mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Ұлттық ойындар — халықтық тәрбие бастауы

Ұлттық ойындардың халықтық тәрбиеде алатын орны туралы білікті маман пікірін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Сөз п.ғ.к., профессор Е.Мұхиддиновта.
Ұмыт болып, ойнатылмай, технологиясы ескіріп кеткен ұлттық ойындарымыз да бар. Соның бірі — ине жасырмақ. Оны бір қазақ білсе, бірі біле бермейді. Жастардың басқосуында, көбінесе үйде ойнатылады. Ойынға ине мен домбыра қажет. Ойыншының біреуі бөлмеден шығып кетіп, екінші ойыншы инені денесіне жасырып немесе біреуге беріп үлгеруі керек. Белгі берген кезде іздеуші үйге кіріп инені іздей бастайды. Ал тағы бір ойыншы оған көмек беру үшін домбыра тартып отырады. Іздеуші инесі бар кісіге жақындаған сайын домбырашы қағысты өзгертіп, әр қилы сарынмен бағыт сілтейді. Егер тінтуші ойынның шартын орындап инені тапса, жасырушы айып ретінде ән айтып береді. Ал егер инені таба алмаса, іздеушінің өзі айып тартады. Бұл адамның ой-өрісіне әсер етеді, музыкалық қабілетін дамытады. Ал ақ сүйек ойыны қазір қайта жаңғырып келеді. Бұрын мұны айлы түнде, жаздыгүні қыздар мен жігіттер, балалар араласып ойнайтын болған. Ақ сүйекке ірі қараның қу жілігі пайдаланылады. Ал ойынға қатысушылар екі топқа бөлініп ойнайды. Бастаушы жілікті алысқа лақтырады. Басқалары сүйектің қай шамаға түскенін аңдып отырады. Бастаушы белгі беріп, «іздеңдер» деп бұйырған кезде ойын қыза түседі. Сүйекті тапқан адам қолын көтеріп көрсетіп, мәреге қарай жүгіреді, қалғандары қуып жетуі керек. Ұсталып қалған жағдайда ақ сүйекті ұстаған адамға береді де, ойын осылайша жалғаса береді. Жеңілген топ жеңген топқа ән салып береді.
Асық ойыны. Асық ойнап өскен бала өзгелерден ептілеу әрі шыдамды болып келеді. Асықтың өзі сойылған малдың жілігінен алынады, оны піскен күйінде де, шикілей де пайдалануға болады. Шикі асық салмақты келеді. Оны кез келген жерге тастай салсаң не тұра қалады, не жатады ғой. Егер тұрса, алшы не тәйке деп аталады да, жатса, бүк немес шік деп атайды. Егер асығы омпы тұрса, онда ырымшыл қазақ жолым болады деп болжайды. Себебі асық омпысынан өте сирек тұрады.
Асық ойынына керектісі — сақа. Ал оның түрлеріне келсек, сақа және кеней болып екіге бөлінеді. Сақаға ірі қошқардың асығының оңқайы алынады. Кенейге кіші малдардың асығының оңқайы таңдалады. Асықты тәйкесінен тұрғызып, өзіңе қаратып қойғанда ұшы оң жаққа қарап тұрса — оңқай, солға қарап қалса — солақай асық деп атайды.
Сақаның өзі бірнеше түрге бөлінеді. Арқардың асығын «арқар сақа» десе, бүгі мен шігіне айналдырып қорғасын құйған сақаны айналсақ сақа дейді. Асықтың алша не тәйке жағының бүрі егеліп, тегістелсе, тәйпек сақа дейді. Алшы жағын егесе, тәке тұрғыш болады, тәке жағын егесе, алшы тұрғыш болады. Ал жымпит сақаны қарсыласы оңайшылықпен көздеп, дәл тигізе алмайды. Себебі асықтың екі жағын жұқалап егеп тастайды. Қорғасын сақаға өте ауыр болып, дәл тиюі үшін әртүрлі әдістермен жан-жағына қорғасын құйып тастайды. Негізі әр ойынның түрлеріне қарай жеке сақалары болады. Сақаның тұмсығын өзіңе қаратып, тәйке жағын сұқ саусақпен қысып, иіріп немесе шиырып атасың. Қорғасын құюға келсек, омпы немесе тәйкесін, не алшы жағына қорғасынды үңгіп құяды.
Сонымен қатар, қаржу деген де бар. Екі сақаны алақанның арасына салып не қара санның үстіне қойып, оң алақаныңмен жіп иіргендей ысып қалып тастап жіберуді қаржу әдісі дейді. Асық ойыны басталмас бұрын балалар бар сақаны жиып алып, төмен шашып тастайды. Кімнің сақасы бірінші тұрса, ойынды сол бала бастайды. Егер екі сақа бірдей тұрса, онда екеуін қайта тастайды. Бұны сақа соғыстыру дейді. Ал асық жабайлатуды тарқатып айтар болсам, бір сақасы бар кенейлерді жиып алып, уыстап шашып тастайды. Иесі сақасымен жұптас келген асықты үлесіне алады. Асық ойынының барлық ережесін бекітіп, қыр-сырын жетік білу керек. Ол — қазақтың тамаша ұлттық ойыны. Қазір қайта жаңғырып келеді. Қоғамның түрлі саласында еңбек етіп жүрген азаматтар тамаша бастама көтеріп келеді. Мысалы, «асық пати». Бұрын ауылда асық ойнап өскен жігіттер қазіргі қала балаларымен қосылып асық ойнап жүр. Бұл — жақсы дәстүр. Қазір асық ойындары тарқатылып айтылмайды. Қаланың да, даланың да баласына бірдей асық ойындарының технологиясын үйрету керек.
Мысалы, киімалғыш деген ойын бар. Бұл ойынды көбінесе екі бала ойнайды. Ойынға көп бала қатысса, ұтқызған киімдерін ортаға салады. Кезекті алған бала уысындағы үш-төрт асықты жабайлатып шашып тастайды да, асықтар бүк не шік, тәйкі, алшы түссе, қарсыласы үстіндегі бір киімін шешіп береді. Асықты иіріп отырған бала асықтарды әртүрлі ыңғайда түскенше жабайлата береді. Ұтылған бала ойын соңында ән салып, не жұмбақ жасырып, айыбын өтейді.
Нағыз ауыл баласына арналған арқалампай деген ойын бар. Ойын шарты бойынша ойынға екі-ақ бала қатысады. Әуелі сақаларын соғыстырып, қайсысынікі бірінші тұрса, ойынды сол бастайды. Сақасы тұрмаған бала екі-үш адым жерге сақасын тастайды. Кезек алған бала оның сақасын көздеп ату керек. Егер жеңсе, қарсыласы жеңімпазды сақа тұрған жерге дейін арқалап апарады. Арқадағы бала жеңіліс тапқан баланы «Көкмоншағым», «Қара жорғам» деп мазақтап отыруы да мүмкін.
Тәйке ойынына келсек, екіден бес-алты балаға дейін қатыса алады. Алаңға түзу сызық сызып, келісім бойынша ойыншылар екі кенейден шығарып, бір сүйемдей жер қалдырып, тәйкесін тізіп қояды. Ойыншылар сақаларын соғыстырып, кезек алған бала үш адым артқа тұрып, сақасын шиырып тастайды. Тәйке түссе, кезекті тағы да өзіне алады. Кенейге тигенде, сақа тәйке түссе, барлық асықты өз меншігіне алады. Ал алшы тұрса, екінші кезекте тұрған бала оны атып, ойын әрі қарай жалғасады. Бұл ойында сақа тәйке түссе, қызықты болады.
«Көк шолақ» ойыны. Қарсылас ойыншы бір ғана асықты ұтса, кезегін екіншіге береді де, жеңіп алған асығын «Көк шолағым» деп, топ асыққа қосып жібереді. Бұл ойындағы әрекет қарсыласқа бөгет жасау үшін қолданылады. Ал егер үш асық қатарынан не бүк не шік жатса, не алшы, тәйкі тұрып қалса, ортадағы асықты мынау менің «Көк шолағым» деп алып қояды.
Бестас ойынына келсек, қазір ол ұмытылып бара жатыр. Бестас ойынына екі-үш бала қатыса алады. Кезек алған бала бес асықты жерге шашып тастап, ішінен біреуін таңдап алады. Оны аспанға атып, жерде жатқан бір асықты алып үлгеруі керек. Екінші айналымда екіден жиып үлгеру керек болса, үшіншіде үшеуден, төртеуден, бесеуден әрі қарай ойын жалғаса береді. Ал ойынның шарты бойынша бесінші айналымда бес асықты алақанға ұстап, жоғары серпіп жіберіп қақшып алу керек. Бармақ пен сұқ саусақты тіреп, тағы да сол сияқты ойын күрделене береді. Соңғы шешуші сайыста бес асықты қолдың сыртына салып, жоғары ыршытып жібереді. Бес асықтың біреуін де түсірместен қағып алу керек. Жеңіске мүдірмей жеткен ойыншы жеңімпаз атанады. Ал жеңіліс тапқан бала жазаға тартылады. Жазаның түрлері: бірден онға дейін алақанға шерту, сұқ қол ең қатты шертетін саусақ болғандықтан, шертуге қарсыластың жас шамасына қарай «ортан саусақ», «аты жоқ қол», «шынашақ» пайдалануы мүмкін.
Тоғызқұмалақ: Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде тоғызқұмалақ ойыны жақсы дамып келеді. Қазақтың кең даласында тараған бұл ойын қазақтың зияткерлік ойыны десек артық емес. Қоғамда тоғызқұмалақ ойынына деген сұраныс жоғары. Тоғызқұмалақ бір кездері ұмыт болып қалды, ал қазір даму қарқыны жақсы.
Негізі тоғызқұмалақтың шығу тарихы тереңде, осыдан шамамен 4 мыңжылдықты қамтиды. Түрлі деректерге сүйенсек, әлемнің бірнеше елдерінде тоғызқұмалақ туралы ғылыми еңбектер жазылып, мектептерде ойнатылып, олимпиадалар өткізіліп жатыр. Сонымен қатар, тоғызқұмалаққа ұқсас, Мысырда калах, африкалықтардың арасында габата, абапа, омвесо, маработ, америкалықтарда варри роунд, азиялықтарда гонгкак, сунгка сынды түрлері бар.
Тоғызқұмалақтың арнайы тақтасы болады. Бұл — екі адам арасында ойнатылатын ойын. Ойын тақтасында 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақ болады. Ойын басында әр қатысушыға бір қазан мен тоғыз отауға тоғыздан салынған сексен бір құмалақ тиесілі. Бірінші жүріс жасаған ойыншыны бастаушы десе, екінші жүріс қостаушы деп аталады. Жүріс жасаушы алдымен өз жағындағы отаулардың біріне бір орын қалдырып, қалған құмалақтарды қолға алып, солдан оңға қарай бір-бірлеп таратып бастайды. Егер соңғы құмалақ қарсыластың тақ санды құмалағы бар отауына түсіп, ондағы құмалақтарды жұп қылса ұтады, тақ етсе ұтылады. Ойын шегіне жеткенде ойыншылардың отауларындағы құмалақ кеміп, жүріс мөлшері азаяды. Тіпті қарсыластың бірі жүріс жасай алмай қалатын жағдай да болады. Ал осы құмалақты бірінші болып тауысып, жүріссіз қалуын «атсырау» деп атайды. Егер қостаушы атсырауға ұшыраса, бастаушы қосымша тағы бір жүріс жүріп, жеңіске жетеді. Қарсыластың отауын ұтып алу тұздық алу делінеді. Тұздық алу үшін жүріс жасаған кезде қарсыластың екі құмалағы бар отауына таратқан құмалақтардың соңғысы түсуі керек. Отауға түсетін бір құмалақ міндетті түрде сіздің қазаныңызға салынып отырады.
Тоғызқұмалақты әуесқой деңгейде үйренуге көп уақыт кетпейді, тіпті, бір-екі күнде меңгеруге болады.

Пікірлескен — Ермек Сахариев

(59)