ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

Ана деген сөзге лүпіл қақпайтын жүрек, мөлдіремейтін жанар жоқ. Себебі ол — өмір өзегі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Дүниеде анасыз адам жоқ. Қаламы жүйрік жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де анадан нәр алып өскен. Адам бойындағы барлық асыл қасиеттер күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды. Тоғыз ай, он күн көтеріп, алпыс екі тамырын иіп, өмір сыйлаған ана алдында әрбір жұмыр басты пенде қарыздар. Дана халқымыз: «Құдайдан кейінгі құдірет иесі — ана», — деп бекер айтпаған. Сондықтан мына жарық дүниеге әкелген ана алдында үлкен де, кіші де, бәріміз басымызды иеміз.
Мұхамбет (с.ғ.с) пайғамбардың хадистерінде ең алдымен ананы құрметтеу парыз екені айтылады: «Әуелі анаңа, тағы да анаңа, содан соң әкеңе жақсылық жаса» делінген. Шынымен де, түн ұйқысын төрт бөліп, тәтті ұйқыда жатқан сәбиін көзінің қарашығындай қорғап, әлдиімен мәпелейтін ғазиз ана қандай да құрметке, қошетметке лайықты. Өйткені ол — ана.
Мен өз анамды қатты жақсы көрдім. Үйдің кенжесі де, еркесі де мен болған соң, анам бетімді қақпай өсірді. Жаратқанның жазуымен сегіз құрсақ көтерген анам ұл-қыздарын қазақы қалыпқа салып тәрбиелеген жан. Үй жұмысы мен бала тәрбиесі сияқты қос тізгінді қатар ұстаған анашым әр баласының жүрегіне ақылмен жол тауып, «айналайын» сөзімен еркелетуден жалықпайтын. Ол өте сабырлы, иманды жан еді. Әлі есімде, ол кезде мен екінші сыныпта оқимын. Таңертең анам мені оятып, киіндіріп, сабаққа жібереді. Ол кезде біз Аққайың ауданындағы Григорьевка деген ауылда тұратынбыз. Күн суық, күз кезі. Жол үстіндегі жауын суына әдейі түсіп, аяғымды суға толтырып алдым да, мектептің қасында тұратын анамның жақын құрбысы Айман тәтемнің үйіне бардым. Малмандай су болған мені ол мектепке қайдан жіберсін, қайта аяғымды жылы орап, ауырып қаласың деп, пештің қасындағы диванға жатқызып қойды. Ұйықтап бара жатқам, бір кезде есік ашылып, арғы жағынан. «Амансың ба, құрбы?» — деген анашымның дауысын естігенде, көрпенің астына тығылып, қыбыр етпей, қаттым да қалдым. Олар екеуі әңгімелесіп, шәй ішкенше жылы көрпенің астында жатып, ұйықтап қалыппын. Түс кезінде үйге барып, тамағымды іштім де, ойын қуып, далаға кеттім. Кешке үйге оралғанда анашым қасына шақырып алып: «Балапаным, бүгін сабаққа бармапсың, оны Айман тәтең де, мұғалімің де айтты. Сен неге үндемедің? Бұлай істеуге болмайды. Енді мені алдама. Өскенде жақсы адам болғың келсе, оқу оқы, білім ал», — деді басымнан сипап. Міне, ананың даналығы қайда жатыр?.. Ол маған бір ауыз ауыр сөз айтқан жоқ. Бірақ оның салмақты сөздері мен үшін өмір бойы сабақ болып қалды.
«Бала, бала» деп, еңбектен қол үзбеген анашым елу жастан асқан кезде жиі сырқаттанып, басының сақинасы ұстап қалатын болды. Әдетте бас ауырса мән бермей жүре береміз ғой, біздің қателігіміз де осы болған сияқты. Бір күні кешке демалып жатқан анашымның ышқынып шыққан жан дауысын естіп, өз бөлмемнен жүгіріп келдім. Тұруға шамасы келмей, қиналып жатыр екен. Жүргім тас төбеме шықты. Жедел жәрдем жеткенше, қол-аяғын сипап, қасында отырдым. Дәрігерлер алғашқы көмек көрсеткендерімен «сырқатты орнынан қозғауға болмайды» деп, маған барлық жағдайды түсіндіріп кетті. Осылайша, ойламаған жерден анашым инсульт алып, төсек тартып қалды. Қанша емдегенмен, оның жағдайы нашарлай берді. Айналасы 3-4 жылдың ішінде ол өздігінен жүріп-тұрудан, сөйлеуден, тіпті ойлаудан қалды. Қол арбаға таңылған анашымды құдды бір бала сияқты күтуге тура келді. Менен екі жас үлкен Айдарбек есімді ағам он жасында қатты науқастанып, екі аяғын баса алмай қалған. Оны бұрын анашым бағып-қаққан, енді осы жауапкершіліктің барлығын өз мойныма алдым. Сөйтіп, еркеліктің барлығы бір күнде ғайып болып, қол арбаға таңылған екі асылды ешкімге масыл қылмау үшін өзім қарап, дәрі-дәрмектерін ішкізіп, басқа да жұмыстарын атқардым.
Біз жер үйде тұрамыз. Құстың ұясындай кішкентай ғана екі бөлмеде олардың жағдайын жасау оңайға соқпады. Бауырларым барлығы бірігіп, қолдан келгенше анам мен ағамның өмірін барынша жеңілдетуге атсалыстық. Бірақ кейбір мәселелерді шешу өте қиынға соқты. Әсіресе анашымды жуындырған кезде әпкелерім қатты қиналатын. Себебі оны қоғамдық моншаға апара алмайсың. Ал үйде жуындыру ыңғайсыз. Осындай қиындықтармен бетпе-бет кездескен кезде, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін басқа қырынан таниды екенсің. Мен соны түсіндім. Арбаға таңылған анама қарап, оның өмірін жеңілдету үшін, ойым сан тарапқа кетті. Қиналған сәттерде: «Шіркін, осындай адамдарға арналған монша істесем ғой», — деп армандайтынмын. Ой жүйрік қой, оған жету мүмкін бе?! Менің мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған моншам ойымда істеліп жатқанымен, оны іс жүзінде қолға алуға қаражат болмады. Сонымен қиялдан асып ешқайда бара алмадым. Анашымның жағдайы күрт нашарлап, үшінші инсульттан кейін ол көп ұзамай көз жұмды. «Еркем менің» деп басымнан сипайтын, ауырсам қасымнан шықпайтын жан анашым осыдан алты жыл бұрын 61 жасында өмірден өтті. Бұл бәріміз үшін ауыр соққы болды. Әкеміз бізге күш-қайрат беріп, өмір сүруге жетеледі. Ана орнын толтыра алмаса да, әкелік ықыласын аяған жоқ. Арада жыл өткенде ағам Айдарбек те бақилық болды. Орда бұзар жасқа келгенде келмеске кеткен бауырымның қазасы жүрекке түскен жараны одан сайын тілімдей түсті.
Өмір болған соң, жүресің, көресің, көнесің. Басқа амал жоқ. Қоларбаға таңылған анашым мен ағам көзден ғайып болса да, жүректен кеткен емес. Өмірінің соңғы сәтіне дейін аяғын басып жүруді армандаған анамның қоларбаға таңылған бейнесі көз алдымнан ұзаққа дейін кетпей қойды. Оған барынша қолғабыс көрсеттім, бірақ арманымның орындалмағаны мені жегідей жеді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін бір адамдай жақсы түсінгендіктен, осы жұмысты қолға алуға бел будым. Бір жылға жуық уақыт ішінде сатып алған қоғамдық көліктен жылжымалы монша жасап, іске қостым.
Әлеуметтік жылжымалы моншаның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалған. Көлік арнайы пандуспен жабдықталған. Қоларбадағы адамды мінгізіп, оған барынша көмек көрсететін әлеуметтік екі қызметкер жұмыс істейді. Ең маңыздысы — әлеуметтік жылжымалы моншаға келіп, жол азабын тартудың қажеті жоқ. Себебі бұл жылжымалы монша, яғни телефон соқса болды, монша үйдің алдына келеді. Өздігінен жүріп-тұруы қиын адамдар үшін бұл өте ыңғайлы және қолайлы.
2016 жылдан бері Петропавл қаласы бойынша бес мыңнан астам адамға қызмет көрсетілді. Олардың ішінде аз қамтылған отбасылар, көпбалалы аналар, жалғызілікті адамдар да бар.
Елімізде 2013 жылдан бері «Үздік әлеуметтік жобалар» байқауы өткізіліп келеді. Бұл сайыста мүмкіндігі шектеулі жандармен етене жұмыс істейтін қоғамдық бірлестіктердің жақсы жобалары таңдалып, оларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Мұндай мүмкіндікті мүлт жібермеу үшін, өңірімізден сайысқа қатысқан он тоғыз үміткердің ішінде мен де болдым. «Жылжымалы әлеуметтік қызмет» деп аталған жобам комиссия мүшелерінің тарапынан оң бағаланды. Сәтін салса, жоба үстіміздегі жылы қыркүйек айында елордамыз Астана қаласында «Қазақстанда іске асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар» республикалық көрмесіне ұсынылатын болады. Байқау «ЭКСПО — 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі базасында өтеді деп жоспарланған. Ендігі мақсат — республикалық байқауда бағымды сынап, облыстың намысын қолдан бермеу.
«Біреуге жапқан шапаныңмен өзіңнің жүрегің жылиды» демекші, алдағы уақытта бірнеше әлеуметтік монша істеп, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп жатсам, арманымның орындалғаны осы емес пе?!
Уәлихан Ыбыраев,
Петропавл қаласы.

Оймақтай ой

Сергей Сапко, «Біз де басқалар сияқтымыз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:
— Жылжымалы әлеуметтік монша Петропавл қаласында ғана қолға алынып отыр. Қазақстан бойынша мұндай қызмет түрі әлі жоқ. Оның қоғамға тигізер пайдасы өте зор. Біріншіден, ол өте қолайлы және тиімді. Мен өзім бірінші топтағы мүгедекпін. Қоғамдық моншаға бір рет қана бардым. Шыны керек, ол жерде кемтар жандарға жағдай жасалмағандықтан, қатты қиналдым. Сондықтан бетім қайтып, енді бармайтын болдым. Әлеуметтік моншаның жұмыс істей бастағанына қуаныштымын. Маған ыңғайлы уақытта телефон соқсам болды, бар-жоғы 40 минуттың ішінде үйімнің алдына келеді. Бағасы да көңілден шығады. Көлік арнайы пандуспен жабдықталған, моншаға көтерілуге, одан түсуге және басқа да жағдайыңды жасауға көмектесетін әлеуметтік қызметкерлер бар.

Жұлдыз Қазиева, көпбалалы ана:
— Қоғамдық моншаға балалармен бару оңай емес. Әсіресе қыстың күндері қиын. Ал әлеуметтік моншаны үйге шақыртуға болады. Асықпай, бала-шағаңды жуындырып аласың. Жолдың ақшасы үнемделеді, оның үстіне кезек күтіп уақытыңды босқа кетірмейсің. Алдын ала телефон соғып, жазылып қойсаң болды, монша өзі-ақ үйдің алдына келеді. Менің ойымша, бұл өте жақсы және көпке қажет бастама.

(19)