«Пирамида» оқушыларға құшағын кең ашты

Ағымдағы жылдың 11 қыркүйегі күні Алматы қаласы Алатау ауданы атлетикалық қалашықта үлкен мәдени, тарихи шаралар дүркіреп өтті. Сол қызу істердің бір тармағы мектеп оқушыларының «Пирамида» мұражайына сапары болды. Бұл қызықты сапардың мақсаты да айқын еді: оқушыларға туған өлкесінің тарихын, музыка мектептерінің пайда болу төркінін, ұлт дәстүрін таныстыру көзделді. 180 оқушысын тәрбие ісінің меңгерушілері С. Ашимбаева, А. Сармакова мен Г. Мұстафинова бастап келген №156 жалпы білім беретін мектептің директоры Ахметова Гүлнәр Мәметқызы бұл тарихқа саяхат жасаудың алдағы уақытта да жүйесін табатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, №154 мектеп ұжымы да өздерінің 200-ге тарта 5-7-сынып оқушыларын мұражайға ертіп әкелді. Келушілер мұражайды бек қызықтап, өткен ғасырлардың қойнауына тамсана сүңгіді. Жеткіншектер мұражайға аяқ басқаннан-ақ мол әрі құнды мәліметтерге қанықты. «Пирамида» тарихи-өлкетану мұражайы-ұлтымыздың өткені мен бүгінін берекелі сабақтастырып отырған қаламыздың ғылыми-мәдени орындарының бірегейі десе болады. Мұнда қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптары сақталған. Қазақ күйшілерінің қасиетті домбыралары, әсіресе, көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Сонымен қатар, домбыра жасау өнері туралы да сыр шертер мәліметтер көптеп ұсынылды. №152 мектеп-нимназия оқушылары ортағасырлық кезеңдегі мемлекеттердің құрылуы мен мәдениеті, қолөнері жайлы деректерді қызыға тыңдады. Осылайша ұлттық патриоттық тұлғаны қалыптастыру, әрі оған жеткізер жолды тарихтан іздеу сапары сәтті болды. Үштілділік мұражайда да ерекше көрініс берді. Мультимедиялық кабинеттерде барлық ақпараттар үш тілде жүргізілді. Қазақ тарихын халықаралық тілде уағыздау бұл кешеннің болашағы зор, сонымен қатар қазақ елі үшін өлшеусіз құнды екенін білдіреді.
Айзат Рақыш

(14)