mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Елбасы Алматы қаласын дамытуға арналған жиналыс өткізді

Кеңесті ашқан Мемлекет басшысы: «Алматы бүгін — Қазақстанның қаржылық, мәдени және ғылыми орталығы. Мұнда ел тағдыры үшін маңызды шешімдер қабылданды. Ата Заңымыздың, мемлекеттік рәміздеріміздің, ұлттық валютамыздың тұсауы осы шаһарда кесілді. Елорданы Арқаға көшіру Алматының дамуына тың серпін берді. Мықты саяси орталықтың және ірі мегаполистің болуы – көптеген дамыған мемлекеттерге тән. Кез келген қаланың экономикасын тұрақты дамыту оның өркендеуіне негіз болады. Ел дамуының жаңа кезеңі басталған кезде бұл ерекше маңызға ие. Біз еліміздің Үшінші жаңғыруы басталғаны туралы жарияладық, билік өкілеттіктерін қайта бөлу жөніндегі конституциялық реформаны жүзеге асырдық, қоғамдық сананы жаңғырту үдерісін бастадық, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы әзірленуде. Осы бастамалардың тиімді іске асуы көп жағдайда өңірлерге байланысты болмақ. Алматы бұл ретте басты рөл атқарады. Қала еліміздің ірі экономикалық орталығы әрі республикалық бюджеттің доноры ретінде қалыптасты. Алматының теңгерімді дамуының және оның экономикалық әлеуетіне әсер ететін бірқатар мәселелерді жүйелі түрде шешудің маңызы зор. Мен осы жылдың басында өңірлердің барлығына жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық бизнесті белсенді дамытуды тапсырдым. Қазір Алматының шағын және орта бизнесі негізінен банк несиесі есебінен қаржыландырылуда. Бұл орайда биыл шағын бизнеске берілген банк несиесінің 43 пайызға азайғаны байқалып отыр. Әкімдік пен «Даму» қоры тарапынан бизнеске көрсетілген қолдау көлемі небәрі екі пайызды құрады. Мен көлеңкелі бизнесті заңды жұмыс істеуге көшіруді тапсырамын. Қалада төрт триллион теңгені құрайтын мүлік пен қаражат заңдастырылған. Ол қосымша салық түсімдерін шамамен 100 миллиард теңгеге көбейтуге тиіс. Әкімдік пайдаланылмаған жер учаскелерін анықтап, қайтарып алу және оны тиімді пайдалану жөніндегі жұмыстарды жалғастыруы қажет.  Бүгінде қаладағы жердің 500 гектары әлі игерілмеген. Жер – кез келген ірі қаланы дамытудың басты активі. Сәулет және құрылыс органдарының жұмысын түбегейлі қайта қарастыру қажет. Қала құрылысы саясаты қазіргі заманғы трендтерге сай болуға тиіс.  Қаланың сәулетін жақсартуға және оның орталық бөлігін жаңғыртуға, ескі және апатты үйлерді азайтуға, көшелерді абаттандыруға арналған бағдарлама әзірлеу қажет. Қаланың көптеген айтулы нысандары орталық мемлекеттік органдардың қарауында, бірақ оларға тиісті күтім жасалмай отыр. Баум тоғайы, Ботаникалық бақ қараусыз қалған. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы күрделі жөндеуді қажет етеді. Министрліктер бұл нысандарға мардымсыз қаражат бөліп отыр, ал әкімдік бюджет заңнамасындағы тәртіпке сәйкес оларға көмектесе алмайды. Егер орталық мемлекеттік органдар аталған нысандармен айналысқысы келмесе, оларды жергілікті атқарушы органдардың қарауына беру керек. Соңғы жылдары ауаны ластау индексі 20 пайызға төмендеді. Осы жұмысты жалғастыра беру керек. Әкімге «Самұрық-Қазынамен» бірге 2020 жылға дейін ТЭЦ-2-ні газбен жұмыс істеуге көшіру үшін тиісті шаралар қабылдауды және жеке секторды газбен қамтамасыз ету ісін аяқтауды тапсырамын. Қалада жас көшеттер отырғызу жөніндегі жүйелі жұмысты және бақылауды жолға қою қажет. Былтырдың өзінде бес мың ағаш кесілген. Бұл мәселе бойынша бақылауды күшейтіп, кесілген ағаштардың орнына жаңасын отырғызу жөніндегі норманы арттыру қажет. Жас көшеттерге күтім жасауды қамтамасыз ету керек.

Ширек ғасыр ішінде қала экономикасы 100 есе өсті, шағын және орта кәсіпкерліктегі өндіріс көлемі 130 есе артты, қаланың аумағы мен тұрғын үй қоры екі есе ұлғайды. Біз елдер арасындағы бәсекелестік дәуірінен қалалар арасындағы бәсекелестікке өту кезеңіне куә болып отырмыз. Бүгінде 600 қала әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен екі бөлігін өндіреді. Алматы инфрақұрылымы жақсарып келе жатыр. Соңғы екі жылда қалада 100 мың ағаш отырғызылды, 42 шақырым арық торабы қалпына келтірілді, 60 километрден аса веложол жасалды. Қалаға келуші туристер саны көбейді. Бүгінде шетелдік екі туристің бірі Алматыға келеді. Қалада қонақүйлер, театрлар, музей, спорттық нысандардың дамыған жүйесі бар. Биыл туристердің саны «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу арқасында көбейді. Оның сәтті өткізу Астана мен Алматы ғана емес, бүкіл Қазақстанның беделін көтерді. Жалпы, тиімді инфрақұрылым қаланы табысты дамытудың маңызды мәселелерінің бірі.  Соңғы бес жылда оның дамуына бюджеттен 430 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. 30 жолайрық желісі салынып, 330 шақырым инженерлік желі іске қосылды, метро дамып келе жатыр. Алматының тарихи орталығының үштен бірі жаңғыртылды. Бұл қала тұрғындарын қуантып, экономиканы дамытады әрі туристерді тартады. Сонымен бірге, мұнда шешімін таппаған мәселелер әлі де көп. Ең алдымен, бұл қаланың көлік жүктемесіне қатысты. Күн сайын 700 мың автокөлік қатынайды. Бұл мәселені смарт-технологиялар базасында көлік жүйесінің «ақылды» элементтерін енгізу арқылы шешу қажет. Ол қала тұрғындарының тұрмысын мейлінше жайлы ету үшін көліктің тиімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Соңғы 10 жылда қала 2 еседен артық өсті, жаңа екі аудан – Алатау және Наурызбай аудандары құрылды. Алайда, қаланың бас жоспары 2004 жылдан бері өзгертілген жоқ. Бас жоспарды әзірлеуге жауапты институт 2008 жылы жабылды. Егер қажет болса, осындай институтты қайтадан ашу керек. Алматыда еліміздің барлық негізгі жоғары оқу орындары, соның ішінде Сәтбаев атындағы ірі техникалық оқу орны орналасқан. Алайда, әлі күнге дейін елеулі инновациялық әзірлемелер жасалған жоқ. Әкімдік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы мәселеге қатысты тиісті шаралар қабылдауға тиіс. Қала әкімдігі қоқысты кешенді түрде қайта өңдеу және оны толық жоюды қамтамасыз ету мәселесін жүйелі түрде шешуі қажет. Инновациялар өсімін қамтамасыз ету үшін «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының әлеуетін мейлінше пайдалану қажет. Оның құрылысына бюджет есебінен 20 миллиард теңге жұмсалып, 12 жыл ішінде арнайы экономикалық аймақтың жұмысына 22 миллиард теңге жеке инвестиция тартылды. Әкімдік оның жұмысына ықпал ете алмай отыр. Арнайы экономикалық аймақ қызметіне тиімді бақылау жасауды қамтамасыз етіп, бұл ретте тәртіп орнататын кез келді. Алматыда құрылған индустриялық аймақта  құны 191 миллиард теңгені құрайтын 40 жоба тіркелген. Әзірге тек 1 жоба іске қосылған, 13 жобаның құрылысы жүріп жатыр, ал қалғандарына әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Әкімге индустриялық аймақты жаңа жобалармен толықтыруды тапсырамын»,— депсөзінің соңында жиынға қатысушылардың Алматы мен бүкіл Қазақстанның игілігі жолындағы жұмыстарына табыс тіледі.

Сапар барысында президент туған ауылына да ат басын бұрды. Мемлекет басшысы Қарасай ауданындағы музей құрылысымен танысып, музей экспозициясында ел Тәуелсіздігінің барлық кезеңдерін, соның ішінде Қазақстанның жаңа елордасы – Астананың салынуын қамту қажет екенін атап өтті. Музей жанында тәуелсіз Қазақстанның тарихи даму кезеңдерін бейнелейтін барельефті панно салынатын болады. Оның ортасына Мемлекеттік тудың тұғырын орналастыру жоспарланған. Соңында Елбесы туған ауылы Шамалғанға барып, ауылдастарымен бейресми әңгіме өткізді.

(25)