙДЫ

Журналистер тарапынан «Қазақстан қандай жағдайда Сирияға әскер жіберуі мүмкін?» — деген сауал да қойылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Сириядағы шиеленісті басу төңірегінде болған жиындарда бізге осындай сұрақ қойылған еді. Сол есіме түсіп тұр. Біріншіден, Конституцияға сәйкес, біз Парламент шешімінен кейін ғана ұрыс аймақтарына әскер жібере аламыз. Екіншіден, бізде ҰҚШҰ, жарғы бойынша әскери қимылдарға қатысу қарастырылмаған. Бірақ егер БҰҰ әскер жіберу туралы шешім қабылдаса, БҰҰ мүшесі ретінде біз жіберуіміз мүмкін», — деп жауап берді.
Саясат төңірегіне ат шалдырғасын, Солтүстік Кореяның ядролық сынақтары жайында қойылған сауалды аттап өте алмаймыз. Себебі ядорлық қаруларын сынау арқылы әлемнің тынышын кетіріп отырған Солтүстік Корея бүгіндері мазасыз аймаққа айналып отыр. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Солтүстік Корея үшін өте алаңдаулы екенін жасырмады. «Мінсіз күйеу дегенді күйеулерін қорқыту үшін әйелдер ойлап тапқан. Сол сияқты Солтүстік Корея да айналаны үрейде ұстау үшін өздерінде ядролық қару бар екенін айтуда. Бұл — өте қауіпті ойын, сондықтан Солтүстік Корея ядролық қарудан бас тартуы үшін халықаралық қауымдастық бар күш-жігерді салу керек деп ойлаймын»…
Журналист деген қызық халық қой. Естімейтіні, көрмейтіні жоқ. Бір орыстілді журналист Президенттен таяуда АҚШ Президентімен телефон арқылы сөйлескенде қандай мәселені сөз еткенін және де Трамп санкциясы елімізге инвестиция салған компанияларға зардабын тигізбей ме деп сұрады.
Нұрсұлтан Назарбаев:
— Мемлекет басшысының телефонмен сөйлесулері — әдеттегі іс. Қоңырау шаламыз. Ол Президент болып сайланған кезде, қарашада телефон шалдым. Ол уақытта ұзақ әңгімелестік. Ол біздің өңірдегі, Ресейдегі, Қытайдағы ахуалға қызығушылық танытты. Одан кейін біз АҚШ пен араб елдерінің кездесуі өткен Эр-Риядта кездестік. Кейін ол маған қоңырау шалды. Оның алдында АҚШ Энергетика министрлігінің басшысы ЭКСПО-2017-ге келіп, мен қабылдаған едім. Ол риза болып, экспонаттарға, көрме ұйымдастыру деңгейіне таң қалды. Барғаннан кейін ол бастығына баяндап, ол маған қоңырау шалуға шешім қабылдаған сияқты», — деген Елбасы, санкция мәселесін де тарқата айтты.
«Мен АҚШ-тың компаниялары Қазақстанға 40 млрд. доллардан астам инвестиция салғанын еске салдым. Америкалық бизнестің қатысуымен 500 компания жұмыс істейді, ірі компаниялары да бар. Мен қазіргі уақытта болып жатқан санкциялардың аталған компаниялардың жұмысына ықпал етпеуін сұрадым. Ол мұның Қазақстанға қатысы жоқтығын растады және АҚШ Қазақстанмен бұл қарым-қатынастарды одан ары дамытуға мүдделі екендігін қуаттады», — деді Президент.
Журналистер Елбасыдан смартфонға арналған қосымшалардың қайсысын пайдаланатынын да сұрап үлгерді.
«Оған қарауға уақытым жоқ менің», — деп күліп жауап берді Президент.

ДЕВАЛЬВАЦИЯҒА
НЕГІЗ ЖОҚ… САПАСЫЗ ОҚУЛЫҚ ПЕН ГРАНТ МӘСЕЛЕСІ ТЕКСЕРІЛЕДІ

ЭКСПО біте сала бензин бағасының күрт көтерілуі халық арасында девальвация болуы ықтимал деген қауіпті күшейткені белгілі. Осы сарындас сауалға Ел Президенті алаңдауға негіз жоғын алға тартты.
— Мұның бәрі алып-қашпа әңгіме. Дәл қазір оған ешқандай алғышарт жоқ. Теңгенің еркін бағамы дұрыс. Егер оны тізгіндеп ұстар болсақ, мемлекет қаржысын жұмсауға тура келеді. Әрине, мұнай бағасы 40 долларға құлаған жағдайда күрт өзгерістер болады. Қазір ондай қауіп жоқ. Мұнай қазір 52-55 доллар бағаны ұстап тұр, — деп, өрекпіген көңілдерді басып қойды.
Білім саласындағы олқылықтар баспасөзде аз жазылған жоқ. Сапасыз оқулықтар, білім гранттарына байланысты ата-аналардың жанайқайы қаншама. Олар туралы осындай жиында айтылмаса, журналистерге сын болар еді. Айтылды. Елбасы тарапынан тұшымды жауап берілді.
Сапасыз оқулықтарға қатысты Елбасы:
— Мәселенің мән-жайын анықтайық. Балаларды дұрыс тәрбиелеп, дұрыс оқыту үшін, сұранысты қанағаттандыру үшін дұрыс оқулықтар қажет. Ата-аналар да риза болуы шарт. ҚР Білім және ғылым министрлігіне проблеманың неден туындағанын анықтап, түсіндіруге тапсырма беремін, — деді.
Ал білім гранттары туралы даулы мәселеге Президент басқа қырынан келді.
— Неге олай болды? Гранттар алу үшін тиісті балл болуы керек қой. Тиісті балл алмағаннан кейін анау деп, мынау деп шыға келеміз. Солай білімді бола ма? Әр адам өзінің біліміне сай өтуі керек. Мына Назарбаев университетіне түсу үшін жыл сайын 1 мың адам арыз береді. 10 мың адамның көп дегенде 450-500-і ғана аталған оқу орнына түсе алады. Университеттің ішкі жұмысына ешкім араласа алмайды. Өйткені университетті басқарып отырған жапонның азаматы. Біз де адамбыз ғой. Әсіресе қазақпыз. Туған-туыстар, дос-жаран көп. «Мына жерде отырсың ғой, айта салсаңшы» дейді. Мен сондайда «ол жерде Катсу деген кісі бар. Сонымен сөйлес» деймін де қоямын. Нені меңзеп отырғанымды түсінген боларсыңдар?
Егер Білім және ғылым министрлігі заңды бұзған болса, мәселені қараймыз. Заңды түрге келтіреміз. Заңды бұзбаған болса, өткен балалар грантты алуы керек, өтпегендері алмайды.

«БІЗДЕ ЖҰМЫС ІСТЕП ЖҮРГЕН ҰСТАЗДАР ҚЫЛМЫСКЕР ЕМЕС!»

Бір кездегі Қазақ-түрік лицейлері (Бүгінгі Білім және инновация лицейі) ұстаздарының Түркиядағы саясатқа байланысты алаңдаушылығы Елбасыға да мәлім болып шықты.
— Түркияда болған төңкеріске тоқталайын. Төңкеріске байланысты (Түркия билігі) Фетһуллах Гүлен деген түріктің төңірегінде жүрген адамдарды кінәлі деп санап, көп адамдарды жауапкершілікке тартты. Түрмеге отырғызды. Соның ішінде Гүленнің қоры құрған бізде Қазақ-түрік лицейлері бар. Соның ішіндегі мұғалімдердің барлығы соныкі (Фетһуллах Гүлендікі) деп маған Ердоған мырза 2-3 рет айтты. Мен «Бізде жұмыс істеп жүрген адамдар қылмыскер емес. Мен оларға жаманшылық жасай алмаймын» дедім. Олардың кейбіреуі «Түркияға барсақ, бізді отырғызады, жібермеңіздер» деп сұрайды. Біз осы мәселені шешу үшін қазақ-түрік лицейлерінің барлығын Білім және ғылым министрлігіне бердік. Өзіміз қор құрдық. Біразын аталған қорға бердік. Сондықтан оларға Түркияның да, Гүленнің де қатысы жоқ.
Түрік мұғалімдері жөнінде айтарым мынау: Олардың ішінде Түркиядағы төңкеріске кінәлі дегендердің біразын біз қайтардық. Меніңше, 11 адам. Ал біразы өздері сұранып шетелге кетіп қалды. Енді қалғандарын кеше келгенде Ердоған мырза менен қайтадан сұрады. Мен «Қалғандарының ешқандай қылмысы жоқ. Егер бізге қылмысы бар деп дәлелдер көрсетсеңіздер, онда құқық қорғау органдары біріге отырып, қарасын. Қылмысы жоқ адамдарды отырғызып немесе сіздерге байлап бере алмаймын» деп кесіп айттым. Менің ойымша, бұл мәселені жаптық», — деп, соңғы нүктесін қойғандай болды.
Баспасөз мәслихаты барысында Президенттің таяу арада Өзбекстан, Түркіменстан және Ресейге қандай мақсатпен барғалы отырғаны да белгілі болды.
«Кітап оқитындар компьютерде отыратындарды басқаратын заман келетінін де» Президент осы жиында көптің есіне салды. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы туралы жан-жақты әңгімелер өрбіді.
Жиын соңында Елбасы барша қазақстандықтарға сәлем жолдады.

(30)