Қазақты күллі әлемге танытқан көрме

«ЭКСПО — 2017» және Қазақстан

Қазақстан 1997 жылдан бастап Халықаралық көрмелер бюросына мүше болып кіріп, 2005 жылдан бері қатысып келеді. 2008 жылы Испанияның Сарагоса қаласында өткен көрмеде 104 елдің ішінде біздің еліміздің павильоны сыртқы және ішкі рәсімдеу өлшемдері бойынша қола медальмен марапатталды. Көпшілікке мәлім болғанындай, бұл көрмені өткізу мәртебесі де Қазақстанға жайдан-жай беріле салған жоқ. Бұл туралы Елбасымыз бір сөзінде «ЭКСПО-ны өткізу бізге оңайлықпен келген жоқ» дегені бар. Міне, осындай сындарлы кезеңде, Елбасымыздың іскерлігі мен батылдығының арқасында абыроймен аяқталған көрме Қазақстанға биік мәртебе мен шынайы құрмет сыйлады. Ең әуелі жас мемлекет адамзат алдында тұрған қатерлі сын — экологиялық теп-теңдіктің бұзылуына бастайтын энергия көздеріне болған дәстүрлі көзқарасқа түбегейлі бетбұрыс жасауға талпынды. «Болашақтың энергиясы» тақырыбы осыны мақсат етті.


Аталмыш көрмеге қатысқан 115 елдің түгелге жуығы осы тақырып төңірегіндегі ізденістерге негізделген жетістіктерін көрсетуге тырысты. Олар әкелген ғылыми жобалар күннен, желден, тіпті жер қыртысынан да қуат алуға мүмкіндік беретін жаңа бастамалар еді.
«Болашақ энергиясы» жобасы қуат көздерінің дамуына бағытталған стратегияларды, бағдарламалар мен технологияларды зерттеу, қуатпен жабдықтау сенімділігі мен тиімділігін арттыру, қалпына келтірілетін қуат көздерін қолдануды ынталандыру және қонақтарға қуат көзін үнемдеу өндірісінің жоспарын дайындау мен іске асыруға, энергетикалық қорларды тиімді пайдалануға белсенді қатысу қажеттілігін көрсету» десек, Қазақстан осы межені бағындыра алды деуге толық негіз бар сияқты.

ШЫҚҚАН ШЫҒЫН ӨЗІН АҚТАЙТЫН БОЛАДЫ

«Біткен іске сыншы көп» демекші, ішінара сынау мен мінеуге толы пікірлер де қоғамда орын алғаны жасырын емес. «Мұндай шығыны көп шараны өткізуден Қазақстанға қандай пайда келеді?» деп сөккендер де болды. Жалпы шығын көлемі 2 миллиард доллар көлемінде болды деген сөз кімді де болсын ойға салары анық. Алайда Елбасының көздегені «арзан атақ» емес. Бүгінде әлемдік саясат пен күрделі проблемаларға қарата өз ойы мен қисынды көзқарастарын ұсынып келе жатқан қазақ елі, «болашақтың энергиясы» туралы да «Қазақстандық бастама» көтерді деп ойлаймыз. Себебі «адамзатта бір ғана жер шары бар» ғой. Ендеше, қазақ елі де өз ойын ортаға салып, ақсарбасын сойып, алыстан келген мейманына құшағын ашса, несі айып? Ал құрылыс нысандарын салуға кеткен қомақты қаржы да ақырындап өз шығынын жабары сөзсіз. Өйткені «бұл нысандар көрме аяқталғаннан кейін де игі мақсаттарға жұмсалмақ. Бұл туралы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «келешекте ЭКСПО көрме кешенінің базасында Халықаралық қаржы орталығын құру туралы қабылдаған шешімі» жария етілген болатын. 2018 жылы жұмыс істей бастайтын жаңа орталықтың ерекшелігі қызметінің британ құқығы негізінде реттелетіндігінде, ал оған қатысушылар салық төлеуден 50 жылға босатылатындығында.
Бұдан басқа, шетелдік қаржы орталықтарының үлгісі бойынша, оның аумағында Қазақстанның юрисдикциясынан тыс арнаулы сот жұмыс істемек. Ал «Ең қымбат ЭКСПО» ретінде есте қалған 2010 жылғы Қытайда өткен «Better City, Better Life» ЭКСПО көрмесі аяқталғаннан кейін, Қытай үкіметі әуелгі жоспар бойынша көрмеге арналған нысандардың 90 пайыздан астамын бұзып, өзге мақсаттағы құрылыстарға орын босатты. Бұл көрмеге Қытай елі 45 миллиард доллар жұмсаған екен. Осы арада қарапайым ғана салыстырулар жасаған адам, біздің «бір оқпен екі қоян» атып отырғанымызды түсінері анық.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев көрменің жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде «Астана мен еліміздің барлық өңірлері күш жұмылдырғанының арқасында көрме табысты өткенін айта келіп, Қазақстан экономикасын дамытуға мультипликативтік тұрғыдан оң әсер еткенін ерекше атап өтті. «Шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 миллиард теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Туристік сектор жандана түсті. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есе артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыздан аса көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өсті. Қазақстанның астанасы бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды» демеп пе еді.
ТМД көлеміндегі Қазақстан жолы
Жоғарыда әңгімелегеніміздей, ЭКСПО көрмесі ТМД елдері аумағында алғаш рет Қазақстанда өткізіліп отыр. Кезінде ортақ саяси кеңістік астында өмір сүрген елдердің бүгінгі таңда өзара әріптес болумен қоса «бәсекелес» екендігі де жасырын емес. Ол геосаясат пен экономика саласынан бөлек ғылым-білім мен спорт саласына дейін жалғасып кете береді. Кезектегі ЭКСПО көрмесі де осындай «жетістіктер марафоны» деуге тұрарлық. Жаңартылатын энергия көздері төңірегіндегі ғылыми жаңалықтар мен жаңа энергияны қолдану саласындағы озық құрал-жабдықтардың да жәрмеңкесі өтті деуге әбден болады. Бұл салада көш бастап келе жатқан Жапония, АҚШ, Германия, Қытай қатарлы алпауыттармен иық тіресе алмасақ та, «жаңа энергия саласын игеру мен дамыту жағында ТМД елдерінің халы қандай?» деген салыстырудың өз-өзінен туындайтыны тағы бар. «Кеңес одағының шекпенінен шыққан бауырлас елдердің» арасындағы «үлкен аға» Ресей, бұл көрмеге өзіндік дайындықпен келіпті. Павильонда Ресейдің энергетикалық әлеуеті, атом саласында жеткен жетістіктері, гидроэнергетикадағы тың серпілісі көрсетілді. Ресейлік секцияның бас комиссары Георгий Каламанов мырза журналистерге берген сұхбатында: «Біз «ЭКСПО — 2017» көрмесінің «Болашақ энергиясы» тақырыбын Ресей Арктикасы бірегей аймағы арқылы көрсетеміз. Дәл осы аймақта Ресейдің баламалы энергетикасын дамытудың болашағы зор. Бұдан бөлек, Арктикада пайдалы қазбалар да көп», — деген болатын. Ал күннен, желден, судан, балдырдан энергия өндіріп жатқан өзге елдермен салыстырған Ресейдің бұл тақырыбы да «бөгенайы бөлек» болды деуге тұратын сияқты…
ТМД елдері арасында Ресейден өзге елдер, өздерінде жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші дәстүрлі кешендері мен ауыл шаруашылығы мен ғылым-білім саласындағы жетістіктерін таныстыратын экспонаттар мен елдің туристік әлеуетін айғақтайтын дүниелерін ала келіпті. Бұлардың ішінде ұлттық бояуы қанық мұражай мен тағам өнімдерін таныстыратын бөліктер де келушілер назарына ұсынылды. Мысалы, Беларуссия елі өздерінің ауыл шаруашылығы саласына арналған комбайн тәріздес техникалары мен электроавтобустарын көрмеге қойса, павильонының көп бөлігін ұлттық мұражайға айналдырған Түркіменстан елі бірді-екілі электрстанциялар құрылысын таныстырыпты. Осылардың қатарында саяхатшыларды өзіне баураған Өзбекстан павильоны да тұр. Мұнда Өзбекстанда жиналатын оңтүстіккореялық «DAEWO» компаниясына тиеселі «Matiz» көлігінің, энергияны барынша үнемдеп пайдаланатын биокөлігі, Ташкенттегі Турин политехникалық университетінің базасында жасалған күннен қуат алатын автомобилі қойылған. Бұл көлік төрт сағат ішінде жинаған қуатымен 700 шақырымдық жолды бағындыратын көрінеді. Қазіргі таңда әлі де жетілдірілу үстіндегі көлік құрылғысына қарап, Өзбекстанның жаңа энергия саласындағы талпынысын аңғаруға болатындай.
Келесі бір қызықты дүние — «Артель» компаниясының механикалы смартфоны. «Бұл AR 2025 модельді смартфонның прототипі, механикалық сағат принципі бойынша жұмыс істейді. Өзінен-өзі қуатталатын болашақтың телефоны су өткізбейтін корпусты, қуат көзі жоқ, қуатты механикалық сағат принципімен өзін қолданатын иесінің қозғалыс кезіндегі энергиясынан алады. Бұл смартфон да 2030 жылы нарыққа шығарылмақшы екен. Павильон ішіндегі сутегілік дәнекерлеуші аппарат пен «ақылды үй», күн нұры мен желден жинаған энергияны пайдаланатын бау-бақша кешені жобасы секілді экспонаттар өзбек ағайындардың болашаққа талпынысынан хабар беретіндей.

ҚАЗАҚСТАН көрмеге
НЕ ҰСЫНДЫ?

Осы қатарда «отағасы ретінде үй тіккен» Қазақстан «болашақтың энергиясы» саласында не тындырып жатыр деген заңды сауал туындары сөзсіз. «Нұр әлем-дегі» «Қазақстан» павильоны екі бөліктен тұрады: бірі елмен танысуға арналса, екіншісі — ғылыми жобалар. Отандық ғалымдар ұсынатын 28 жоба осы екінші бөлікте орналасқан. Осылардың ішіндегі көрнекті әрі маңыздылары мыналар: Қазақстан ғалымдарының ұсынатын басты энергетикалық жобасы — «Токамак» деп аталатын тероидальды камера. Курчатов ғалымдары оның құрылысын сонау 2003 жылы бастаған екен. «Токамак» ешқандай көмір немесе мұнай өнімдерін қажет етпейді. Оның жұмысы термоядролық синтезге негізделген. Қысқасы, бұл алып аппарат Жердегі Күн іспеттес, яғни еш тоқтаусыз электр энергиясын беріп отырады және ешқашан сөніп қалмайды. Қазақстандық ғалымдардың ұсынатын тағы бір ірі жобасы «Ұлы дала энергиясы: «ҚазЖелҚуат-ВРТБ» жел мен күн» деп аталады. Бұл да аты айтып тұрғандай, негізінен желден энергия алатын роторлы турбина. Оның желді кез келген бағытта және жылдамдықта қабылдай беретін, жел жылдамдығы төмен болған жағдайда роторлары кері бағытта айналып, жел жылдамдығын екі есеге дейін арттыра алатын ерекшелігі бар. Сонымен қоса турбинаға кіретін ауа ағымын сығымдайды және пайдаланылған ауаны жылдам сыртқа шығарып тастайтын, дауылды жел болған сәтте турбиналар тұрақты түрде тоқтап қалмай, артық дірілсіз жұмыс істей беретін көптеген артықшылықтары бар. Қазақстанның жетістігі ретінде көрмеге қойылған тағы бір тарту — елімізде шығарылып жатқан жарықдиодты электр үнемдейтін шамдар. Қазақ ғалымы Жұмабай Бәкеновтің ойлап тапқан аккумуляторлары да «Астана ЭКСПО — 2017» көрмесіндегі Қазақстанның басты экспонаттарының біріне айналды.
Литий-ионды энергия сақтағыштар Қазақстанда шығарылатын электромобильдерге және ұялы телефондарға орнатылмақ. Аккумулятордың басты ерекшелігі — энергияны үнемдеп жұмсайды және энергия сыйымдылығы бәсекелестерінен әлдеқайда көлемді. Ал Назарбаев Университетінің жанынан ашылған KunTech стартап компаниясының жас ғалымдары ойлап тапқан жалпақ күн коллекторлары «энергосыйымдылығының жоғарылығы мен бағасының арзандығы жағынан шетелдің озық өнімдерімен бәсекелес бола алатын» көрінеді. Оның ерекшелігі ыстық суға және жылуға кететін жылдық шығынды 60 пайызға дейін қысқартады. Ал әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымы Елдос Сыбанбаев жасап шығарған планарлы концентратты кремний күн батареялары қарапайым күн батареяларынан екі есе арзан, экологиялық қауіпсіз, сапасы жоғары екен. Кезектегі көрмеде жұрт назарына ұсынылып отырған отандық жобалардың көбі энергия көздерін шығынсыз, қолжетімді бағада, экологиялық таза жолмен өндіруге негізделген. Сонымен қатар, Назарбаев Университетінің жас ғалымдары ойлап тапқан стартап жобалар да әлемдегі ең үздік 100 стартап-идеяның қатарына енгендігін де айта кету керек. Олар тек «болашақ энергияға» ғана негізделіп қоймаған. Қазақстандық жас ғалымдар адам бойындағы энергияны сақтаудың да тың жолдарын ойлап тауыпты. Жалпы бағасын болашақ көрсетеді десек те, еліміздің ұсынып отырған айтулы жобалары мен өнер табыстарына қарап отырып, жас мемлекетіміздің «болашақтың энергиясы» саласындағы талпыныстарын кез келген елден кем бағалауға болмас.

ҚАУІПСІЗДІк
БАСТЫ НАЗАРДА БОЛДЫ

Адамзат қоғамы қазіргі таңда аса күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп жатыр. Түрлі табиғат апаттарынан бөлек, жаһанды алаңдатып отырған терроризм қаупі бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналып кетті. Мысалы, 1873 жылы Австрияның Вена қаласындағы ЭКСПО кезінде су тасқыны орын алып, үлкен апат болған екен. Алыс-жақын шетелдердегі сияқты жұрт аяқ астынан үркетін, адамдар көп жиналатын орындарға барудан жүрексінетін жағдай, біздің елде бола қоймаса да, сауысқандай сақтық басты назарда болғаны рас. Ә дегеннен-ақ Елбасының көңіл бөлген мәселелерінің бірі ЭКСПО-ны қауіпсіз өткізу болатын. Бұл төңіректе де қазақ елі қыруар жұмыстар атқарды. Алла абырой беріп, халықаралық көрме тыныш та бейбіт түрде мәресіне жетті. Бұл да болса «Астанаa ЭКСПО — 2017 көрмесінің» жетістігі дерсің. Мұндай ауқымды шара кезіндегі туристерге сапалы сервис, қауіпсіздік, медициналық көмек көрсету де сынға түсері белгілі. Осы мақсатта көрменің барлық периметрінде құқық тәртібін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ құқыққа қарсы басқа да әрекеттердің алдын алуға және болдырмауға 56 полиция және күзет бөлімшелерімен біріккен әскери қызметкері қатысқан екен. Осылайша бас-аяғы 90 күнге созылған халықаралық көрмеге шет мемлекеттер мен отандық туристерден 3 миллион 800 мыңнан астам адам қатысыпты. Алаш баласының абыройына орай дүбірлі жиын, түрлі табиғат апаттарынан аман, айқай-шу мен басбұзарлықтан ада өтті. Түсіне білген адамға бұл да болса мәртебе!

ЭКСПО-НЫҢ ЕРСІЛЕУ ТҰСТАРЫНА ШОЛУ

2011 жылдың маусым айында Париждегі Халықаралық көрме бюросының (ХКБ) штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасы СІМ-нің жауапты хатшысы, ҚР-дағы ЭКСПО жобасының ұлттық үйлестірушісі Рәпіл Жошыбаев қазақстандық үкіметтің атынан ХКБ-ның бас хатшысы Висенте Лоссерталеске 2017 жылы Астанада ЭКСПО Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге арналған өтінімді ұсынды. 2011 жылдың қараша айында, ХКБ Бас Ассамблеясының 150-ші сессиясында Қазақстан делегациясы көрмені өткізуге Астананы таныстырды. Парижде өтіп жатқан ЭКСПО халықаралық бюросы Бас ассамблеясының 152-ші сессиясы барысында Астананың жеңіске жеткендігі белгілі болды. Міне, сол күннен бастап осы ауқымды шараны ойдағыдай атқарып шығудың дайындық жұмыстары басталып кетті. Арада өткен алты жыл қазақ елі үшін қарбаластығы мен қиындығы қатар жүрген кезеңдер еді. Көрме алаңына арналған аумақ белгіленіп, қатысты құжаттар дайындалып болғанша екі жылдай уақыт өте шықты. Ал нақты жұмыстар басталып, құрылыс алаңында қызу еңбек жандана түскен шақтарда, «Астана ЭКСПО — 2017» Ұлттық компаниясының басшысы, Елбасы сенім артып, аса жауапты жұмысты жүктеген Талғат Ермегияев істі болып шыға келді. Біраз уақытқа созылған сот процестерінен кейін, бұл іске Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған соты нүктесін қойды. Соттың таратқан ақпараты бойынша, жымқырылған қаражат көлемі 10,2 миллиард теңге болып, Ермегияевпен бірге 22 адам сот алдында жауап берді. Осылайша Талғат Амангелдіұлы 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда бұл жайсыз хабар әлемге таралып үлгерген еді. Бұл да болса Қазақстанның абыройлы ісіне өз салқынын тигізіп үлгерді. Әлем жұртшылығы біздегі жемқорлық туралы сан-алуан пікірлер айтып жатты.
Құрылыс қарқын алып жатқан тұстарда, ел аузында «арзан әрі сапасы сын көтермейтін материалдардың» ЭКСПО құрылысына жұмсалып жатқандығы туралы алып-қашпа әңгімелер көп айтылып жүрді. Алайда құзырлы органдардан, осы туралы түсінік берген ешкімді естіген жоқпыз. Адамдардың көбі «ЭКСПО құрылысы уақытында бітпейді» десіп, алаңдаушылық танытып жүргенде 2016 жылдың 16 қарашасында «ЭКСПО» құрылыс аумағында «декоратив көпірдің бір бөлігі опырылды». Жұртқа ватцап арқылы таралып үлгерген видео Астананы әбігерге салғандай болды. Ғаламтор бетінде «көрме кезінде оқыс оқиға болмаса екен» деген күдікті сыбыстар желдей есті. Бұл хабар да әлемге тарап кетті. Ал ел ішінде «құрылыс сапасыз салынып жатыр» деген пікір орнығып қалды. Бұл келеңсіздік тез арада ретке келтірілді, мердігер компания барлық шығынды мойнына алып, жұмысты аяқтап шықты. Алайда кейбір әрлеу мен өңдеу жұмыстары, «ЭКСПО» басталып кеткеннен кейін де тоқтаған жоқ. Яғни, күндіз көрменің, түнде құрылыстың көрігі қызып жатты. Жоғарыда тілге жиі тиек етіп отырған «көрменің аман-есен өткеніне де шүкірлік» дегеніміздің астарында осындай астар жатқанын жасырғымыз келмейді. Мемлекет қазынасынан қомақты қаржы бөлініп, атқарылып шыққан осы «әйгілі жұмыстың» артынан тағы қандай «іс қозғалатыны» туралы ешқандай сыбыс жоқ. Алайда «шабандап барып, шырайы кірген» ЭКСПО нысандарындағы жауапсыздықтар заң құрығына ілінбей кетеді дегенге әлі де ерте секілді…
Р.S. «Біткен іске сыншы көп» демекші, ел абыройын асқақтатып, Астананы әлемге әйгілеген айтулы шара осылайша өз мәресіне жетті. Ең бастысы — көрме табыспен аяқталды. Ендігі жерде қазақтың аузынан шыққан «Болашақтың энергиясы» ұраны ұлы бастамаларға ұласып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ерқазы Сейтқали

(46)