mm
Халықаралық "Қазақстан-Zaman" қоғамдық-саяси газетінің журналисі. Отбасы, білім, мәдениет-өнер бөлімдеріне жауапты.

«Теріскей» тортын жасай білесіз бе?

Бізге керегі:

1 кесе ұн;
10 жұмыртқа;
2 ас қасық крахмал;
1 кесе ванилді құмшекер;
Қопсытқыш (разрыхлитель, міндетті емес);
Крем үшін:
1 құты қоюлатылған сүт (сгущенка);
Сары май;
Сироп үшін:
2 кесе су;
1 кесе құмшекер пудрасы;
Сәндеу және арасына салу үшін:
2 банан, 3 киви, 4 мандарин, шоколад.

Дайындау әдісі:
Әуелі жұмыртқалардың сарысын ағынан бөліп алып, оған жарты кесе құмшекер салып, шанышқымен мұқият араластырамыз. Үстіне ванильді құмшекер салып, крахмал және ұнмен бірге жақсылап араластырамыз. Қоспа қоймалжың болуға тиіс. Бөліп алынған жұмыртқалардың ағына жарты кесе құмшекер салып, миксермен біркелкі күйге енгенше алдымен баяу, бірте-бірте күшейте араластырамыз. Қоспаға дайын болған жұмыртқаның ағының жартысын қосамыз. Жақсылап араластырып, оған қалған жартысын қосып, тағы араластырамыз. Енді алдын ала қыздырылған формаға арнайы қағаз немесе фольганы жақсылап төсеп, үстін майлаймыз да, дайын қоймалжың қамырды төртке бөле, 180-200 градуста 10 минут ұстап, бірінен соң бірін пісіріп аламыз.
10 минуттан соң піскенде таза жайманың үстіне аударып түсіреміз де, фольга қағазын мұқият алып тастаймыз. Төртеуін пісіремін дегенше, шоколадты пышақпенен майдалап, мандаринді, бананды, кивиді қабығынан тазартып, тураймыз.
Сиропты дайындау үшін, суға құмшекер пудрасын салып, 5 минуттай ғана отта қайнатамыз. Құмшекер еріп кетуі керек. Түсі сарғыш тартқанда оттан түсіреміз. Сироп дайын.
Кремді дайындау үшін сары майды миксермен бабына келтіре араластырамыз да, үстінен қоюлатылған сүт құйып, тағы араластырамыз. Енді негізгі жұмысымызға көшелік. Дайын «коржігіміздің» үстіне сироп төгіп шығамыз да, кремді біркелкі жағып болып, мандаринді керек емес бөлігі мен сүйегінен тазартып, саламыз. Екінші коржікті үстінен қойып, тағы сироп пен кремді жағамыз да, енді кивиді қойып шығамыз. Осылайша келесі бөлікке бананды, одан кейін шоколадты себеміз. Қалған жемістерді торт бетін сәндеуге жұмсаймыз. Асыңыз дәмді болсын!

Бетті дайындаған — Жұлдыз Әбіл

(11)