Ұлтының ұлы еді ер Ұзақбай

Қазақ халқында ХХ ғасырдың бірінші жартысы «ақтаңдақ жылдар» деген теңеумен айтылып жүр. Оның себебі, 1930-1933 жылдардағы аштық халық санын еселеп қысқартса, 1937-1939 жылдар қазақ халқының бас көтерген зиялы қауымын қуғын-сүргінге ұшыратты. 1925-1933 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясының ОК бірінші хатшысы болған Филипп Голощекиннің ұранымен қазақ халқының негізгі күнкөріс көзі — малдарын тәркілеу саясаты елге нәубет әкелді. Біз сол саясаттың қалай жүзеге асырылғанын, қазіргі тарихшы ғалымдардың «ұлы террор» деп атап кеткен оқиғаға кімдердің кінәлі екенін білсек те, ең бастысы, осы зымиян саясатқа бірінші болып қарсы шыққандардың аты-жөндерін біле бермейміз. Әйтсе де, бүгін қоғамдық және саяси қызметі Қазақстан тарихының күрделі де қайшылықты кезеңіне тұспа-тұс келген Ұзақбай Құлымбетов жайлы қысқаша сөз қозғамақпыз.
Жуырда Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің төрағасы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер акедемиясының ашылуына ұйтқы болған, саяси қуғын-сүргін құрбаны Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетовтың құрметіне орнатылған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімі және қайраткердің өмірі мен қызметін баяндайтын кітаптың тусаукесері өтті. Кітаптың тұсаукесерін профессор Хангелді Махмұтұлы мен белгілі журналист Нұрымжан Керейұлы сөз сөйлеп ашты.
Шараға Ақтөбеден келген арнайы қонақтармен қатар, алматылық зиялы қауым өкілдері және Ұзақбай Құлымбетовтың туған-туыстары қатысты. Жиында Алматы қаласы әкімнің орынбасары Арман Оразбайұлы, Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің бірінші басшысы, Еңбек ардагері Сағындық Жүнісұлы, Ақтөбе облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әбдіхан Қапанұлы, тарих ғалымдарының докторы, алаштанушы Мәмбет Құлжабайұлы сөз сөйлесе, отбасыларының атынан Ұзақбай Желдірбайұлының қызы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайреткері Орынша Қарабалина Қазыбаева өз естеліктерімен бөлісті.
Шара соңында ескерткіш тақтаның алдына гүл шоқтары қойылып, Ұзақбай Құлымбетовқа құран бағыштап, ас берумен жалғасты. Елі үшін адал еңбек еткендерді халқы ешқашан ұмытқан емес.
Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов 1891 жылдың 18 наурызында Ырғыз уезі, Аманкөл болысында дүниеге келген. 1910 жылы Ырғыздың екі сыныптық орыс-қазақ училищесін, 1912 жылы Ақтөбе мұғалімдер семинариясын бітірген соң, Ырғыз, Торғай ауылдарында мұғалімдік қызметте болады. 1919-22 жылдары Ырғыз революциялық комитетінің төрағасы, сол жылы құрылған Ақтөбе губерниясының әлеуметтік қамсыздандыру бөлімін, артынан губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерінде болды, губкомның бюро құрамына енгізілді. 1923 жылы Ақмола губерниялық атқару комитетінің төрағасы болған. 1925-37 жылдары Қазақ АКСР Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы, Қазақ Өлкелік ішкі және сыртқы сауда халық комиссары, мемлекеттік Жоспарлау комиссиясының төрағасы болып жүріп, Қазақ КСР халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары, 1930 жылы бірінші орынбасары, кейін Қазақ Өлкелік Орталық Атқару Комитетінің (КазЦИК) төрағасы қызметтерінде болған. Республикадағы өнеркәсіптің және ауыл шаруашылығының қалыптасуына, Түрксіб теміржол құрылысының салынуына, Қазақ жеріндегі алтын кеніштерін қазақ еліне қайтару туралы мәселе көтерген. Қызылорда, Алматы қалаларының астана болып қалыптасуына тікелей басшылық жасап, астананың Қызылордадан Алматыға ауысуына байланысты комиссияның төрағасы болды, Ұ.Құлымбетовтың кезінде Қазақ автономиялық республикасы Одақтың республика мәртебесін алды. Қазақ КСР конституциясы бекітілді.
Айман Рамзия

(32)